Алматыда 2023 жылы 397 спорт алаңы абаттандырылды

Алматыда 2023 жылы 397 спорт алаңы абаттандырылды
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда 2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 397 балалар мен спорт алаңы абаттандырылды

Абаттандырылған балалар мен спорт алаңының ең көбі Алмалы ауданында - 91, Медеу ауданында - 80, Жетісу ауданында - 56. 

Алатау ауданында 2023 жылы 45 жаңа спорт алаңы салынды, көпірге жөндеу жүргізілді, 1135 жарық нүктесі жаңғыртылды. Былтыр мұнда «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша 54 жоба іске асырылды.

Атап айтқанда, аудан тұрғындарының өтінішімен Зерделі шағын ауданында «Сирень бағы», Аханов көшесіндегі сквер, Сайын көшесіндегі бақылау алаңы абаттандырылып, Қарасу шағын ауданындағы сквердің құрылысы басталды. Аллеялар, алаңдар мен жаяу жүргіншілер көшелерін абаттандырумен бірге, кейбір аумақтағы шамдар ауыстырылып, Үлкен Алматы арнасындағы көпір жөнделді.

Айта кетейік, «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша 2023 жылғы дауыстардың жалпы саны 2022 жылға қарағанда 22%-ға көп. Бұл аудан бюджетін өздері үшін қалай тиімді пайдалану керектігін тұрғындардың таңдауына қарай жүргізілген жұмыстың сұраныста екені көрсетеді.

«Халық қатысатын бюджет» - бұл тұрғындар әкімдіктермен бірлесіп жергілікті бюджет қаражатын бөлісетін жоба. Тұрғындар өздері абаттандыру идеясын ұсынады, оларды жоба деңгейіне дейін пысықтайды, содан кейін онлайн дауыс беру арқылы жеңімпаздарды таңдайды.