Әлемнің 150-ге жуық журналисі Шымбұлақта бас қосады

Әлемнің 150-ге жуық журналисі Шымбұлақта бас қосады
Сурет: Диас Нұрақын

2024 жылдың 3-6 наурызында Алматыда SCIJ (The Ski Club of International Journalists)  халықаралық клубының 69-шы отырысы өтеді, оған 25 елден 150-ге жуық журналист қатысады, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Қаламды қару еткен кәсіби және спорт журналистері арасындағы байланыстар мен өзара қарым-қатынасты нығайта түсу идеясын ұстанған халықаралық журналистердің шаңғы клубына 31 ел мен үш континенттен үш мыңнан астам белсенді журналистер мүше. Бүгінгі таңда SCIJ клубының президенті - канадалық Фредерик Уоллас болса, бельгиялық Бруно Шмитц клубтың бас хатшысы.

1955 жылғы қырғи-қабақ соғыстың шағында үкіметтер арасындағы саяси салқындық журналистер мен спортшылардың арасындағы емін-еркін қарым-қатынасқа сызат түсірмеуі керек деген оймен француз Жиль де Ла Рок клубтың негізін қалайды. Содан бері жыл сайын клуб мүшелерінің дәстүрлі кездесулері әлемнің ең үздік тау курорттарында өткізіліп келеді. Мұндай кездесулер бағдарламасына тау шаңғысы және шаңғымен жүгіру жарыстары қамтылады. Сонымен қатар, кездесуде саяси және кәсіби тақырыптар талқыланады. Кездесу өткізген елдің жетістіктері, салт-дәстүрлері, мәдениеті мен ұлттық тағамдарымен танысады. Қысқасы, әр елдің жорналшылары бір-бірімен етене танысуға мүмкіндік алады. 

Бұған дейін кездесулер Испаниядағы «Baqueira-Beret», Италиядағы «Sestriere», Франциядағы «Val Cenis Vanoise и Val d’Arly», Ресейдегі «Роза Хутор» және Болгарияның «Пампорово» сияқты әлемнің 74 атақты таулы курорттарында өткен. Ал өткен жылы клуб мүшелері Канаданың «Marble Mountain» шипажайында кездесті. Биыл Алматыдағы «Шымбұлақ» шипажайында SCIJ клубының отырысын өтеді. 

«Біз SCIJ халықаралық отырысын өткізу құқығын 2020 жылы жеңіп алдық. Бірақ пандемияға байланысты оны 2021 жылдан 2024 жылға ауыстыруға тура келді. Халықаралық клубтың қазақстандық филиалының журналистері шетелдегі әріптестерінің елімізде ерекше әсер алып кетуі үшін көп күш жұмсауда», - деп түсіндірді SCIJ Қазақстан президенті Ирина Баженова.

6 наурызда «Шымбұлақ» шипажайында журналистер арасында тау шаңғысынан бақ сынайтын болады. Ал 9 наурызда «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде шаңғымен жүгіруден жарысады.

«Бұл жарыстар шаңғы спорты бойынша журналистер арасындағы бейресми әлем чемпионаты болып саналады. Сондықтан жеңіске үміткер журналистер секунд үшін бар күш-жігерін жұмсайтын болады», - дейді SCIJ Қазақстан президенті Ирина Баженова. 

Ол қазақ журналистерін халықаралық байқауларда жеңіс тұғырынан көреміз деп үміттенеді.

Жалпы Қазақстан 2012 жылы Түркияда өткен кездесуге қонақ ретінде қатысқан. 2013 жылы Италияда өткен кездесуде үш адамнан тұратын қазақстандық команда SCIJ-ке ресми түрде қабылданды. SCIJ Kazakhstan клубы құрылған 10 жыл ішінде қатысушылар саны 45 адамға жетті.