Алматыға 9 айда салынған инвестиция 22,1%-ға көбейді

Алматыға 9 айда салынған инвестиция 22,1%-ға көбейді
Сурет: Kn.kz

Негізінен тұрғын үй құрылысына және көлік пен қоймалау саласына қаражат құйылған.

Экономикалық зерттеулер институтының мәліметі бойынша, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Алматы қаласының негізгі капиталына салынған инвестиция 974 млрд теңге болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Жыл ішінде қалаға салынған инвестиция 22,1%, ел бойынша 7%-ке көбейген. Қалада негізінен тұрғын үй құрылысына және көлік пен қоймалау саласына қаражат құйылған, бүкіл инвестицияның 61%-ы осы мақсатта жұмсалыпты.

Жылжымайтын мүлік операцияларына салынған инвестиция 352 млрд теңгеден 456 млрд теңгеге дейін, ал транспорт пен қоймалауға салынған инвестиция 91 млрд теңгеден 143 млрд теңгеге дейін артқан.

Қалаға салынатын қаражаттың 70%-ы инвесторлар мен кәсіпкерлердің жеке қаражаты есебінен, ол биылғы 9 айдың ішінде 35%-ға, 500 млрд теңгеден, 677 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін инвестиция 28%-ға, 157 млрд теңгеге дейін артса, қарыз құралдарының көлемі 140 млрд теңгеге дейін, 8%-ға өскен.

Қала экономикасына белсенді түрде инвестиция жасайтын шағын кәсіпорындар, бүкіл инвестицияның 71%-ы тиесілі, негізгі капиталға қаражат салу 57%-ға, 688 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Ірі кәсіпорындар аталған мерзім ішінде 220 млрд теңге, ал орта кәсіпорында 66 млрд теңге инвестиция салған.