Алматыда 420 млн теңгенің есірткісін дайындаған зертхана анықталды

Алматыда 420 млн теңгенің есірткісін дайындаған зертхана анықталды
Сурет: Alataunews.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласы бойынша департаменті синтетикалық есірткінің екі ірі жасырын өндірісін жою бойынша операция  өткізді. 

ҰҚК баспасөз қызметіінің ақпаратына сәйкес, психотропты заттарды дайындады және сатты деген күдікпен үш азамат ұсталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Тінту кезінде 21 кг «мефедрон» және «альфа-РVР», прекурсорлардың ірі партиясы мен зертханалық жабдықтар анықталды. Тәркіленген есірткі заттардың құны «қара» нарықта 420 млн теңгеге бағаланады, ал көлемі 85 000 рет қабылданатын мөлшерлемеге тең.  Соттың санкциясымен ұсталғандарға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Материалдар Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді»,- делінген дереккөз таратқан мәліметте. 

Өзге ақпараттар Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жария етуге жатпайды.

Ағымдағы жылғы 9 айда ҰҚК 30 халықаралық және аумақтық есірткі арналарының, сондай-ақ 29 есірткі өндіретін зертханалар іс-әрекетінің жолын кесті.

Жалпы алғанда заңсыз айналымнан шамамен 1 тоннаға жуық синтетикалық есірткі және 76 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді.