Алматыда әуеден ерекше көрінетін бақ пайда болды

Алматыда әуеден ерекше көрінетін бақ пайда болды
Сурет: Instagram

Бақ қаланың халықаралық авиациялық коды - ALA әріптері пішінінде жасалған.

3 гектардан аса алқапқа биіктігі екі метрлік 2,5 мың түп арша отырғызылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Алматыда қаланың халықаралық коды – ALA жазуын көрсететін бақ пайда болды. Бұл бақ Алатау ауданында, Момышұлы көшесінің шығысына, Мөңке би, көшесінің солтүстігіне қарай ЖЭО-2 аумағының санитарлық-қорғау аймағында орналасқан. 3,36 га аумаққа биіктігі 2 метр болатын 2500 түп қылқан жапырақты арша көшеті отырғызылды.

Ұйымдастырушылар бірегей бақ Гиннестің рекордтар кітабына ағаштан жазылған ең үлкен сөз ретінде кіруі мүмкін деп отыр.

Идея авторы – қоғам қайраткері, продюсер, бұған дейін ғаламшардың 193 елін «Әлем суреті» халықаралық әлеуметтік арт жобасына біріктірген Дәуіт Шайхисламов.

18 қарашада Алматы қаласының әкімдігі мен қоғам қайраткерлері ағаш отырғызу жұмысын аяқтайды.

Әріптер формасындағы бақ әуе кемесі қонуға дайындалғанда жолаушыларға көрінетіндей етіп отырғызылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бақ ғарыштан да көрінеді екен.

«Біз дүниежүзілік тарихта қалуға тырысамыз. Бұл бірегей орын Гиннестің рекордтар кітабына ең үлкен сөз ретінде кіре алады», - дейді жоба авторы Дәуіт Шайхисламов.