Алматы облысында тұрғындар кірпіш зауытының жұмысына наразы

Алматы облысында тұрғындар кірпіш зауытының жұмысына наразы
Сурет: Almaty.tv

Зауыт басшысы заңға бағынбай отыр

Алматы облысы Қайназар ауылында кірпіш зауытының жұмысына көпшілік наразы, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.ty-ге сілтеме жасап.

Арнамызға арызын айтып, сұхбат берген ауыл азаматтарының айтуынша, зауытты сотқа беріп, жеңіп те алған. Алайда ауыл ортасынан ойып шұңқыр қазып, кірпіш шығарып жатқан зауыт басшысы заңға бағынбай отыр.

Ауылдың аумағын кеңейтеміз деп бөлінген жерге 2006 жылы кірпіш зауытын салынған. Тұрғындар бұл жерде зауыт болатынын білмепті. Түтіні будақтап, тозаңы тұтас ауылды ала бастағанда ғана көрген.

«Екінің бірінде, кішкентай балаларға дейін аллергия пайда болды. Аптекадан дәрі сатып алып, бәрі қолданады. Бұл жер жасыл жайлау еді,  қазір арал сияқты шаң, топыраққа айналды», – деді Қайназар ауылының тұрғыны Берік Дуанбеков.

«2022 қараша айында заң толық күшіне енді. Халықты ескеріп отырған жоқ, заңды белшесінен басып отыр. Оларға сұраныс көбейген мезгілді жұмыс істеуге мүмкіншілік беріп отыр. Сондықтан сот орындаушылардың ісіне күмәнмен қараймыз», – деді Қайназар ауылының тұрғыны Нұржан Қалиев.

Үкім шықса да, үйіп-төгіп кірпіш шығарып жатыр деген зауыттың басшысы, базынасын айтқан бұқарының алдында бой көрсетпеді. Тек өзін заңды өкілімін деп таныстырған азамат қақпа алдында жауап беріп, зауыт жұмыс істемейді деп сендірді.

«Қолдарыңыздағы қаулыға қатысты қазір жұмыс істемейді. Мен бұл жерде заңгермін. Басшылық болмағандықтан, ішке кіргізе алмаймын», – деді кірпіш зауытының заңгері Нұржан Мақсатов.

«Заңды тұлғасының айтып тұрған сөзін естідіңіз ғой. Бірақ түтін бұрқырап, зауыт істеп тұр. Жаңа шығарылған кірпіш тұр», – деді Қайназар ауылының тұрғыны Бауыржан Жаңабаев.

Бес мың халқы бар Қайназар ауылында төрт кірпіш зауыты бар екен. Оның біреуін ауыл жұрты жабылып жүріп жапқызған.  Ал қалғаны қыш қақтап, кірпіш күйдіріп, сол күйі жұмыс істеп жатқан көрінеді. Ал халық наразы болған мына зауыттың кептіргіш пешіне қатысты қаулының орындалмай жатқанын ауыл әкімі де растайды.

«Іс сот орындаушыларына берілді» дейді. Зауыт жұмысы жүріп жатыр. Аудандық сот орындаушылары келіп бұзамыз десе, өз тарапымыздан атсалысуға дайынбыз», – деді Рахат ауылдық округінің әкімі Қайсар Бөгіспаев.

Зауыттың заңды өкілі біз қойған сауалдардан қанша бұлтарса да, зауыт ішінде жүк көліктерінің қайдан жүргенін түсіндіріп бере алмады. Заң талабымен ғана жүретінін айтып, ақталды.

«Белгілі обьектінің ғана бұзылуына шешім шыққан ғой. Барлық қызметті тоқтатуға шешім шыққан жоқ. Заңды күшіне енген жоқ. Біз шағымданып отырмыз», – деді кірпіш зауытының заңгері Нұржан Мақсатов.

Талабын айтқан тұрғындар тарқаса бастап еді, зауыт ішіндегі жүк көліктері де жөніне кетті. Қанша жасырғанымен, зауыттың әлі жұмыс істеп тұрғаны анық.