Алматыда сұйық газды қымбаттатқан компанияның үстінен іс қозғалды

Алматыда сұйық газды  қымбаттатқан компанияның үстінен іс қозғалды
Сурет: Sovet-ingenera.com

Соталды тергеу Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды.

Алматы прокурорлары сұйылтылған газ сатумен айналысатын монополист компанияға қатысты соталды тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ведомстваның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Алматы қаласының прокуратурасы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің мамандарымен бірлесіп, «Petrosun» ЖШС қызметіне тексеру жүргізді.

«Компанияның оңтүстік өңірлерде нарықтағы үлесі - 76,9 пайыз. Былтырғы жылдың қыркүйек айынан желтоқсанға дейін «Petrosun» ЖШС аймақтағы қызметін асыра пайдаланып, ай сайын автогаз бағасын барынша жоғарылатқан. Нәтижесінде осы кезеңдегі өзіндік құны бір тонна тауарға 323,8 пайызға дейін өсті. Дерек бойынша прокуратура Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 221-бабының 2-бөлігі («Монополиялық қызметті теріс пайдалану») бойынша қылмыстық іс қозғады», - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, соталды тергеу Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге де мәліметтер қазіргі уақытта жария етуге жатпайды.