Әлем чемпионатында аруларымызға айрықша арқа сүйейміз

Әлем чемпионатында аруларымызға айрықша арқа сүйейміз

Барыс жылындағы соңғы дүбірлердің бірі саналатын шахматтың рапид және блицтен өтетін әлем чемпионатының Алматыда алауы жағылатын күнге де аз қалды. Дүниежүзінің таңдаулы шахмат шеберлері тоқайласатын әлемдік аламанда, сөз жоқ, біздің елдің жанкүйерлері қыздар командасынан үлкен үміт күтеді. Рас, бәйге басталмай тұрып түрлі болжам, байлам айтып,  пікір білдіру - әркімнің өз еркі. Біз қыздардан үміт күтеміз дегенде, ерлер командасындағы шахматшыларымыздың шеберлігіне шүбә келтіргендіктен емес, елу жылдан аса уақыттан бері қазақ жерінде шахмат қыздар арасында қарқынды дамып, үздік нәтиже де көрініп келеді. Осыған қарап та салыстырып, ерлердің жетістігінен гөрі қыздарымыздың шахмат додасынан алған олжасы орасан екенін бағамдаймыз.

Қазақстан шахмат федерациясы мен бапкерлер Алматыда өтетін әлем чемпионатына еліміздің үздік шахмат шеберлерінен сырт, яғни бірінші нөмірлі спортшыларымызбен бірге тәжірибесін шыңдау үшін жас өскіндерді де додаға қосып көруді жөн санап отыр. 

"Тойдың болғанынан боладысы қызық" дейді қазақ. Міне, Алматыда шахматтың рапид және блицтен әлем чемпионаты да жалауын желбіретті. Бұл ғаламдық дода Қазақстан шахматының алар асуы, жаңа бір белесі болмақ. Еліміздің ерлер құрамасында буын алмасу процесі жүргені белгілі, жаңартулар болды. Сондықтан да құрама қатарына қосылған жас жігіттер үшін Алматыдағы әлем чемпионаты тәжірибе жинап, шыңдалу мектебі саналатыны сөзсіз. Ал қыздарымыздан, оның ішінде әлемдік деңгейде жарқырап көрініп жүрген көшбасшы арулардан, үлкен үміт, жеңіс күтетініміз анық. Медаль алатын саңлақтардың арасында біздің де шахматшы қыздарымыз бар деп нық сеніммен айтуға болады.

Олай дейтініміз, әлемдік деңгейдегі үздіктер санатына қосылатын бір емес, үш бірдей шахматшы қызымыз бар. Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева "классикадан" да жоғары нәтиже көрсетіп,  өзге форматтағы ойындарда да өздерінің әлеуеті жоғары, тегеуріні мықты екенін дәлелдеп келеді. Әлемдік рейтингте тұрған таңдаулы шахматшылардың арасынан ойып орын алатын үш қызымыздың даңқы елімізге ғана емес, ғаламға жайылған десек, артық болмайды. Бұған дейінгі әлем чемпионаттарында өз жеңісімен беделін арттырып,  құрметке бөленіп жүрген аруларымызды мемлекетіміз де, Қазақстан шахмат федерациясы да қолдап қуаттап, үлкен демеу жасап келеді. Жанкүйерлердің де үздіктерге деген құрметі, қолдауы ерекше қашанда. Қазақстан шахматының "алтын үштігі" саналатын аруларымыз отандық шахматтың дамуына да орасан үлес қосып жүр. Қазақ қыздарының  шахмат додасындағы жетістігі жас буынның осы спорт түріне деген қызы, ушылығын да оятуы заңдылық.

Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) 2022 жылдың 1 желтоқсанында жаңартқан рейтингінде халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Жансая Әбдімәлік класикалық шахмат пен рапидтен 14-сатыға орнықты, ал блицте 11-орында. Жансая 2017 жылы 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынды. Былтыр ФИДЕ өткізген ғаламдық гран-при турнирінде барлық қарсыластарын шаң қаптырып, чемпион атанды. Жансаяның қоржынында тағы бір қомақты табыс бар, ол – Германияда әйелдер бундеслигасына қатысып, OSG Baden-Baden командасының сапында жеңіске жетті.

