Мұздықтар – климаттың  өзгеруін реттейтін негізгі  индикатор

Мұздықтар – климаттың  өзгеруін реттейтін  негізгі  индикатор
Photocentra.ru

Алматыда Орталық Азия аймақтық гляциология (Мұздықтарды зерттеу) орталығы ашылуы тиіс  болатын.  Астанада өткен Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы аясында осы орталықты құру туралы соңғы құжатқа қол қойылды. Бірақ оның жұмыстары туралы толық  ақпаратқа қолымыз жетпеді.

Кезінде аталған келісімді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Бокова рәсімдеген  болатын. ЮНЕСКО аясындағы тұңғыш Мұзтану орталығын толығымен іске қосу жоспарланған еді.  Сол тұста ҚР Білім және ғылым министрлігі География институтының директоры Медеу Ахметқалдың айтуынша, Орталық Азия аймақаралық гляциология орталығы География институтының жанынан ашылды. Қазіргі кезде оның құрамында Гляциология ғылыми-зерттеу кешені жұмыс істейді. Орталық соның негізінде құрылуы тиіс. «Осы орталық үшін Азияның талай мемлекеттері күресті. Бірақ біздің ғалымдар тыңғылықты жүмыс істеп, Қазақстанның мүддесін қорғай білді. Біздің жерімізде қысы-жазы жұмыс істейтін арнайы стационар бар. Оның да әсері болды деп ойлаймын», - деген  болатын сонда М.Ахметқал мырза.

Жалпы, мұздықтар – бұл климаттың өзгеруін көрсететін негізгі индикатор. Ол – ғылыми тұрғыда дәлелденген қағида. Мәселен, шетелдік ғалымдар Антарктида мұздықтарын зерттеудің негізінде жер температурасының өзгеру барысын бақылай алады. Ондай жұмыстар Орталық Азия аймағында да жүргізіледі. Осыған сай, арнайы экспедиция аясында Федченко мұздығын бұрғылау жоспарланды. Оның арқасында жер температурасы мен атмосферадағы газ көлемінің, сондай-ақ бүгінгі климаттың қаншалықты өзгергені анықталады. Профессор И.Северскийдің айтуынша, Орталық Азия үшін мұздықтардың орны айрықша зор. Себебі аймақтағы өзендерге құйылатын сулардың 85 пайызы осы мұздықтардан келеді. «Демек, Орталық Азиядағы судың басым бөлігі – еріген қардың үлесінде. Ал болашақта қалай болады? Ол сулардың қоры әлі қанша уақытқа жетеді? Орталық Азиядағы мұздықтардың жағдайы не болмақ? Міне, осы мәселелермен ЮНЕСКО-ның қолдауымен Қазақстанда ашылатын Орталық Азия аймақтық гляциология орталығы айналысуы тиіс», - дейді ол.

Ал   ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Бокова былайша ой өрбітеді:

–Орталық Азияның аймақтық гляциология орталығы  – бұл әмбебап орталық. Біздің есебімізге сәйкес, ол аймақтық дәрежеде қалмай, болашақта әлемдік деңгейге көтеріледі. Себебі климаттың өзгеруі, тұрақты даму, суларды басқару және биоалуандылықты сақтау мәселелері бір-бірімен тығыз байланысты, ол проблемалар бүгінде барша адамзатты алаңдатып отыр.

 Адамзаттың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауы дұрыс шешім  қабылдауға жол ашатыны анық. Ол – біздің  өміріміз, болашақ тағдырымыз.  Таяуда Еуропалық комиссия климаттың өзгеруіне қарсы тұру мақсатында қабылданатын шаралардың жаңа жобасын жариялады. Қазіргі таңда бұл бастама Еуропада қызу талқыланып жатыр.

Еуропалық Одақ елдері 2050 жылға қарай парникті газдар шығару көлемінің деңгейін нөлге түсіруге уәде еткен  болатын. Соған сәйкес, 2030 жылға дейін көміртегі газдарының шығарылымын 55 пайызға азайту керек  болып  отыр.

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Еуропалық Одақ тарапы ауаны ластайтын жанармай құнын көтеріп, мүше мемлекеттерден өмір сүру сапасын жақсартуды талап етуде. Бұл – дұрыс  ұйғарым. Мәселен, көлік жүргізу, үйді жылыту, болат   және цемент сияқты заттарды өндіру, ормандар мен жерлерді сақтау сияқты   күрделі мәселелер қайта қаралуды қажет етеді.

