Алимент төлемейтіндердің қарызы 14 млрд теңгеге жетті

Алимент төлемейтіндердің қарызы 14 млрд теңгеге жетті
Сурет: Ktk.kz

Екі мыңнан астам адамға іздеу жарияланды.

16 мың қазақстандықтың елден шығуына тыйым салынған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қазақстанда алимент төлеуден қашып жүрген адамдардың қарызы 14 млрд теңгеге жетті. Олардың арасында әйелдер де бар.

Сот орындаушылардың өндірісінде алиментке қатысты 305 мыңға жуық іс жатыр. Алимент төлемеуден Астана және Алматы қаласы алдыңғы орында тұр.

«Алиментті аз төлеу үшін еңбекақысын 70 мың деп көрсететіндер өте көп. Өзге айларда 500 мыңнан еңбекақы алғандар дәл алимент төлейтін кезде бірден айына 60-70 мың теңге алатын болып шыға келеді. Баласына алимент төлемеу үшін мүлкі мен бизнесін басқа адамға жазатындар да көп», - дейді мамандар.

Мұндай шешімі қиын алимент мәселесін сот орындаушылар да алғысы келмейтін көрінеді.

Заң тіпті жұмыссыздарды да алимент төлеуге міндеттейді. Сонымен қатар борышкерге қылмыстық іс қозғау үшін үш ай ғана ақша аудармау жеткілікті.

«Ең жеңіл жаза бойынша борышкер қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін, ең ауыры, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Өткен жылы ғана алимент төлемеген жүзден астам қазақстандық сот арқылы қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - дейді Астана қаласы бойынша жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының басшысы Саламат Әділбекұлы.