Алматы облысы аумағындағы жағдай тұрақталды

Алматы облысы аумағындағы жағдай тұрақталды
Сурет: интернеттен

Халыққа қауіп жоқ.

ТЖД облыстың қазіргі ахуалынан хабардар етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Талғар өзеніндегі су шығыны төмендеді. Өзенде кезекшілік және мониторинг жалғасып жатыр. Халыққа қауіп жоқ.

21 шілде күні Алматы облысында жауын-шашын салдарынан су деңгейі көтерілген еді. Талғар өзені бойындағы Үлкен поляна өлшеу стансасының мәліметінше, биік таулы аймақтарда жауған жауын-шашын салдарынан Сол Талғар өзеніндегі су деңгейі секундына 18 текше метрге көтерілген.

Сонымен қатар 21 шілдеде сағат 21:00-де Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Орман шаруашылығы қызметкерлерінен Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік өзенінің бассейнінде сел ағынының қалыптасуы салдарынан тас жолдың төсемі шайылып кетуіне байланысты орманшының үйінде 9 адам демалушы және 1 орманшы жол қатынасынсыз қалғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Күндіз олар орманшының үйінде болған, байланыс болмады. Хабарлама келіп түскен сәттен бастап Алматы облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының және Республикалық жедел-құтқару жасағының күштері мен құралдарынан 11 адам мен 3 бірлік техннасы жұмылды. Жедел топ құрылды. Жол төсемін су шайып өткендіктен ол жерге жетудің жалғыз мүмкіндігі жаяу бару еді.

"Түні бойы құтқарушылар 9 адамнан тұратын туристер тобы мен орман шаруашылығы қызметкерін іздестірді. 22 шілдеде сағат 05:45-те Республикалық жедел-құтқару жасағы мен ТЖД іздестіру тобы туристер тобы мен орман шаруашылығы қызметкері тұрған орманшының үйіне жаяу жетті. Туристерге медициналық және басқа көмек қажет емес. Туристердің айтуынша, олар орманшының үйінде бірнеше күн болуды жоспарлап отыр", - деп хабарлады Алматы облысы ТЖД.

Жамбыл ауданында тағы бір іздестіру-құтқару жүргізілді. 21 шілдеде сағат 23:50-де Жамбыл ауданының Бесмойнақ ауылында ТЖД және ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағынан 11 адам мен 2 бірлік техника төрт адам іздестірді. Өтініш берушінің сөзінше, олар 21 шілде күні таңертең Алматыдан тауға шығып кеткен және байланысқа шықпады. Құтқарушылар іздеді. 22 шілдеде таңертең демалушылар ұялы байланыс арналары арқылы байланысқа шықты. Медициналық көмек қажет емес. Іздеу-құтқару жұмысы аяқталды. Жағдай тұрақты.

Алматы облысының ТЖД азаматтарды ауа райының өзгеруін бақылауға және сақтық шараларын сақтауға шақырады.