Еуропалық Одақ энергияны тиімді пайдалануға, жаңартылатын энергия көздеріне басымдық беріп отыр. Көміртегі нарығын бақылауға теңіз тасымалын да қоспақ. Су үсті кемелердің қаншалықты парникті газдар шығаратыны да жіті назарда болмақ. Бұлардың бәрі негізгі талаптар болмақ.

ХХІ ғасыр отын-су, энергетика  ғасыры десек те, оны үнемдеуге болатынын бүгінгі күні адамзат баласынан қатаң талап етуде. Демек, бәрі қадағалауда болуы шарт. Әсіресе, энергетика мен өнеркәсіп секторына қойылатын талаптар қатаң болуы  керек. Автомобиль көлігі мен құрылыс саласына парникті газдар шығару бойынша жеке сауда жүйесін құруды қолға алу керек. Оған  әлемде алғышарттар бар. Шетелден келетін, бірақ өндіруге көміртегі газы жұмсалған тауарларға арнайы салық салуды қолға алуды ұйымдастырып, оның жүру механизмін ойластыру да бүгінгі күн тәртібіндегі жұмыс. Мұндай халықтық шара әлемнің  дамыған елдерінде қолға алынған.

Кейінгі кезде Еуропа елдері көліктен бөлінетін парникті газдарды азайтуға белсене кірісе бастады. Мәселен, Еуропаның қоршаған орта агенттігінің мәліметіне сай, 2017 жылы Еуропа Одағы елдері шығарған парниктік газдардың 27 пайызы көліктерге тиесілі. Соның ішінде 72 пайызы автокөліктерден келеді екен. Бұл – қоршаған ортаға кері ықпал ететін жойқын күш.

Осыған байланысты құрлықта халықты жанармаймен жүретін «темір тұлпарларға» емес, электр қолданатын көліктерге бейімдеу бастамасы қолға   алынып  отыр. Мысалы, Португалия қоғамдық көліктерге, соның ішінде трамвай қызметіне басымдық бермек. Бір Лиссабон қаласының өзі шаһардағы осы көлік түрін жаңартуға 43 миллион еуро  бөлген.  Біздің елімізде де, мәселен, Алматы  қаласында трамвай қатынасы жақсы дамыған-ды. Біз осы жақсы дәстүрді жоғалтып алдық. Трамвай желісін дамытуды қолға алудың орнына оның табанына төселген шойын жолын сыртқа сатуды жеделдетіп жібердік. Ал  әлемнің басқа елдері оны дамытып, қайта құрылымдауда. 

Мәселен,  Германия трамвай  желісін қайта жаңғыртуды жоспарлауды қолға алып отыр. Берлин қаласының әкімшілігі қаладағы қоғамдық көлікке бөлінетін қаражаттың біразы трамвай қызметіне жұмсалатынын мәлімдеп  отыр.  Осы  мақсатта алдағы 15 жылда 70 шақырым желі салынып, оған 28 млн еуро жұмсамақшы екен. Міне,  болашағын ойлаған  елдер деп осыны айт. Бұл да - қоршаған ортаны сауықтырудың кешенді  шарасы.

Ал  Страсбург қаласының билігі 2017  жылы Рейн арқылы өтетін трамвай желісін қайта іске қосқан. Аталған жүйе 1945 жылы жабылып қалған болатын. Ұлыбританияның Ноттингем қаласында да 70 жыл бойы тоқтап тұрған трамвай желісі қайта жүре бастады. Егер  трамвай  желісінің  пайдасы  болмаса,  әр қадамын  үлкен болашақпен  қолға  алатын  Еуропа  елдері оған  көк  тиын  шығармасы  анық  еді. Жалпы,  бұл  бастама  Италияның Милан және Рим қалаларында да жалғасын тауып отыр. Ал Испания билігі таяуда Севилья қаласындағы трамвай қызметін қайта жаңғыртуға 20 млн еуро бөлінетінін хабарлады.

