Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырамын!

Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырамын!
Сурет: Akorda.kz

Бұл – Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті.

Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы осылай деді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Біз ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән беруіміз қажет. Бұл – Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті. Сондықтан, мынадай бағыттарға назар аудару қажет деп ойлаймын.

БІРІНШІ. Жалпыұлттық бірлікті нығайту

Біз демократия дәстүрі жетілген, мықты азаматтық қоғам құрамыз. Бұл – стратегиялық бағытымыз. Осы бағдарды берік ұстануымыз керек. Соңғы үш жылда бұл салада біраз нәтижеге жеттік. Билік пен халық арасында мазмұнды диалог орнаттық. Бұған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор септігін тигізгенін атап өткім келеді. Сол арқылы бірқатар озық идеялар ұсынылды.

Митингілер туралы демократиялық заң шықты. Партиялық сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота енгізілді. Қоғамдық кеңестердің жұмысы жандана түсті. Саяси жаңғыру бағдарламасы арқылы оң бастамалар лайықты жалғасын табары сөзсіз».

«Біз «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануымыз қажет. Бір-біріміздің ой-пікірімізді тыңдап, құрметтей білсек, алға қадам басамыз.

Біз демократиялық реформа жасаймыз деп, мемлекетті әлсіретуге еш жол бермеуіміз керек».

«Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі. Онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Сондықтан, бұл қағида біздің ең басты бағдарымыз болуға тиіс.

Жалпы, отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар  бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді.

Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» көмегіне сеніп отырған, заңға бағынатын қарапайым жұрт назардан тыс қалмауы керек».

«ЕКІНШІ. Реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру

Ең бастысы, біздің бағдарымызды халықтың басым көпшілігі қолдап отыр. Азаматтарымыз елімізде түбегейлі өзгеріс болатынына сенеді. Дегенмен, референдум табысты өтті екен деп, босаңсуға болмайды. Нағыз жұмыс енді басталды.

Реформаны жүзеге асыру барысын елге ұдайы түсіндіріп отыруымыз керек. Қазірдің өзінде жаңғыру үдерісі біртіндеп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастады. Шын мәнінде, жаңғырудың әсерін әрбір азаматымыз сезінуі қажет. Елдегі өзгеріске әркім өз ісіндей қараса, шын мәнінде, жаңару жолына түсеміз. Мұны еліміздің әрбір азаматы терең түсінгені жөн».

«Қазір – интернет дәуірі. Жастар өзіне қажет мәліметті ғаламтордан алады. Дәстүрлі ақпарат құралдарымен қатар, әлеуметтік желіге баса мән беру қажет. Жаңғырудың маңызын ұрпақ санасына сіңіру үшін жаңа тәсілдерді қолдану керек.

Жалпы, түсіндіру жұмысы кезінде жастарға айрықша назар аударған жөн. Өйткені, бүгінгі реформалардың игілігін ертең солар көреді».

«ҮШІНШІ. Жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру

Құрылтайға қанша адам кірсе де, қоғамды толық қамти алмайды деген пікір айтылып жүр. Бірақ, Құрылтай мүшелерін көбейте берсек, одан пайда болмайды. Бұдан жұмыстың берекесі қашып, ұйымдастыру ісі қиындап кетуі мүмкін.

Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет».

«Біз Жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ.

Мен Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады.

Жұрт реформаның нақты пайдасын көруі қажет. Сондай-ақ, оған тікелей қатысуға мүмкіндігі болуы керек. Азаматтар өзекті мәселелер бойынша интерактивті сауалнамаға қатысады. Кез-келген түйткілді шешу жолын ұсынып, елімізді жаңғыртуға өз үлесін қоса алады.

Қайырымдылық істерді үйлестіретін түсінікті әрі тиімді электронды сервисті іске қосуға болады. Мұның бәрі цифрлық демократияны дамытатын технологиялық платформаның негізін қалайды. Дамыған мемлекеттер осыған ұмтылып жатыр. Біз ғаламдық өркениеттің көшінен қалып қоймауымыз қажет. Ұлттық құрылтайдың электронды нұсқасын жасаған жөн. Сонда әрбір азаматымыз ортақ іске атсалысады».

