17 жастағы Ақерке

17 жастағы Ақерке
Фото В.Заикин

өзінің еміне адал еңбегімен қаражат жинап жүр

Алматыдағы «Алтын орда» базарының алдында қоларбада отырып ән салатын сүйкімді бойжеткенді бәріміз де әлеуметтік медиа арқылы білеміз. Оның аты-жөні – Ақерке Сүлейман. 17 жаста. Алматы іргесіндегі Қырғауылды ауылында тұрады. Мегаполис колледждерінің бірінде онлайн білім алып жүр.

Өткенде анасы екеуі «Таңшолпан» бағдарламасына да келген болатын. Бес ағайынды Ақерке – егіздің сыңары. Ол көрермендеріне қызым аяғынан тұрып кетсе екен деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, тыным таппай жүрген анасының ешқашан мұңаймағанын, үнемі қуанып жүргенін қалайтынын жеткізді. Ал анасы қызының бала күнінен өнерге, әнге құмар екенін, әр қадамын қолдайтынын айтты.

Анасының айтуынша, Ақеркеге кішкентай күнінде ота жасалып, бір қолы істемей қалған. Есейе келе қоларбаға таңылған. Ал Түркия елінің дәрігерлері қызды аяғынан тұрғызамыз деп бекініп отырған көрінеді. Бірақ оған 15 млн теңге қаражат керек.

Ән салуға құмар Ақерке «Алтын орда» базары алдында ән салатын Әділет деген жігітті «ТикТок» арқылы көріп, өнеріне тәнті болып жүрген болатын. Бірде сол маңда анасымен келе жатып, батылдық танытып, Әділеттің жанына барады. Жігіт өзіне қоларбамен таяп келген бейтаныс қарындасты еш тосырқамай, бетінен сүйіп, мейіріммен қарсы алады. Содан бері Әділет те әнші қызымызға қолдау көрсетіп келеді.

Иә, 17 жастағы қыз өлең айтып, базар алдынан өтетін жүргіншілерді әнге бөлеп, жақсы көңіл-күй сыйлап, адал еңбегімен өзінің еміне қаражат жинап жүр. Ақерке Сүлейман кейінгі екі айда отаға қажетті 15 миллион теңгенің 11 миллионнан астамын тапқан.

Бүгінде отаға қажетті қаражат жиналып та қояр ма еді, егер орта жолдан киліккен алаяқтар болмаса. Иә, әлдебір белгісіз адамдар Ақеркенің суреті мен бейнежазбаларын пайдаланып, әлеуметтік желілерден фейк-парақшалар ашып, өз есепшоттарына ақша жинап жүрген көрінеді. Тіпті, бір фейк-парақшада «Ақеркенің отбасы қажетті аппаратты сатып алып, қыз аяғынан тұрып кетті» деген ақпарат тараған. Ал өмірге құштар қайсар қыз «Алтын орда» базарында ән салып отыр. Еміне қажетті қалған қаражатты жинауға әлі де үмітті.

Әзірлеген Нұржамал ӘЛІШЕВА.