Алаңдататын тағы бір мәселе мынада. Еуропалық комиссия темір, болат, цемент, алюминий, тыңайтқыштар мен электр энергиясының импортына салық салмақ. Оның көлемі Еуропалық Одақ өндірушілері төлейтін көміртегі тарифінің құнына сай келеді. Алдын ала  қолға  алынған  жоспар  бойынша, салық 2026 жылдан бастап кезең-кезеңмен жүзеге аспақ.

Көміртегімен күресудің бір бағыты – оның бағасына да қатысты. Еуропалық Одақ «қара отынның» бағасын арттыру арқылы парникті газдар шығарылымын азайтуды қолға  алып  отыр. Бұл бастама  әлемнің  өзге  елдеріне  үнқату  болса  игі. Ол туралы  көптеген  пікірлер  бар.

«Көміртегі шығарылымының бағасын бақылау жасыл энергияға инвестиция салуда маңызға ие. Біз көміртегін бизнес жоспарымыздан сызып тастауымыз қажет», -дейді  осыған орай Еуропалық Кеңестің президенті Чарльз Мичел.

Еуропаның бұл мәселеге екпін беріп, сырттан келетін тауарларға көміртегі тарифін енгізуінің өзіндік себебі бар. Германия, Ұлыбритания және Франция секілді Еуропа елдері парниктік газды шығару көлемін айтарлықтай азайтты. Осыған  орай,  Еуропаның  көптеген  елдері  қазірдің  өзінде  таза ауамен тыныстай бастаған.

Әлемдегі ауаға таралатын парникті газдардың басым бөлігі көмір жағудан шығады. Оның үстіне, Электр энергиясын өндіруге қажетті зат та осы  – «қара отынға»  иек  артып  отыр. Бүгінде Азия мен Еуропаның дамушы елдері, тіпті АҚШ -та әлі күнге   дейін  өндіріс  ошақтарына  көмір қолданып отыр. Жыл өткен сайын аталған мемлекеттер одан бас тартып, тұтыну көлемін азайтып келеді. Мысалы, 2007 жылы АҚШ-тың қатты  отын тұтыну көлемі 1 миллиард тоннаны құраса, 2018 жылы 700 миллион тоннаға дейін азайған.

Қазіргі таңда көмірді ең көп тұтынатын ел – Қытай. Ол жыл сайын 4,3 миллиард тонна «қатты  отын» жағады. Бұл әлемдік көмір тұтыну мөлшерінің шамамен жартысына жуығын құрайды. Оның үстіне, Қытайдың көмірге деген құмарлығы бәсеңдер емес. Біздің  көршіміз  Ресей  мен  Қырғызстан  да су  тапшылығын  айтып,  бізге  атом  электр станциясын  салуды  өтініп  отыр. Егер  ол  қолға  алынатын  болса, қысы-жазы қатты отынға  көмілетінеміз  анық.

Бүгінде  таза оттегін жұту  бүкіладамзаттық проблемаға айналып отыр.  Еліміз бұл мәселе бойынша  ғылыми  тұрғыда  жұмыстар жүргізіп жатыр. Еліміз  ғалымдары  Қытайдың  Шанхай  қаласында өткен VI халықаралық симпозиумда  көмірқышқыл газын жоюдың жаңадан ашылған жолдарын көрсетіп  берді.  Қазақстандық  ғалым  Зұлхайыр  Мансұров  С02-ны жою үшін  табиғи газды пайдалануды  ғылыми  түрде  дәлелдеп  берген. Ғалымның  өзі  жүргізген  тәжірибесінің нәтижесінде құрамында сутегі мен әртүрлі мөлшерде СО бар синтез-газ түзілген. Ғалым одан болашақтың жанармайы болып саналатын альдегидтер, спирт, диметил эфирін  алып шыққан.

–Оттың жануы табиғи құбылыс болғанымен, ол – тіршіліктің символы. «От - адамзат үшін негізгі зат» деп жалынға байланысты алғаш  рет   грек ойшылы Гераклит философиялық түйін жасаған екен. Шын мәнінде, отсыз өмір жоқ, ертеректе адамзат отқа табынды. Осы уақытқа дейін оттың қызуын ас пісіруге, өндіріске, электр қуатын алуға, темір балқытуға пайдаланған, - дейді  Зұлхайыр Аймұхаметұлы өз сұхбатында.   

