Әділдік орнаса – экономика өркендейді

Әділдік орнаса – экономика өркендейді
Сурет inbusiness.kz алынды

Біз «мемлекеттік бюджетті қорғау мәселесін» қарастырайық

«Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа. Халық, бизнес және билік өкілдері бар күш-жігерін жұмылдыруы керек. Сонда ғана мемлекетіміздің қазіргі даму үлгісін түбегейлі өзгерте аламыз, кедергінің бәрін жеңеміз».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

 

Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Елдің алдағы жылы атқарар істерін бағамдап берді. Осыған орай білікті экономист Қайырбек АРЫСТАНБЕКОВПЕН сұхбаттасқан едік.


Заң мен құқық үстемдігі керек

– Әділетті Қазақстанды іс жүзінде қалыптастыру үшін қайтпек керек?

– Әділ қоғам орнату үшін бірнеше маңызды істерді қолға алған жөн. Біріншіден, заң мен құқықтың үстемдігі, макроэкономикалық жүйе, еркіндік мәселелері деп білеміз. Өркениетті елдерге зейін салсақ, үш басты еркіндікті қамтамасыз етеді. Осылардың біреуі шектелсе, орнын толтыратын компенсатор – заң мен құқық үстемдігі. Дәлірек, саяси, экономикалық, азаматтық қоғамның еркіндігі деп жіктеледі. Егер осы үш тепе-теңдік бірдей болар болса, онда Әділетті Қазақстан орнайды.

Заң мен құқық үстемдігінің де айырмашылығы бар. Заң үстемдігі дегеніміз – қолданыстағы заңдардың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Ал қабылданған немесе қабылданатын заң шикі, олқы болса не істейміз?! Сондықтан да заң үстемдігінен гөрі құқықты басшылыққа алу керек. Құқық үстемдігі – экономикалық, саяси субьектілерге байланысты билік дискриминациялық саясатты жүргізбейді деген сөз. Міне, осыны жолға қойсақ, әділ қоғам орнайды.

Қытайда азаматтық қоғамның еркіндігі шектелген. Бірақ оған қарамастан, Дэн Сяопин бастаған 40 жыл бойғы реформаның арқасында экономикалық өрлеу жүріп жатыр. Себебі, ҚХР әлгі шектеудің орнына заң мен құқықты пайдаланып, орнын толтырып отыр.

Бизнеске қолдау артуы қажет

– Жолдауда жүктелген тапсырмаларға көзқарасыңыз қандай, аталған міндетті жақын аралықта жүзеге асыруға бола ма?

– Бұл жолғы Жолдауды үш компонентке бөліп қарастыра аламыз. Нақтырақ, саяси құжаты бар, экономикалық, бюджеттік дер едік. Бұндағы басты бағыт – экономиканы 2 е се, сондай-ақ ЖІӨ 2 е се ұлғайту. Стратегиялық маңызы бар тапсырма Үкіметке жүктелді. Енді барша жауапкершілік, талап та соған тиесілі болады. Жеке өзімнің пікірім бойынша аталған тапсырмаларды іске асыру үшін бес қазық керек. Бірінші, экономиканы 2 есе ұлғайтудың бағдарламасын дереу әзірлеу керек. Екінші, кейбір тауар мен қызмет көрсету түрлерін бағалардың еркіндігіне жіберу қажет. Бұл дегеніміз – либерализация. Үшінші, қай жерде жеке сектор жұмыс істей алады, сол тұстан квазимемлекеттік сектор кетуі керек. Төртінші, экономикалық және құрылымдық бағдарлама жасайық. Бесінші, мемлекеттің қадағалау, бақылау функцияларын ретке келтірген дұрыс.

Біздің пайымдауымыз бойынша экономика онсыз да бес секторға бөлініп кеткен екен. Олар: шикізаттық, экспорттық, сауда, инфрақұрылым және ішкі нарыққа бағытталған секторлор. Демек, осы бесеудің арасында құрылымдық дағдарыстың белгілері пайда болды. Сол белгілердің орнын жауып отыратын бұрынғы компенсаторлар азайып кетті. Сөйтіп, бәсекеге қабілеттілігіміз төмендеп кетті.

Осыдан 1-2 жыл бұрын мемлекеттік органдардың 15-16 мың реттеу құралдары болыпты. Яғни жеке секторға ықпал етеді, қадағалай береді немесе ісін шектейді. Мұны 3 есе қысқартайық.

Ахаң өңдеуші өнеркәсіпті қолдаған

– Өңдеуші өнеркәсіп орындарын ашудың тиімділігі неде?