Бибісара Асаубаева әлемдік рейтингте "классика" бойынша 31-орынға тұрақтады. Рапидте 22-ші сатыда, блицте 14-орын бұйырып тұр. Әлемдік шахмат жұлдызына айналады деп үміт артатын жастың бірі - біздің Бибісара қызымыз. Өйткені Асаубаева 20 жасқа дейінгілер арасында өткен әлем чемпионатында алтын алды, классикада күміс медальға ие болды. Және ең басты жеңісі - былтыр Польша елінде өткен блиц түрінен ересектер арасындағы әлем чемпионатындағы сенсациялық табысы. Рапидтен әлем чемпионатындағы күміс медалі тағы бар. Былтырғы әлем біріншілігінде  блицтен ең жас әлем чемпионы атанған Бибісара сол биігінен төмендемей, тарихи жеңісін қайталайды деп сенеміз. Рапидтен Азия құрлығының чемпионатында да чемпион атанды, балалар арасында өткен халықаралық турнирлерде де орасан жетістіктерге жетті.           

Қыздар арасында халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Динара Сәдуақасова да ФИДЕ рейтингде үздік 100 шахматшының ішінде 32-орында тұр. Рапидтен 16-сатыда, блицтен 15-орын бұйырып тұр Динараға. Динараның да еншісінде 20 жасқа дейінгілер арасында өткен әлем чемпионы деген атағы бар. 2016 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында үздік шықты. 2019 жылы Азия чемпионатында да топ жарды. Былтыр клубтар арасында өткен Еуропа чемпионатында Ресейдің  South Ural командасының сапында қатысып жеңімпаз атанды. Клубтар арасында өткен Еуропа чемпионатында көшбасшы Динара бірінші тақтада ойнап, командаластарын алға жетелеп отырды.  

Шахмат жанкүйерлері ғана емес, күллі қазақстандықтардың қыздар құрамасынан үлкен үміт күтуі осындай саңлақтарымыздың жетістігіне байланысты. Және қыздар арасында қазақ шахматының алтын буыны өсіп келе жатыр деп ауыз толтырып айтуға болады. 17 жасқа енді шыққан Меруерт Қамалиденова ересектер арасында былтыр да, биыл да Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, екі дүркін Қазақстан чемпионы атанды. Меруерт 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 2019 жылы әлем чемпионы атағымен шектелген жоқ, осы жылы Азия біріншілігінде де оқ бойы озық шықты. Биыл 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен әлем чемпинатынан күміс медальмен оралды. Халықаралық шахмат федерациясының жасөспірімдер арасындағы рейтингінде үздік ондыққа да кірген болатын. 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегер деген атағы бар Әсел Серікбайдың да жыл санап қарқынға қарқын қосып келе жатқанын байқаймыз. Былтыр рапидтен әйедер арасындағы әлем чемпионатын бесінші орынмен аяқтаған Әсел бір жылдан кейін күміс медаль алды. Блицтен 18 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионы атанған Назерке Нұрғали 14 жасында әлем біріншілігінің алтынын алған  Зарина Нұрғалиеваға да жарқырап көрінетін сәт туып отыр. Ксения Балабаева, Алуа Нұрманова, Лия Құрманғалиевалардан қазақ елі зор нәтиже күтеді.

Алда бір апта бойы Алматыдағы әлемдік тартыс тұр. "Классикадан" әлемнің экс-чемпионы Тань Чжун, Александра Костенюк, Антоанета Стефанова, Анна Ушенина сынды үздіктердің тегеурінін тойтару қыздарымызға үлкен салмақ артпақ. Алатау бөктерінде өтетін әлемдік додада  ФИДЕ рейтингінің көшін бастаушы Александр Горячкин,  Хампи Конер,  Катерина Лагно,  Нана Дзагнидзе, Харика Дорнавалли секілді үздіктер де өнер көрсетеді. 

Қазақ шахматшыларына толайым табыс тілейміз. Ал қала тұрғындары мен туристерді бекзада өнер саналатын шахматтың әлем чемпионатын тамашалап, жерлестерімізге жанкүйер болуға шақырамыз.