– Қазіргі заманда адамзат пайдаланатын энергия көздерінің 90 пайызы жану процесімен қамтамасыз етіледі. Соңғы жылдарға дейін жану процесі тек қана жылу көзі ретінде қарастырылып келді. Сондықтан жану теориясы жалынның беретін энергетикасына сәйкес қана зерттелді. Кейінгі уақытта қатты дамыған ғылыми-техникалық прогреске байланысты ғалымдарға қыздыру арқылы табиғи өнімдер алу, жалыннан бөлінетін улы заттардан қоршаған ортаны қорғау, конструкциялық материалдарды отқа төзімді ету сияқты мәселелерді шешу керек болды. Бұл жану процесі теориясының әлі де толық зерттелмегенін көрсетті. Сондықтан дүниедегі киелі ұғым – оттың біз білмейтін қасиеттерін зерттеулер жұмысы мені тұңғиыққа тартып әкетті, - дейді  белгілі ғалым. Оның  бұл мақсат  жолындағы  көзқарасы  айқын.

–Бізде электр қуатының тағы бір көзі – химиялық батареялардың жаңа түрі жасалды. Бұрын батареяларға графитті қолданушы едік, енді көміртектелген табиғи материал – сары өріктің сүйегінен жасалады. Бұл ғылымдағы нағыз сенсация болды. Кәдімгі сары өріктің сүйегі көміртектелгеннен кейін электрохимиялық қасиеттері жағынан бірнеше есе асып түседі. Осы жаңалығымызбен Токионың технологиялық институтын таныстырғанда, мамандар тәжірибенің нәтижесін көріп қайран қалды. Жапондық ғалымдармен осы мәселе бойынша жұмыстарды жалғастыруға келісімге отырдық. Сондай-ақ, өндірісте қолданылатыи электрод тапшылығын жою үшін металды электрмен дәнекерлеу электродтарының жұмыс мерзімін ұзартатын Э-46 жағылатын шихтаның құрамын жасадық. Бұл технология электр доғасының тез тұтануын және оның ұзақ жануын, темірді пісіру кезінде тігістің тегіс болуын қамтамасыз етеді.

Бұл ғылыми зерттеулер арқылы ашылған жаңалық – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Жану проблемалары институты ғалымдарының соңғы жиырма бес жыл ішіндегі табанды еңбектерінің  жемісі. Бұл туралы ертеректе идеялар болғанымен, ешқандай ғылыми жұмыстар  жасалмаған. Аталмыш  институт бұл тақырыпты зерттеуді әлем  ғалымдары  арасынан алғашқы  болып бастаған. Көптеген зерттеулердің нәтижесінде қарапайым жолмен, яғни жоғары температурада көмірсутектер  жанғанда түзілетін күйемен салыстырғанда төменгі  температурада 50 пайызға дейін полициклді ароматгы көмірсутектер болатыны анықталған. Бұл – ғылымдағы  тосын, соны жаңалық болып отыр.

Профессордың зерттеулері  барысында алынған  ғылыми нәтижелер  нанотехнологияны  дамытуда  шешуші  рөл  атқарады.

З.Мансұров ЮНЕСКО-ның  жетекші ғалымдарға,  қоғам қайраткерлері мен  ұйымдарға тапсырылатын  «Наноғылым  мен  нанотехнологияларды дамытуға  қосқан  үлесі  үшін»  медалімен марапатталған. 

Ғалым –  1000-нан астам  ғылыми мақалалар мен баяндамалар  тезистерінің,   39 монография  мен  оқулықтардың  авторы,  50-ден астам КСРО және ҚР авторлық  куәлігі мен  патент  иегері.   Ұлыбритания,  Германия, Италия, Польша,  Түркия, Қытай, Бельгия,  АҚШ, Тайвань, Франция, Жапония елдерінің жетекші университеттерінде  ғылыми  баяндамалар  жасап, дәрістер  оқыған.