«Мен былтыр еліміздің академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы тапсырма бердім. Қазір Қазақстан тарихының көп томдығы әзірленіп жатыр. Белгілі ғалымдарымыз жұмылып, осы маңызды іске атсалысуда. Мен өзім де бұл жұмысқа үлесімді қосамын. Оны келесі жылдың ортасында түбегейлі аяқтау керек. Дегенмен, мәселе уақытта емес, сапада.

Тарихымыз жүйелі, шынайы, ең бастысы, тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуы керек. Ғылым және жоғары білім министрлігіне мұны айрықша қадағалауды тапсырамын. Қажет болса, шетел ғалымдарын да тартуға болады».

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек.

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды.

Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек».

«Әлемде еңбекті бәсекелестік деңгейіне көтерген мемлекеттер бар. Соның арқасында олар сапалы өнімдерімен жер жүзін мойындатып отыр. Бұл халықтар өз ұрпағын жас кезінен тынбай жұмыс істеуге баулиды. Солардың тәжірибесін өзімізге бейімдеп, бала тәрбиесіне енгізу жайын қарастырған жөн.

Халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтпаған. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдай термен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі, Абай айтқан «толық адамның» еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет».

«Қазақ – қолы ашық, қайырымды, қонақжай халық. Бұған ешкімнің таласы жоқ деп ойлаймын. Бірақ, әлемде осындай қасиеттерге ие халықтар аз емес. Жастарымыз, ең алдымен, зияткерлік қабілеті жоғары, ойы ұшқыр, еңбекқор болуы қажет.

Қазір – ақыл-ой және дарын иелерінің заманы. Қазақстан да осы көштен шет қалмауға тиіс. Озық білім мен қажырлы еңбекті ұштастыра білсек қана еліміз өсіп-өркендейді. Көздеген мақсатына жетеді.

Халқымыз қанағатшыл, үнемшіл, өнертапқыш болуға ұмтылуы керек. Осындай жақсы қасиеттер әркімнің мұратына айналуға тиіс».

«Қоғамда қызу талқыланып жатқан тағы бір мәселеге тоқталсам. Бұл – кадр саясаты.

Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашанда бағалы. Мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір кланның мүшесі ретінде қарауға болмайды. Әрине, олардың құрамын жаңартып отырған дұрыс. Бірақ, мұны терең ойланып, байыппен жасау қажет. Кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайды.

Әлеуметтік желіде «ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ, негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек».

«Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Тіпті, оларды «Халық жаулары» сияқты көретіндер де бар. «Шенеунік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес.

Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ, өкінішке қарай, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз. Болашақта да солай болады».

«Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіп жатырмыз. Бұл – еліміз үшін өте өзекті, қажетті мәселе. Қазақстан жемқорлықпен күрестің негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай алға басты. Халықаралық рейтинг агенттіктері осылай деп бағалап отыр.

Бірақ, тоқмейілсіп отыруға болмайды. Өкінішке қарай, жемқорлық – жұрттың санасына сіңіп, әбден әдетке айналып кеткен. Бұл – ащы болса да, шындық».

«Азаматтарымыз саяси қолдауға ие болған кейбір адамдардың шектен тыс байып кететініне наразы. Оған қоса, олар байлықтарының қомақты бөлігін шетел асырып әкеткен. Халықтың ашуын түсінуге болады.

Сондықтан, менің Жарлығыммен Арнаулы мекемеаралық комиссия құрылды. Комиссияның міндеті – шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару. Бұл – өте күрделі жұмыс, ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі, көптеген заңдық процедурадан өту керек. Бірақ, біз қалай болса да, бұл мәселемен мұқият айналысуымыз қажет. Әйтпесе, әділетті қоғам туралы сөз қозғаудың өзі қиын болады».

«Біз барлық салада бәріне бірдей мүмкіндік беретін нағыз әділ қоғам құруымыз керек. Оның бір жолы – тәуелсіз сот жүйесі.

Бабаларымыз «Тура биде туған жоқ деген» деген сөзді тегін айтқан жоқ. Біз қара қылды қақ жарған билер жолын жалғастыруға тиіспіз. Қазіргі таңда елімізде үш жүзге жуық судья жетіспейді. Сол орындарға әділ, адал және білікті жастарды тартуымыз қажет. Мен мықты кәсіби заңгерлерді Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырамын».