Алматы облысы Өтеген батыр кентінің тұрғындары жылусыз қалды

Алматы облысы Өтеген батыр кентінің тұрғындары жылусыз қалды
Сурет: Ашық дереккөз

Бес күн бойы жылусыз қалған үйде 5 айлық бала да бар

«Қақаған қара суықта қатып қалдық». Бес күн бойы жылусыз қалған үйде 5 айлық бала да бар. Алматы облысына қарасты Өтеген батыр кентінде жылу жайы қашан біржақты болады? Бұл туралы Almaty.tv айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Буы бұрқырап, әбден ылғалданған дәліз көктем шықса көгереді», – деп алаңдайды жұрт. Ал оған дейін жылу жүйесі жарылмаса игі. Өйткені, қашан ауыстырылғаны белгісіз құбыр қазірдің өзі біртіндеп істен шыға бастаған.

«Көпбалалы анамын, ең кішкентайым 5 айлық. Қазір мұздай жерде отырмыз. Дала  аяз, үйдің іші суық. Балалар ауырып жатыр», – деді Өтеген батыр ауылының тұрғыны Нұргүл Иса.

138 пәтері бар жатақхана типіндегі үйге жылу өзгелерден 1 айға кешіктіріліп берілген. Оған да тозығы жеткен жылу жүйесі кінәлі. Кінә кімде десек, айналып келіп айтылатыны – осы құбырдың жайы. Ал оны ауыстырмаған – тұрғындардың өзі,–дейді жауапты маман.

«Аталған үйдің жылуын қалыпқа келтіру – сол ондаған адамның міндетіне кіреді. Біз жылуды жібердік, оны талапқа сай орнату – жекеменшіктегі әр адамның өз жұмысы. Егер тұрғындар үйіндегі құбырды ауыстырып берсе, оны орталықтандырылған жүйеге қосу қиын іс емес. Бұл жерде азаматтардың ауызбіршілігі керек», – деді «Жылу жүйелері» ЖШС директоры Василий Батыр.

Қазір мұндағы 12 пәтердің терезесіне қырау тұрып, мұз қатқан. Жылыту құбыры істен шыққан да дәл осы үйлер. «Жылынамын дегендер сол жылу жүйесін жөнге келтіруі керек»,–деп маман ақыл айтып кетті. Ал ол үшін әуелі бір баспанада тұрғанмен, бұл оншақты пәтердің жайына бас ауырта қоймайтын көршілерді көндіру керек.

«Жертөледегі құбырлардан ылғи су тамшылап тұрады. Тиісті ақшаны төлеп жатырмыз, бірақ әлі үйдің еш шаруасы шешілген жоқ. Мына суықта қашанғы отыра береміз?» – деді Өтеген батыр ауылының тұрғыны Евгения Разумова.

Ауданның жылу жүйелеріне жауапты маман дәл осы үйдегі апатты жағдай тұтас елдімекенге кері әсер етуі мүмкін дейді. Өйткені, ақауы бар құбыр орталық жылу жүйесіне қосылған. Егер ол жарылса, басқа тұрғындарға да қауіп төнеді.