Ғалымның  жаңашыл еңбектеріне  қазірдің  өзінде  әлемнің  көптеген  елдері  қызығушылық танытып  отыр. Оның  барлық еңбектері  қоршаған ортаны сауықтыруға  көп  ықпал  етуде.  Улы көмірсутегі қоспаларымен ластайтын мұнай қалдықтары экологиялық қауіп төндіруде. Ғалым  өз еңбектері  туралы:

–Біз сол лас қалдықтарды адамға қызмет етуге бағыттап отырмыз. Мұнай қалдықтарының органикалық бөлігін тотықтыру арқылы, бірінші- ден, битум алынады; екіншіден, мұнай өндіретін өңірдің экологиялық мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты ЖПИ зертханасында мұнайлы қалдықтарды қайта өңдейтін жаңа технология жасалды. Жаңа технология бойынша мұнаймен ластанған топырақ пен мұнай шламдарынан жолға төсейтін асфальтты бетон қоспалары алынды. Тағы бір жаңалығымыз – кварц негізінде жасалған мұнаймен ластанған суды тазалайтын магниттік сорбенттер. Бұл да біздің Қазақстанға тән проблема. Ластанған судың бетіне себілген, механо- химиялық жолмен алынған сорбент ұнтақ мұнай қалдықтарын бойына жинап алады. Бұл сорбенттердің бойындағы   мұнайды тазартып алып, оны тағы да қолдануға болады. Қазір жылу беретін электр стансаларында бағасы жылдан-жылға қымбаттап бара жатқан мазутты жағады. Біздің ғалымдар көмірді мазутсыз, плазмохимиялық тәсілмен жандыратын технологияны ойлап тапты. Бұл тәсіл жылыту процесін арзандатып қана қоймай, ауаны ластайтын түтіннің құрамындағы улы заттардың шығуын да азайтады, - деп тұжырамдайды.

Бұл – қазақ ғалымының әлемдік ауқымдағы сенсациялық жаңалығы!

Елімізде қоршаған ортаны сауықтыруға бағытталған бірқатар шаралар қолға  алынуда.  Мемлекеттік  қолдау шаралары «жасыл»  қаржыландыру шеңберіндегі  жобаларды іске асыруға кірісуде.  Инвестицияларды тартуға арналған  құралдардың  бірі «жасыл» облигациялар  болып отыр. Жуық арада  нарықта «жасыл облигациялар»  термині  енуі  мүмкін.

Азаматтық бастамаларды  қолдау орталығының қатысуымен  ҮЕҰ әлеуметтік кәсіпкерлік идеяларын қолдауға атсалысуда. Олар осы мақсатта экологиялық  волентерлік  қозғалысқа серпін  беруде. Осыған орай «Ангел» қоғамдық  бірлестігі экологиялық таза сөмкелер шығаруды қолға  алып отыр. Бірлестік  табиғи таза сөмкелер тігіп, полиэтилен пакеттерді қолданыстан шығару арқылы қоршаған ортаның ластануын азайтуға үлес қоспақ. Сондай-ақ, қайта өңдеу  арқылы да табиғатты таза  күйінде сақтауға болады. Бұл мақсатта адамдардың  санасын тазартуға бағытталған ақпараттық жұмыстар қолға  алынуда.

 Бүгінде табиғат  күрделі  өзгеріске  ұшыраған.  Жер-жерлерде  қуаңшылық пен  су  басу  қаупі артып  отыр. Қазақстанның  батыс аймақтарында ала жаздай  жерге ылғал түспеген.  Ақтөбе облысының Байғанин, Ырғыз, Шалқар аудандары,  Қызылорда облысының  барлық өңірлері биылғы жазда аптап ыстық пен қуаңшылықтын зардабын әбден сезінді.  Бұл аймақтардағы елді мекендер мен шаруа қожалықтарына мал суару қиынға түсті. Қыста ылғал мөлшері аз, көктемде жауын-шашын болмады.  Соның кесірінен шағын өзен арналары бөлініп, көлшіктер құрғап, ағынсыз сулар жап-жасыл түске боялды.

Борсыған суды жайылымдағы мал  ішпеді. Соның  әсерінен, ұсақ малдар мен   жылқы малы қырылды. Ауыл жұрты өрістен қайтқан малын суаруға суат таппады.

 Қызылорда облысының Арал ауданын қуаңшылық жайлап, бірқатар ауылда мал өлімі тіркелді. Осыған орай  шілде айында ауданда төтенше жағдай жарияланды.  Қуаңшылық кесірінен 559 мал өлгені анықталған.

