Әр беті – тұнған тарих

Әр беті – тұнған тарих
сурет: adebiportal.kz

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымын басылымның 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Бұл қасиетті шаңыраққа қазақтың қай жақсысы бас сұқпады дейсіз?! Кешегі сері Сәкен мен құлагер Ілияс, кербез Ғабит пен қара нар Бейімбет аталарымыздың аяғының ізі, қаламының табы қалды. Одан кейін де газеттің басында қазақтың кіл арғымақ ұлдары, қадірлі қаламгерлері отырды. Сырбай Мәуленовтен Әзілхан Нұршайықовқа, одан Шерхан Мұртаза мен Сайын Мұратбековке жалғасқан салқар керуен ұлттық әдебиеттің ұлы көшін тынбай алға сүйреп келеді, - деп жазды ол өзінің Facebook-тегі парақшасына.

Сондай-ақ газеттің қаншама буынды қалыптастырғанына тоқталып, 90 жылдан бері тақырыбы ауқымды, талабы биік, өресі үлкен әдебиет қалыптасса, оған осы ата басылымның еңбегі ересен екенін атап өтті.

Осы ретте Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да газеттің алғаш жарық көргеніне 90 жыл толуына орай өзінің жылы лебізін білдірді.

Оқырманының көзайымына айналған газеттің әр беті – тұнған тарих, әлі де жазары таусылмаған. Мемлекет басшысының бастаған реформалары мен халық үшін маңызды ақпараттарын қалың оқырманына талмай жеткізіп, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртып келеді. Басылым қоғамымыздың рухани азығына айналып, жас қаламгерлердің шығармашылығын шыңдайтын абыройлы алаңға айналды, - деді министр.

Сонымен қатар, ол әдеби басылым редакциясы ұжымына таусылмас шабыт, толайым табыс тіледі.