4 бүлдіршін жарақаттанды

4 бүлдіршін жарақаттанды
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Оқиға Оралдағы балабақшада болған.

"Sabi" жеке балабақшасында балалардың үстіне биіктігі екі метрдей шкаф құлап кеткен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бүлдіршіндердің киімі мен керек-жарағы салынған шкаф оқыстан құлаған кезде тәрбиеші қалқалап үлгергенімен, 4 бала астында қалып қойған.

Бәрі де жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Бес жастағы қыз балалардың кеуде тұсы мен білек-қолы жеңіл жарақаттанған. Дәрігерлер оларды қарап, үйлеріне жіберді. Аяғын жарақаттаған 47 жастағы тәрбиешіге амбулаториялық ем тағайындалды.

Оқиға орнына полиция барып, мән-жайды анықтап жатыр. Балабақшада 125 бала тәрбиеленеді, 30-ға жуық қызметкер жұмыс істейді.

"Қазір балабақшада қызметтік ішкі тексеріс жүріп жатыр. Қазір мен сол жақтан келіп жатырмын. Балалардың жағдайы жаман емес, жақсы. Ондай қатты жарақат алған жоқ" деді балабақша әкімгері Зәуре Қуанышқалиева.