Димаштың Алматыдағы концерті аншлагпен өтті

Димаштың Алматыдағы концерті аншлагпен өтті
Сурет: Inform.kz

Алматыда Димаш Құдайбергеннің STRANGER атты жеке концерті өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл - Димаштың Алматыда өткізген алғашқы концерті.

«Бұл концертті осындағы ағайынға, жерлестеріме алғаш беріп отырмын. Ол тіпті мен үшін емтихан десем де болады. Сонымен қатар сіздердің көңілдеріңізден шығып, баталарыңызды алу үшін алғаш рет осында келіп тұрмын. Жалпы, мен 15 жасымда дәл осындай лық толы стадионда халықпен бірге ән орындасам деп армандайтын едім. Сол арманым сіздердің арқаларыңызда орындалып жатыр»,  - деді әнші концерт алдында.

Концертте Димаш Құдайберген бұрыннан айтып жүрген әндерімен қатар, жаңа туындыларын да орындады.
Сонымен қатар Димаш туған інісі Әбілмансұр Құдайбергеннің сөзіне жазылған әнді сахнаға алып шықты.
Концертте халықаралық бишілер ұжымы, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі мен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі өнерлерін ортаға салды.
Шоуға жиналған халық Димаштың танымал әндерін бірлесе орындады. Концертте сондай-ақ, қобыз, домбыраның тарихынан сыр шертетін бейнероликтер көрсетілді.
Шоу барысында Димашты өзінің бэнд-тобы сүйемелдеді.

Жалпы, концерт аншлагпен өтті.