Алматыда «Чемпион» қойылымының премьерасын өтті

Алматыда «Чемпион» қойылымының премьерасын өтті
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Алматы мемлекеттік қуыршақ театры қазақстандық боксшы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың батыл рухына арналған «Чемпион» қойылымының премьерасын театр сүйер қауымның назарына ұсынды.

Бұл спектакль арманға деген адалдық, мақсатқа жету жолындағы қажырлы еңбек, елі мен жеріне деген сүйіспеншілікті насихаттайтын қойылым жас жеткіншектерді қайсарлыққа, өжеттілікке, батылдыққа, шыдамдылыққа тәрбиелейді.

Қуыршақ театры сахнасында тұңғыш рет ұсынылатын қойылымның ерекшелігі – болмысы бөлек бокс шебері, ұлт мақтанышы, небәрі 20 жылдық ғұмырында 143 жекпе-жек өткізген біртуар боксшының асқақ рухын қуыршақ образында көрсету. Кинематография элементтерін ұтымды пайдалана отырып, әр дәуірдегі қазақ халқының жеңісі мен жеңілісін түрлі символикалық образдар арқылы тарихи фактілермен байланыстыра қабыстырылған қойылым Бекзат Саттархановтың күресі арқылы күллі ұлт тарихын баяндайды.

«Үш-төрт жыл бұрын белгілі ақын Бақыт Беделхан ағамыз қуыршақ театрынан тапсырыс түсіп тұр, соны сен жазсаң деп маған қолқа салды. Бұрын спорт туралы жазбағанмын, балалар тақырыбында екі есе қиын. Біраз тартыншақтап  жүрдім де, ақырындап бастап, жазып бердім. Бірақ одан кейін пандемия болды, сондықтан 3 жыл өткеннен кейін пьеса сахналанайын деп жатыр. Біз Бекзат арқылы қазіргі балаларға рух дегеніміз не, намыс деген қандай болады, ерік пен күштің қуаты сынды құндылықтарды түсіндіргіміз келді», – деді «Чемпион» пьесасының авторы, драматург Әлібек Байбол.

Жасөспірімдер аудиториясына арналып дайындалған драма жанрындағы қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр ардагері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек, авторы – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының жүлдегері, драматург Әлібек Байбол, суретшісі – Юлия Чернова, Ануар Бүркітбаев, музыкамен көркемдеуші – Бақберген Байшығаш, хореографы – Анна Цой.

«Театрдың тілі бір-ақ тіл, ол – рухани тіл. Бүгінгі спектакль бұл Шекспир емес, басқа бір ғұлама драматургтің шығармасы емес. Сондықтан да оның салмағы ауыр, кеше ғана көз алдымызда жүрген Қазақстан тарихында аты қалған Бекзат бауырымыз жайында. Егер кімде кім Бекзаттың қалай чемпион болғанын көргісі келсе, онда әлеуметтік желідегі финалды ашады. Бұл Бекзат қалай чемпион болды деген сұраққа жауап береді. Ал біздің қойылым «неге чемпион болды» деген сұраққа жауап береді. Ондағы айтатын жауабымыз – қазақ халқының рухы. Қойылымда бәрі бар – сақтар да, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» да, репрессия да. Бұл спектакль адамның жанына азық беретін қойылым. Әр спектакль ақыл, ой-сана, түйсігімізге ой салуы керек. Жай ғана күліп, жай ғана жылап кету керек емес. Мына спектакльді көрген 200 баланың екеуі ойланып кететін болса, онда біздің мақсатымыздың орындалғаны», – деді қойылым режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек.