Алматыда соңғы жылдары қоғамдық көліктің қатысуымен қанша апат болды?

Алматыда соңғы жылдары  қоғамдық көліктің қатысуымен қанша апат болды?
Сурет: sputniknews.kz

Соңғы кездері қоғамдық көліктердің қатысуымен жол апаттары жиі бола бастады. Бүгінгі оқиға жолаушы жүргізушіге қол жұмсап соның салдарынан болып отыр. Жүргізуші қауіпсіздігіне кім жауап береді? Аlmaty-akshamy.kz тілшісі өткенге ой жүгіртіп, қоғамдық көліктің қатысуымен болған оқиғаларды салмақтап көрді. Сонымен:
Өткен жылы 8 қарашада қара халықтың жағасын ұстатқан ірі жол көлік оқиғасы орын алды. Алматыда Астана алаңының маңында N201 және N98 бағыттағы екі автобус соқтығысты. Салдарынан бір адам қаза тапты. Соңғы мәліметтер бойынша, тоғыз адам ауруханаға жатқызылды. Оның біреуі – бала. Полицейлер №98 автобус жүргізушісі бағдаршамның тыйым салынған белгісіне қарамай жол айырығына шыққан.
 Осы жол апатынан бір сағаттан соң Абай даңғылы бойында Сейфуллин даңғылы мен Байтұрсынов көшелері аралығында батыс бағытта троллейбус пен автобус соқтығысты. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, автобус сол жақ жолаққа түспек ниетте бұрылғанда BMW көлігімен соқтығысқан. Әбүйір болғанда ешкім зардап шекпеді. 
Ал №23 автобустың көрер қызығы бар екен. 31 қазанда Райымбек пен Сайна көшелерінің қиылысында қоғамдық көліктің тежегіші істен шығып кетеді. Жүргізушінің тәжірибелілігі болар автобусты жолдан алып шығып, ағаштың арасына тоқтатады. 
Рихард Зорге көшесінде №2 автобус әйелді қағып кеткен. Оқиға 27 қыркүйекте орын алды. Көшенің келесі бетіне өтуді көздеген жолаушыны жүргізуші байқамаған. Уағында жеткен жедел жәрдем жолаушының өмірін сақтап қала алмады. 
25 қыркүйекте Марғұлан мен Момышұлы көшелерінің қиылысында №112 автобустың қатысуымен болған оқиға салдарынан үш бала зардап шекті. Мұнда да қоғамдық көліктің тежегіші істен шыққан. Ал 16 шілдеде Солтүстік айналма көшесінде №27 автобус қаққан жолаушы әртүрлі жарақат алды. Енді өмір бойы ол осы жарақаттан жапа шегетін болар. 
8 наурызда Авангардный қиылысында жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан жолаушыны соққан. Соққы салдарынан он метрге ұшып түскен азамат сол жерде көз жұмды. Оғиғаға №33 автобус жүргізушісі тікелей кінәлі деп табылды.  Ал 1 ақпанда орын алған оқиға Жансүгіров пен Жұмабаев көшелерінің қиылысында болған. Куәгерлердің айтуынша, автобус жүргізушісі бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, жол ережесін өрескел бұзған.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, YUTONG BUS автобусының жүргізушісі Райымбек даңғылының бойымен шығыс бағытта келе жатқан. Қашықтықты сақтамау салдарынан ол алға қарай келе жатқан САЗ автобусымен соқтығысқан. Соққының әсерінен САЗ автобусы сол бағытта келе жатқан үшінші YUTONG автобусымен соқтығысқан. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Бұл оқиға 11 ақпанда орын алған еді.
Ал биылғы жылдың 2-ақпанының таңында Әл-Фараби даңғылы мен Жароков көшесінің қиылысында, "Қазақфильм" киностудиясына қарама-қарсы жерде екі автобус соқтықты. №31 бағыттағы автобус №116 кішірек қоғамдық көліктің артқы жағынан соққан. Соққыдан №116 автобустың артқы әйнегі сынған. Алты адам әртүрлі дене жарақатын алды.  
Жыл сайын автобустардың қатысуымен қанша апат орын алады? Соңғы үш жылдағы Қазақстандағы жол-көлік оқиғаларының статистикасы автобустардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының жоғары деңгейде қалып отырғанын көрсетеді. 
• 2019 ж. – 543 жол-көлік оқиғасы (81 қаза және 949 жарақат алған);
• 2020 ж. – 327 жол-көлік оқиғасы (29 қаза және 455 жарақат);
• 2021 жыл – 379 жол-көлік оқиғасы (38 қаза және 487 жарақат алған).
• 2022 жылдың 8 айы – 198 жол-көлік оқиғасы (21 қаза және 339 жарақат алған).

Еске салайық, бүгін - 2023 жылғы 22 желтоқсанда 18 сағат 15 минутта 47-бағыттағы қоғамдық көліктің (жеке тасымалдаушы - «ДуманТрансКом» ЖШС) жолаушысы жанжал салдарынан жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмай қалған.