1WIN онлайн-казиносының ұйымдастырушыларына халықаралық іздеу жарияланды

1WIN онлайн-казиносының ұйымдастырушыларына халықаралық іздеу жарияланды
Сурет: ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаменті Қазақстан, ТМД және алыс шет ел аумағында жұмыс істеген "1WIN" онлайн-казиносының заңсыз қызметіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

Онлайн-платформа заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырумен қатар, мыңдаған отандастарымызды тартып, тиісті лицензиясыз букмекерлік қызмет көрсеткен, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Ақшалай қаражат интернет-эквайринг арқылы аутентификациясыз қабылданған, бұл тіпті кәмелетке толмағандарға да құмар ойындарға қатысуға мүмкіндік берді.

2023 жылдың өзінде-ақ онлайн-казино айналымы шамамен 4 млрд теңгені құраған.

"Тергеу жалғасуда, онлайн-казино сайты бұғатталды, төрт ұйымдастырушыға халықаралық іздеу жарияланды. Тәркіленуге жататын мүлікке және жалпы сомасы 1,5 млрд теңге ақшалай қаражатқа тыйым салынды, сондай-ақ "Mercedes-Maybach S500" және "Lamborghini Huracan" автокөліктері тәркіленді", - деп жазды ҚМА баспасөз қызметі.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды.

Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес елде онлайн-казино қызметіне тыйым салынғанын, ал букмекерлік қызметтер тиісті лицензия болған жағдайда ғана көрсетілетінін ескертеді.