Алмат Кебіспаев әлем чемпионатының бес дүркін жүлдегері атанды
Отандасымыз әлемдік додада қола медальді жеңіп алды.
Қазақстандық балуан Алмат Кебіспаев Ослодо өтіп жатқан әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.
Норвегияда күрес түрлерінен әлем чемпионатының соңғы жарыс күнінде Қазақстан қоржынына қола медаль түсті.
Алмат Кебіспаев грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жұбаныш белдесуінде Мурат Фиратты (Түркия) 7:4 есебімен жеңіп, қола жүлдеге ие болды. Нәтижесінде құраманың көшбасшысы Алмат Кебіспаев әлем чемпионатының бес дүркін жүлдегері атанды.
Айта кетерлігі, Алмат Кебіспаев бұған дейін грек-рим күресінен әлем чемпионатының бір күміс және үш қола медалін жеңіп алған.