Ақ қар, көк мұзда...

Ақ қар, көк мұзда...
Суретті түсірген Қайрат ҚОНЫСБАЙ

 Не байқадыңыз?


Ауа райын болжайтын мамандардың пікірінше, алдағы күндері қалың қар жауады. Көктайғақ болады. Мұндайда, әрине, адамдардың қауіпсіздігі маңызды.

 

«Жұмыстан қалатын болдық қой...»

 

 

Қазір түстен кейін оқитын төменгі сынып оқушыларын мұғалімдері ерте қайтарып жүр. Суықта аялдамада тұрып тоңып қалмасын дейді. Ал солтүстік облыстарда тіпті бастауыш сынып оқушылары онлайн-оқуға көшкен де болар мынадай ауа райында.

Әлгінде ауылдан Алматыға қатынайтын автобуста келе жатырмыз. Автобус жол бойымен ақырын жүріп келеді. Бір жолаушы әйел:

– Тезірек жүрсеңізші, жұмыстан қалатын болдық қой, – деп ашу шақырды.

– Мен өз ауаныммен, өз уақытыммен келе жатырмын, бұдан артық жүре алмаймын, көріп тұрсыздар, жол тайғақ. Жол амандығы, жолаушылардың амандығы керек, – деді жүргізуші.

Бір кезде автобус жүргізушісіне диспетчер қыз хабарласты. Дауысы бәрімізге естіліп тұр.

– Қайырлы күн! Алдыңызда келе жатқан «143» (автобус нөмірі болар) сынып қалды, қазір соңғы нүктеге жеткен кезде, кері қайта шығарсыз. Артыңыздан келе жатқан автобус та тоқтап қалды, – деді.

– Жақсы, қабылданды, – деді жүргізуші. – Әне, сіздер тез жүрмедің дейсіздер, таң атпай жатып екі автобусымыз сынып қалыпты жолда. Мына ауа райы оңай тимейін деп тұр қай-қайсысымызға да. Қар түнімен жауды.

 

Ақ қар, көк мұзда...

 

Кеше кешке телеарнадан жол-көлік мамандары сөйлеп жатыр екен. Құлақ түрдім. «Әлеуметтік желіде тарап жүр» деп бір видеоны көрермен назарына ұсынды. Онда республикалық маңызы бар үлкен жолда «ары қарай жүруге болмайды, жол жабық, қар басып қалған» деген үш полицейді тыңдамай, жолға шыққан ер адамдар «ей, итерме мені, жібер, өткіз бізді» деп қоқаңдап тұр. Ал қазір «ақыры онлайн оқудасың ғой» деп көліктеріне бала-шағасын салып алып жолға шығатындар да қауіпсіздікті ойламайды. «Таксистер де бір күнде екі-үш рейс жасап тастауымыз керек деп жанталасып, жол қауіпсіздігін ескермейді» деп шырылдап тұр маман. Ал ондайлардың темір тұлпарының дөңгелегі күрежолда сырғанап, екінші көлікке соқтығысқанда барып өкініп жататынын күнделікті өмірде көріп жүрміз. Ақ қар, көк мұзда жолға шығып, бала-шағасымен бір отбасы түгел опат болып жатқан жағдайлар да аз емес.

 

Айналайын, азамат екен!

 

Өткенде «Алматы тазалық» мекемесінде жұмыс істеп, күндік нәпақасын тауып жүрген көше тазалаушы еңбек адамдарымен сөйлескенімде, жұмыстарының, әсіресе, қыс мезілінде ауыр болатынын айтып қалған-ды. Шынымен де, біз әлі жылы көрпенің астында ұйықтап жатқанда, олар таң қараңғылығынан тұрып, мынадай аязда қар күреп, жолға тұз, құм сеуіп жүреді. Біздің таңертең аман-есен жұмысқа, сабаққа жетуіміз үшін жағдай жасап жүргендер.

Айтпақшы, өткенде әлеуметтік желіде Алматының Арбатында сол маңнан өтіп бара жатқан жүргінші бір қазақ жігітінің қызғылт сары жилет киген, қар күреп жатқан бір әйелдің қолындағы күрегін алып, қар күреп жүрген видеосы тарап, жүрегімізді бір толқытқаны бар-ды. Айналайын-ай! Анасындай адамның белі бүгіліп, мына суықта қар күреп жүргеніне жаны ауырып кеткен болар. Әлемді сондай мейірім, қайырым сынды биік қасиеттер ұстап тұр ғой негізі. Және де әйел-анаға деген құрмет қандай!

 

«Аlmaty-akshamу», №4 (6297) 12 қаңтар, 2023 жыл