Тұтынушылардың құқығын қорғайтын бірыңғай ұйым құрылады

Тұтынушылардың құқығын қорғайтын бірыңғай ұйым құрылады
Сурет: Inbusiness.kz

Бұл еліміздегі барлық үкіметтік емес ұйымдарды біріктіріп, нығайтады.

Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғайтын бірыңғай ұйым құрылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бұл туралы мәлімдеген ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбековтың айтуынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы құқықтық нормаларды жетілдіру мақсатында комитет заңнамаға өзгерістердің 2-ші топтамасының тұжырымдама жобасын әзірлеген.

Құжат осы жылдың маусым айында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің бірінші отырысында талқыланып, Ашық НҚА порталында жария талқылау үшін орналастырылған.

«Заңның (Тұтынушылар құқығын қорғау туралы Заң) 2-ші топтамасы қажетті түзетулерді қарастырады. Атап айтқанда, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі бірыңғай жалпыұлттық коммерциялық емес ұйымның жұмыс істеуі үшін заңнамалық негіз қалау ұсынылады. Бұл еліміздегі барлық үкіметтік емес ұйымдарды біріктіріп, нығайтады. Екіншіден, тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын енгізу жоспарлануда. Ол халық пен қоғамдық бірлестіктердің дауысы болады», - деді Асқар Тынысбеков.