Алматыда 60 жастан асқан кейуанаға алғаш рет Қазақстан азаматы куәлігі берілді

Алматыда 60 жастан асқан кейуанаға алғаш рет Қазақстан азаматы куәлігі берілді
Cурет: Ашық дереккөз

Төлқұжат алған әйел полицияға алғыс айтты

Алматыда 67 жастағы Любовь Кирхаджи есімді қария бүгінге дейін 1974 жылғы ескі төлқұжатпен өмір сүріп келді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, өзі жалғызбасты, бірнеше жыл бұрын баспанасынан айырылған. Қазір әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Жақында полиция қызметкерлерінің көмегімен жаңа куәлік алды.

«Өмірдің қиындықтарына байланысты, ұзақ уақыт бойы жеке куәлік ала алмай жүрдім. Полиция қызметкерлерінің арқасында төлқұжатымды алдым. Оларға көп рақмет», – деді қария.

Алматы қалалық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асхат Бутунчиновтың айтуынша, апаға қысқа мерзімде көмек көрсетілді.

«Оның жеке басын растап, құжат бердік. Бұған дейін де осындай жағдайлар болғанын бірнеше рет хабарлаған болатынбыз. Соның салдарынан олар мемлекеттік қызмет пен қажетті әлеуметтік төлемдерді ала алмады. Осындай мәселелерді шешуге мұқтаж жандарға көмектескенімізге қуаныштымыз», - деді полиция полковнигі.

Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстанда полиция қызметкері екі баланы құтқарып қалған еді.