Air Astana жазғы ұшу кестесіне көшті

Air Astana жазғы ұшу кестесіне көшті
Сурет: Dknews.kz

Ол 29 қазанға дейін жалғасады.

26 наурыздан бастап Air Astana көктемгі-жазғы ұшу кестесіне ауысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, әуе компаниясы көктемгі-жазғы ұшу кезеңінде халықаралық рейстердің санын арттырмақ.

"Алматыдан Анталияға рейс саны аптасына – 10, Астанадан – 7, ал Тбилисиге сәйкесінше аптасына 7 және 3 рейске дейін ұлғаяды. Алматыдан Ташкентке аптасына – 14, Астанадан – 5, Алматыдан Бішкекке – 9, ал Лондонға 5 рейске дейін ұшулар жүзеге асырылады. Алматыдан Чендуға апта сайынғы рейске қоса әуекомпаниясы Алматыдан Бейіжіңге күн сайын және Астанадан аптасына 2 рет рейс орындайды. Ыстамбұлға Алматыдан аптасына – 11, Астанадан – 7, Атыраудан 3 рейс орындалады. Алматыдан Баку және Душанбе қалаларына Air Astana аптасына 4 рет қатынайды", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, әуе компаниясының көктемгі-жазғы кестесіне тұрақты маусымдық бағыттар оралады.

"Алматыдан Бодрум мен Ираклионға, сондай-ақ Алматы мен Астанадан Подгорицаға рейстер аптасына 3 рет, ал Алматыдан Батумиге аптасына 5 рет орындалатын болады. Әуе тасымалдаушы Таиландқа тікелей күн сайынғы рейстерді орындауды жалғастырады: Алматы-Бангкок бағыты бойынша аптасына – 3 рет, Алматы-Пхукет бағытында – 4 рет", - делінген компанияың мәліметінде.