Алматы әкімі Ерболат Досаев Нидерланды Корольдігінің елшісі Андре Карстенспен кездесті

Алматы әкімі Ерболат Досаев Нидерланды Корольдігінің елшісі Андре Карстенспен кездесті
Cуреттер: Almaty-akshamy.kz

Қазақстандағы Нидерланды Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенспен кездесу барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ инновациялар мен жаңа технологиялар саласындағы әріптестік мәселелері талқыланды.        

Өткен жылдар ішінде Нидерланды Корольдігі Қазақстанның ЕО елдері арасындағы жетекші әріптестерінің  және Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялар көлемі бойынша негізгі инвесторының біріне  (2005 жылдан бастап 103 миллиард доллар) айналды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қала әкімі Ерболат Досаев атап өткендей, Алматы мен Нидерланды Корольдігі арасындағы тауар айналымы 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы өткен жылдың осы ұқсас кезеңімен салыстырғанда 17%-ға өсіп, 56 млн долларды құрады. Қалада голландиялық капиталдың қатысуымен 285 компания жұмыс істейді, ал бүкіл ел бойынша олардың саны 702.  

Сондай-ақ, Тараптар Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының 7 бағыты бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларды талқылады. Ерболат Досаев атап өткендей, қазақстандық тарап Нидерландының қоғамдық көлікті басқару, экология, қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы тәжірибесін зерделеуге мүдделі. Корольдік - Еуропадағы экологиялық ең таза мемлекеттердің бірі. Йель университетінің 2022 жылғы экологиялық көрсеткіштер индексіне (KPI) сәйкес Нидерланды 11-ші орында.

 Кездесу барысында осы айда Қазақстан мен Нидерланды арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толғаны  (1992 жылғы 10 қыркүйек) атап өтілді. Осынау айтулы күнге орай 2 қазанда Алматыда Orange Benelux Bicycle Tour жалпықалалық веложарысы өтеді, оған 1 мыңнан астам адам қатысады. Велошерудің жалпы қашықтығы 15 км құрайды.

Кездесуге қатысушылар бұдан былайғы  өзара тиімді ынтымақтастықтың елеулі әлеуеті мен перспективалық бағыттарын атап өтті.