Әуезов пен әлем қалай үйлесті?

Әуезов пен әлем қалай үйлесті?
almaty-akshamy.kz

Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар осы сауалға жауап іздеді

Заңғар жазушы М.Әуезовтің 125 жыл мерейтойы қаламызда жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұлы жазушыны еске алу шарасы оның қабірі басында Құран оқып, ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталып, «Достық үйінің» мәжіліс залында «М.О.Әуезов мұрасы және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясымен жалғасын тапты. Шара барысында М.Әуезовтің қазақ әдебиетін және драматургия мен ұлттық театр өнерін дамытушы ретінде баға жетпес мұра қалдырғаны туралы айтылды.

«Алматы кемеңгер М.Әуезов шығармашылығының қайнар бұлағы, Абай атын бүкіл әлемге әйгілеген ұлы туындыларын дүниеге әкелген алтын ұясы болған қасиетті қала екендігін барлығыңыз жақсы білесіздер. Сонау Семей өңірінде балалық шағын өткізіп, қабырғасы қатып, қаламы ұшталып, Алматыға табан тіреді. Жазушының шығармалары Алатаудың баурайында тамыр жайып, әлем өркениетіне мәуесін жайған бәйтерекке айналды. Кемеңгер қаламгердің 40 жылға жуық ғұмыры Алматы қаласымен тығыз байланысты. Бұл жазушының өнімді еңбек етіп, өнегелі өмір сүрген ең жемісті жылдары. Оның Қазақстан Жазушылар одағындағы құдіретті үні, дәрістері, театрда қойылған қойылымдары, қаншама ғалымдарды даярлауда еткен еңбегі біздің санамызда. Жазушының шығармашылығын болашақ ұрпаққа дәріптеу, жеткізу біздің азаматтық парызымыз», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Конференцияға Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Әзірбайжан, Мажарстан, Нидерланды және басқа елдердің жетекші ғалымдары, отандық ғылым саңлақтары мен ғылыми қызметкерлер, оқытушылар мен жас ғалымдар қатысты.

«Әуезов түркі әлеміне зерделі зерттеумен, терең таныммен келді. Мәселен, қазақ халық мұрасының, жалпы алғанда, ұлтымыздың кескін-келбетінің алтын өзегі түркілік рух екені қалтқысыз негізделген. Жалпы, М.Әуезовтің түркі эпосының шығу тегі мемлекеттік дәстүрмен байланысты болған деген жүлгелі ойлары кейінгі зерттеулеріне дейін жалғасып, «Манас» эпосын байырғы қырғыз хандығы тарихымен, кеңірек алғанда, түркі эпикалық дәстүрін Күлтегін, Тоныкөк жырларымен сабақтастықта зерттеу керек екені туралы түркологияда алғашқылардың қатарында пікір білдіргені аян», – дейді ТÜRKSOY халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев.

Конференциядан кейін зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Мұхтар Әуезов және Жаңа Қазақстан: рухани мәдениеттің қоғамдық сананы дамытудағы рөлі» атты республикалық дөңгелек үстел өтті. Онда жазушының шығармалары әлем халықтарының қызғушылығын оятып жатқандығы баян етілді.

«Қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған жазушы ағайымыз қартайған кезінде біздің өлеңдеріміз жаңадан кітапқа басылып шыға бастаған болатын. Сол кездердің өзінде біздерге өзінің пікірін білдіріп, ағалық ақыл кеңесін айтатын еді. Қарап отырсам, міне, біз де сол кісінің жасына келіп қалыппыз. М.Әуезов Алаш арыстарының аманатын орындаған жазушы. Сталиннің өзі о дүниелік болар алдында зиялы қауым өкілдерінің өмірін қиды, шығармаларына қиянат жасады. Сол кезеңдерде қиянат көрсе де, аман қалып қызмет жасаған ұлтымыздың ұлы тұлғалары аз болды. Оның бірі Қ.Сәтбаев болса, екіншісі М.Әуезов болатын. Жазушыны әлем әдебиетіне үлкен олжа салды деу аз, ол оны жаңа биікке көтерді, көркемсөз бен көсемсөздің керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктетті, парасат-пайымының көсегесін көгертті», –дейді ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов.

Іс-шарада М.Әуезовтің тек заңғар жазушы ғана емес, балаларына қамқорлық танытып, білімді азамат атануына өз үлесін қосқандығы жайлы да айтылды. Тіпті, көпшілік біле бермейтін тың деректер де ұсынылды.

«Әкеміз бізге кішкентай кезімізде түрлі әңгіме, дастандарды айтып отыратын. Олардың көпшілігі еліміздің тұмса табиғатымен байланысты еді. Біз әңгіме арқылы табиғатқа тамсанып, көргендей күй кешетінбіз. Әкеміздің Жапонияға, Қырғызстанға жасаған сапары жайлы көбісі біле бермейді. Осы ретте әкеміздің қазақ тарихына бойлатын туындылары жарыққа шықпай қалған еді. Қазір қарап отырсам, біздер көне дәуірді, орта ғасырлардағы оқиғаларды, зар-заман ақындарын, жыршы-жырауларымызды білуіміз қажет. Сонда біз жазушының жан сырын ұғына аламыз. Оның жазғандарын, айтқысы келгенін бірден түсінеміз», – дейді мәдениеттанушы, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымының кандидаты, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов.

Іс-шарада жазушының әлемдік өркениет пен адамзат ақыл-ойындағы орны мен рөлін айқындау, қазақ және әлем әдебиетінің әдеби байланысын нығайту керектігі айтылды.

«Біз М.Әуезовтің мұрасын жаңа қырынан танып, оны әлемдік аренаға көтеруіміз қажет. Осы уақытқа дейін біз мұхтартануды социалистік реализмде шығармасын тудырған қаламгер ретінде танып келеміз. Ал негізінде ол олай емес. Сол кездің өзінде Мұхтар - барлық адамзаттың мәселелерін көтерген ірі қаламгер. Сондықтан ол әлемге тез танылды. «Абай жолы» романы тек қазақтың тұрмысын ғана насихаттап қойған жоқ. Жалпыадамзаттық проблемалардағы Абай секілді ақындардың мәселесі қалай көтерілді деген сұраққа жауап берді. Сондықтан оны оқыған әлем елдері өзінше ұнатып, оны қызыға оқыды», – дейді М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы Кенжехан Матыжанов.

Халықаралық ғылыми конференцияның соңында бес бірдей кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Кэролайн Сэвидж, «М.О.Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры, филология ғылымының кандидаты Диар Қонаев қатысты. Сондай-ақ, «Менің Әуезовім» атты оқушылардың республикалық шығармашылық сайысының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.