Алматыда 384 қабылдау орны жұмыс істеп тұр

Алматыда 384 қабылдау орны жұмыс істеп тұр
Суреттерді түсірген - С.Құсайынов

4 наурыз күні сағат 11:22-де болған 5 балдық жер сілкінісінен кейін Алматыда 384 қабылдау пункті ашылды. Оның ішінде 229 мектеп және 115 балабақша, 15 ЖОО, 20 колледж және 5 стадион бар.

Жер дүмпуінен кейін қабылдау пунктеріне мыңға жуық қала тұрғындары мен қонақтары жүгінген. Мысалы, №59 қабылдау пункті немесе Бөлтірік Атыханұлы атындағы №36 гимназияға 80-ге жуық адам келген. Мектеп қызметкерлері келген барлық адамдарды тіркеп, бірден қауіпсіз орындарға апарған. Пана іздеген қала тұрғындары мектептің бірінші қабатындағы кабинеттер мен спортзалға орналастырылған. Спорт кешенінде адамдарға арнап матрас та жайылған. Сондай-ақ, білім ордасында адамдар үшін асхана да жұмыс істеп тұр. Бұл қабылдау пунктіне келген адамдардың дені студенттер. Жақын маңда жатақханада не хостельдер тұратын студенттер осы жерден қауіпсіз пана тапқандарын айтады. Дегенмен, барлық қабылдау пунктеріне адам көп деуге болмайды. Мысалы, №16 Ясли-сад балабақшасы немесе №84 қабылдау пунктіне небәрі 2 адам келген.

Тағы бір қабылдау пункті «Динамо» стадионында орналасқан. Мұнда мекеме қызметкерлерінің мәліметінше, 70-тен астам тұрғын жүгінген. Оның ішінде 20-ға жуық бала бар.

- «Динамо» стадионында №82 қабылдау пункті орналасқан. Жер сілкінісінен кейін келген барлық адамдарды қарсы алдық. Таңертеңнен бері 70 адамдай болды. Оның біразы үйлеріне қайтіп үлгерді. Қазір 20 шақты тұрғын әлі де отыр. Ешкімді қумаймыз, адамдар қалағанша отыра алады. Кейбір адамдар қорқып жатыр. Бірақ біз олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік техникасын түсіндірдік, – деді «Динамо» стадионының қызметкері Қазыбек Жұманов.