Алматы қаласында «Аграрлық несие корпроациясы» АҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті

Алматы қаласында «Аграрлық несие корпроациясы» АҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Алматыда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары – Басқарма мүшесі Айдын Досқараевтың қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Іс-шараға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қаржы институттары мен несие серіктестерін қаржыландыру департаментінің директоры Нұрлан Дәуітов, Алматы облысы бойынша филиалының директоры Әмірхан Смайылұлы, сондай-ақ корпорация клиенттері қатысты.

Айдын Досқараев кездесуге келгендерге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қаржыландыру шарттары мен несиелеу бағдарламалары туралы айтып берді. Қазіргі уақытта 4 бағдарлама – «Кең дала», «Агробизнес», «Іскер» және шағын несиелеу бағдарламалары іске асырылуда.

Атап айтқанда, «Кең дала» бағдарламасы көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстары кезінде шаруаларды қолдауға бағытталған және ол бюджеттік несие есебінен жүзеге асырылуда. Банктер, несие серіктестіктері және микроқаржы ұйымдары арқылы қаржыландырғанда несие алушылар үшін жылдық мөлшерлеме 5%-ды құрайды. Бүгінгі таңда Алматы облысының 17 несие серіктестігімен келісімшарт жасалған.

«Іскер» бағдарламасы стартап жобалар мен кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Бұл бағдарлама бойынша жылдық сыйақы мөлшерлеме 6 пайызды құрайды. Несие 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. «Агробизнес» бағдарламасы жан-жақтылы. Ол мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту жобаларын да қаржыландырады. Несиелер жеке және тартылған коммерциялық қаражат есебінен беріледі. Субсидия есебінен пайыздық мөлшерлеме 6%-ға дейін төмендетілді. Инвестициялық мақсаттағы несиенің максималды мерзімі – 12 жылға дейін.

Ал шағын несиелеу бағдарламасы 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Жылдық сыйақы ставкасы 2,5 пайызды құрайтын несие 5 млн теңгеге дейінгі сомада беріледі. Несие шарты бойынша мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін, бизнестің басқа да бағыттары үшін 5 жылға дейінгі мерзім қарастырылған. Алматы қаласы мен Алматы облысына 6,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Бағдарлама бойынша 344 өтінім түскен. Бүгінгі таңда оның ішіндегі жалпы сомасы 900 млн. теңге болатын 223 өтінім мақұлданып, жас кәсіпкерлерге 412 млн. теңге қаржы берілді.

Брифинг барысында Айдын Досқараев «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ын есепке алғанда Аграрлық несие корпорациясының жалпы қаржыландыру жоспары 2023-жылы 500 млрд теңге болғанын хабарлады. Оның ішінде Алматы облысына 13,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Биыл бірінші жартыжылдықта оның 7,5 млрд теңгеден астам сомасы игерілді.

Кездесуде фермерлер Аграрлық несие корпорациясының бағдарламалары мен субсидиялау мәселелеріне қатысты көкейлеріндегі сұрақтарына толыққанды жауап алды.