Алматыда 16,7 млн теңгеден астам сомаға контрафактілік өнім тәркіленді

Алматыда 16,7 млн теңгеден астам сомаға контрафактілік өнім тәркіленді
almaty-akshamy.kz

2023 жылы Алматы қаласының Әділет департаментімен 43-ке жуық тексеру жүргізіліп, оның барысында жосықсыз кәсіпкерлерден жалпы құны 16 747 512 теңгені құрайтын 16 774 бірлік контрафактілік өнім тәркіленді. Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте департамент өкілдерінің мәлімдеуінше, отандастар тұрмыста пайдаланатын есептегіштер, трансформаторлар, ұялы телефондар, балалар ойыншықтары, сағыз және конфет өнімдері сияқты тауарлар тәркіленді.

Департамент басшысы Балаим Кесебаева айтып өткендей, тексерулер құқық иеленушінің және құқық иеленушілердің сенімхаты бойынша өкілдердің өтініштері негізінде жүзеге асырылады.

«Тексерулер негізінен сауда орталықтарында, базарларда, бизнес орталықтарда, белгілі брендтерден тауар белгілерін заңсыз пайдалана отырып, контрафактілік тауарларды әкелетін және сататын қоймаларда жүргізіледі, олардың өндірісі өз кезегінде белгісіз және сапасы күмәнді», - деді ӨКҚ спикері.

Сонымен қатар, Департамент 1,6 миллион теңгеге Apple және iPhone тауар белгісінің заңсыз бейнесі бар 4 000-нан астам контрафактілік өнімді тәркіледі. Сот қаулысына сәйкес кінәлі адамға айыппұл салынады, тәркіленген тауар жойылады.