Осы айтылған түйткілді мәселелер еліміздің жер бетіндегі және жерасты су ресурстарын қорғауды күн тәртібіне қойып отыр.  Су шаруашылығы министрлігін қайта құрып, стратегиялық тұщы су қорларын талан-таражға салуды тоқтатып, ғалымдар мен су мамандарының кеңесіне зәрулік бар. Осылардың  бәрін бір жобада  қарстырған  абзал.

"Жұт – жеті ағайынды"  демекші,  бүгінде ел аумағында зиянды организмдердің 5 түрі тіркеліп отыр. Жалпы, аса қауіпті зиянды организмдер  жаппай көбеюге және таралуға бейім. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының аумағында экономикаға, экологияға залал келтіретін мұндай аса қауіпті, зиянды организмдердің екі түрі – саяқ шегірткелер мен шалғын көбелегі тіркелген. Бұл организмдер жаппай тараған кезде ауылшаруашылық саласына орасан зор зиян келтіреді. Сондықтан зиянды организмдерге қарсы күрес іс-шараларын дер кезінде әрі сапалы жүргізу олардың жаппай таралуының алдын алады және таралу ошақтарын жояды.

Бұл ретте зиянды және ерекше қауіпті организмдердің саны мен олардан келетін шығынды азайту мақсатында бірқатар іс-шара қолға алынған.

Біріншіден, зиянды организмдер мекендейтін орындарды анықтау жөнінде фитосанитарлық мониторинг жүргізіледі. Екіншіден, зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу жүргізу үшін пестицидтер (улы химикаттар) сатып алынады. Үшіншіден, пестицидтерді сақтау мен оны себетін жерге дейін жеткізу жұмысы атқарылады.

 Карантиндік сертификаттар мемлекеттік қызмет көрсету стандартына енгізілген өзгеріске сәйкес, тек электронды түрде жүргізіледі. Бұл қадам жеке және заңды тұлғалардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Инспекцияда қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасалуда. Интернетке қосылған, компьютермен жабдықталған өзіне өзі қызмет көрсету бұрышы (жеке куәліктен электронды қолтаңбаны оқитын) картриждер құрылғысы бар.

Енді  көл-теңіз  аумағына  тоқтала кетсек.  Ертеректе Каспийдің екі жағалауын жайлаған түркі тектес екі халықтың арасында үрей туғызған  Қарабұғаз көлі өте қауіпті болған. Он мың шаршы шақырымға жуық аумақты алып жатқан көл аумағының айналасы Қарақұм шөлімен қоршалған. Ол параллель ендікте  жатқан Каспий көліне ақпайды. Сондықтан көл су буға айналып, қалдығы тұзға айналып  келген.

Қазіргі кезде экологиялық порталдар дың жазуынша,   Қарабұғаздың тұздылығы әлемдегі ең үлкен көл – Каспий теңізінен отыз есе көп. Бұл – өте  қауіпті  синдром.  Оның  алдын алу  керек.  Көл  маңында тіршілік атаулы мүлде кездеспейді. Дегенмен, адамдар тұзды кәсіп қылып, сауда-саттық  жолға қойылған.

Қарабұғаз  көлінің  ең алғашқы картасы 1715 жылы I Петр патшаның тұсында түзіліп, арнайы Каспий экспедициясы осы көлді зерттеуге арналғанмен, одан кейінгі жүз жылда зерттеушілер қауіпті көлден айналып өтуге тырысқан. Содан  бері  қаншама  уақыт  өтті?  Қазір  оның  табиғат фаунасы  да,  мінезі де  үлкен  өзгеріске  түскен.  Оны  бақылаусыз  қалдыруға  болмайды.  Көлге  1836 жылы  экспедиция шыққанымен, ол жерге  кемемен  баруға  болмайды деген     жосықсыз  желеумен  зерттеуден   тыс қалған.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары көл мен теңіз арасын дамбамен жаппақ болған кеңестік биліктің сауатсыз экономикалық жоспарлауының салдары экологиялық дағдарысқа алып барған. Сол тұста Қазақстандағы Арал теңізі де тартылып, Сібірдің өзендерін алып келмек болған КСРО-ның «ғасыр жоспары» қағаз бетінде қалған.

Құмды дауыл мен тұзды желдің салдарынан жүздеген шақырым айналадағы дала қурап, мал қырыла бастаған.