Алатау қарттары әркез алда

Алатау қарттары әркез алда
Сурет: ашық дереккөз

Біздің Алатау ауданы ардагерлерінің басты мақсаты – мектеп оқушыларымен жиі кездесіп, болашақ туралы келелі әңгіме өткізіп, жас буын мен аға буын арасында жанды диалог орнатып, білгенімізбен бөлісу.

Сондай-ақ, жылда Қарттар айлығына белсене қатысамыз. Соның нәтижесі болар, барлық сайыста қала бойынша біздің аудан тек алдыңғы орыннан көрініп келеді.

Бізде 27 ықшамаудан бар. Әр ықшамауданның өкілдері дастархан жайып, ән-күй ұйымдастырып, ардагерлерін құрметтеп шақырып, төріне шығарады. Осынау жұмыстардың басы-қасында жүрген – аудандық Адагерлер кеңесінің төрағасы Сағаттула Таубалдыұлының орынбасары Нұрқасым Тоқмолдаев. Сондай-ақ, бәріне қолдау көрсетіп, көмек беретін, марапаттайтын аудан әкімі Азамат Қалдыбекұлына да алғысымыз шексіз.

Біздің ардагерлер Түркістан, Арыстанбап, Самархан, Бұқараға барып, зиярат етті. 70–90 жастағы ардагерлеріміз «жасымыз келді» деп қарап отырмай, Америкаға да барып, қазақтың кім екенін, салт-дәстүрін паш етіп қайтты. Оларды сол АҚШ-тағы қазақ азаматтары ұшақтан күтіп алып, қызмет көрсеткен. Қазақтың қарттарын алақандарына салып күтіп, қыдыртып, батасын алып, шығарып салған.

Біздің ардагерлер көрші, бауырлас қырғыз, өзбек жеріне де барып қайтты. Ол жақта да өнерімізді ортаға салып, бәріміз бауыр-қандас екендігімізді білдіріп, ықылас-ниетімізді танытып, өте риза болып оралдық. Мен салауатты өмір салтын ұстанған, сергек замандастарымды әркез мақтан тұтамын.