Алматы академиясында Бауыржан Момышұлына арналған дәріс залы ашылды

Алматы академиясында Бауыржан Момышұлына арналған дәріс залы ашылды
Сурет: Polisia.kz

Елсіз ер болмайды, жұртсыз жігіт болмайды.

Кеше Қазақстан Республикасы ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясында Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы атындағы заманауи интерактивті дәріс залы ашылды.

«Халқымыз Бауыржандай батыр ұлын қанша мадақтаса да, артық болмайды. Бауыржан Момышұлының дәріс залының Алматы академиясында ашылуының екі себебі бар. Біріншіден, Баукең өзінің ерлік ғұмырының бір кезеңінде ішкі істер органдарында қызмет атқарған. Екіншіден, кезінде қазіргі Алматы академиясының тыңдаушыларымен кездесулер өткізіп, ішкі істер органдарының болашақ қызметкерлеріне адал жұмыс істеуді аманаттаған тұлға. Бауыржан Момышұлы - біз үшін ерліктің, патриотизмнің үлгісі. “Отан үшін отқа түссең, күймейсің” деп батыр бабамыздың өзі айтқандай, бұл дәріс залы болашақ полиция қызметкерлерін ерлікке үндеп, Отанды Бауыржанша сүюге баулитын болады. Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының алдына қойған басты міндеттерінің бірі – күнделікті полиция қызметінде заманауи технологиялық құралдарды кеңінен қолдану. Осыған орай Бауыржан Момышұлы атындағы дәріс залы интерактивті құралдармен жабдықталды», – деді дәріс залының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Академия басшысы А.Сайтбеков.

Қазақтың батыр ұлына арналған дәріс залының ашылу салтанатына халқымыздың ұлы тұлғаларының өмірі мен еңбегін зерттеуші ғалым Мекемтас Мырзахметұлы, ҚР ІІМ Кадр саясаты департаментінің басқарма басшысы Қ.Тоқыбаев, Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова, Алматы қаласы ПД бастығы Арыстанғани Заппаров, Жамбыл облысы Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Анар Ахметова қатысып, батыр бабамыздың өмірі мен ерлігі жайлы сөз сөйледі.