– Мұнай мен газ саласында жұмыспен қамту 5%-ға тең болса, ал өңдеу өнеркәсібінде 15–20%-ды құрайды. Жалпы ішкі өнімдегі үлес салмақтары бірдей. Осы арада өңдеу өнеркәсібі турасында алғаш рет бастама көтерген тұлға бар. Ол – Алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов. Ұлы тұлға сонау ХХ ғасырдың басында экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін жандандыруды ұсынған екен. Ахаң 1913 жылы 15 тамызда «Қазақ» газетінде «Қазақ жерінде өндіріс жоқ, қазақ сыртқа шикізатты шығарады. Ал сырттағы шикізаттан өңделген затты 5-6 есеге сатып алып жатыр. Бұл надандықтан келген кемшілік» деп айтқан. Керемет ойлар. Сол мерзімнен 110 жыл өтсе де, өзектілігін жоймады.

– Экономиканы әртараптандыру дегеніміз не?

– Бізде экспорт 70% мұнай мен газға тәуелді. Негізі олай болмауы керек. Мысалы, мұнай саласынан түсетін қаржы 40% болса, қалғандары түрлі саладан болса дейміз. Бұның екі аспектісі бар. Бірі – сыртқы экономика, келесісі – ішкі экономика деп қарастырылады.

– Ұлттық банк төңірегінде бастамалар көтерілді, ақша-несие саясаты қалай іске аспақ?

– Енді бұл қызметке жаңа басшы тағайындалды. Бұйырса, жауапты ақша-несие саясаты жүргізіледі деп ойлаймыз. Соңғы кездері екінші деңгейлі банктер экономиканы қаржыландыру бойынша шегініс жасады. Мәселен, несиелеу экономиканың 8,5%-ын құрайды. Соны 20–30%-ға көтерейік.

Сырттан қайтқан активпен сыртқы қарызды жабайық

– Шетелден қайтқан активтердің бір бөлігін сыртқы қарызды жабуға жұмсай аламыз ба?

– Төлем балансын есептегенде Қазақстаннан шетелге 162 миллиард АҚШ доллар ақша шығарылыпты. Соны есептесек, осы күні 2 Ұлттық қор жасауға болатын көрінеді. Елімізге кірген қаржы көзін сыртқа кеткен активтермен салыстырсақ, тиын сияқты көрінеді. Егер кешенді шаралар қабылдап, әлгі ақшаның жартысын алып келсек, оған да шүкір болар еді. Осы қаржылар есебінен Қазақстанның сыртқы қарызын да жабуға болады. Ол жағы Үкіметтің құзыретіндегі мәселе.

Жыл сайын өсіп отыру қажет

– Халықтың тұрмысы жақсаруы үшін тағы не істеуіміз керек?

– Менің түсінігімде, халқымыздың әл-ауқатын көтеру үшін ең төменгі деп есептегеннің өзінде жылына 7,2% өсіп отыру қажет. Сол кезде осындай өсім халықтың барлық әлеуметтік жағдайын қамтиды екен. Ал егер 5% көрсеткішпен экономикалық өсім болса, 70% халықтың ахуалын жақсарта аламыз. Ал 3% ғана өссек, онда 40–50% жұрттың жағдайы оңалатын көрінеді.

Қазынамызды қорғауымыз қажет

– Дамыған елдердегідей бай-қуатты өмір сүруімізге не кедергі?

– Қазақстанның Араб елдері сияқты мұнай мен газ секторына тірелген экономикасы бар. Бірақ арабтар мұнайды Жаратқанның сыйы, рақымшылығы деп өте жоғары бағалайды екен. Ал Венесуэла сайтанның ойыны деп қабылдайды. Сондықтан дәл қазір біз де мұнайдың қадірін бағалай білуіміз қажет. Мұнайдан түскен халықтың қазынасын талан-таражға салмай, оңды-солды шашпай, ақылмен басқарайық.

Бір нәрсені шегелеп айтайын. Күн тәртібіне мына мәселені шығарайық. Біз «мемлекеттік бюджетті қорғау мәселесін» қарастырайық. Біздерде бизнес те бюджетке салмақ салады. EXPO–2017 сияқты ірі жоба лар мемлекеттің бюджеті есебінен жасалды. Барынша қазынамызды қорғауымыз қажет. Сол себепті де, осы сұрақты басты басшылыққа алсақ, көптеген жақсылық тезірек жүзеге асар еді.

– Көп рахмет!


Сұхбаттасқан Олжас ЖОЛДЫБАЙ.

«Аlmaty-akshamy», №107, 9 қыркүйек, 2023 жыл