Алматыда 100-ге келген өнер қайраткері жаңа жеке куәлік алды

Алматыда 100-ге келген өнер қайраткері жаңа жеке куәлік алды
Сурет: Polisia.kz

Ғасыр жасаған алматылық әжейге жаңа жеке куәлік берілді

Алматы полициясы 100 жастағы Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген өнер қайраткеріне жаңа жеке куәлігін тапсырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке. сілтеме жасап.

Көші-қон қызметкерлері жаңа құжатты Мария Ахметованың үйіне апарып берген.

«Сізді 100 жасқа толуыңызға байланысты берілген жаңа куәлікпен құттықтағым келеді. Сізге ұзақ өмір, денсаулық, бақыт және амандық тілеймін», – деді Көші-қон қызметі басқармасының бөлім бастығы Жанна Жақыпбаева.

Өз кезегінде ғасыр жасаған қарт әжей полиция қызметкерлеріне алғыс айтты.

«Мен ішкі істер органдарының жұмысына өте ризамын. Полиция қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін», – дейді Мария әжей.

Мария Ахметова 1921 жылы 13 наурыз күні Жамбыл облысы Шу ауданында дүниеге келді. Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген өнер қайраткері. Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. 1957 жылы Мәскеуде өнертану ғылымдарының кандидаттық диссертациясын қорғаған бірінші қазақ әйелі.