Алматы дәрігерлері КВИ жұқтырғандардың саны тамыз айында өсуі мүмкін дегенді айтады

Алматы дәрігерлері КВИ жұқтырғандардың саны тамыз айында өсуі мүмкін дегенді айтады
Сурет: 24.kz

Болжам бойынша, індетке шалдыққандар саны 10-11 тамыз аралығында өсуі ықтимал.

Денсаулық сақтау саласындағы болжау тобы "Коронавирус дертіне шалдыққан алматылықтардың саны тәулігіне 800-840 адамға жетуі мүмкін" деп болжап отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Алматы қаласында «дельта» штамының таралуына байланысты эпидемиологиялық жағдайдың асқынуы туралы» тақырыбында өткен онлайн баспасөз-конференциясы барысында коронавирус індеті алдағы айдың 10-11 күндері өрши түсуі мүмкін дегенді айтты. 

«Бізде болжам жасайтын арнайы топ бар. Олар алдағы үш айға болжам жасап берген. Біз сол болжам бойынша жұмысымызды күшейтіп, әрекеттеніп жатырмыз. Олардың болжамы бойынша, СOVID-19 індетін жұқтырушылар саны тамыз айының 10-11 күндері аралығында көбейеді. Қазіргі кезде күніне 400-420 адам тіркелсе, тамыз айында бұл көрсеткіш 800-840 дейін көбеюі ықтимал. Бізде түрлі болжамдар бар, бір болжам пессимистік болса, екінші болжам оптимистік. Біз барлық жағдайға дайындалып жатырмыз», -деді  Нариман Табынбаев.

Дәрігердің айтуынша, қазірдің өзінде жағдай қиын болып тұр, бірақ жағдай күрделенетін болса, ауруға төтеп беру үшін қосымша төсек-орындар дайындалып жатыр. Осы мақсатта медбикерлер мен тазалықшыларға арнайы курсттар ұйымдастырылып, дәрігер мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттерді дайындап жатыр.