1 сәуірде Отбасы банкке аударылған зейнетақы жинағы БЖЗҚ-ға қайтарыла ма?

1 сәуірде Отбасы банкке аударылған зейнетақы жинағы БЖЗҚ-ға қайтарыла ма?
azattyq-ruhy.kz

1 сәуірде Отбасы банкке аударылған біржолғы зейнетақы төлемдері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтарыла ма? Бұл туралы банктің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

«2022 жылғы 1 сәуірде қазақстандықтардың Отбасы банктегі арнайы шоттарындағы біржолғы зейнетақы төлемі БЖЗҚ-ға қайтарылады деген қауесет тарады. Осыған байланысты, Отбасы банктегі азаматтардың арнайы шоттарындағы қаражат олардың меншігі екенін түсіндіреміз. Арнайы шотқа ақша түскен сәттен бастап қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында оларды пайдалану бойынша растайтын құжаттарды ұсыну үшін 20 жұмыс күні бар. Осылайша, наурыздың аяғында арнайы шотқа түскен ақшаны 2022 жылдың 30 сәуіріне дейін қолдануға болады. Егер қаражат емделу мақсатында сұралып, арнайы шотқа түскен болса, онда азаматтардың оларды пайдалану мақсатын растау үшін 45 жұмыс күні бар», - делінген аталған банк хабарламасында.

Қаржы институтының атап өтуінше, арнайы шотқа өз қаражатын түсіріп қойған өтініш берушілер банктің аймақтық филиалдарына бармай-ақ, құжаттарды асықпай жинауы керек. Өйткені барлық рәсімдер онлайн режимінде өтеді.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде соңғы үш күнде зейнетақы жинақтарының артылған сомасы жоғалып кетті деген қате мәлімдемелер таралып жатыр. Мысалы, 2022 жылғы 25-28 наурыз аралығында берілген 53 649 өтінімді, сұралған қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты, БЖЗҚ кері қайтарды. Бұған валюта бағамының өзгеруі және осыған байланысты зейнетақы жинақтарын қайта бағалау әсер етті. 2022 жылғы 25 наурызда зейнетақы активтерін қайта бағалауға ықпал еткен доллардың бағамы 494,16 теңгені, ал 2022 жылғы 28 наурызда 484,49 теңгені құрады.

Өзінің біржолғы зейнетақы төлемін бұрынғы шекті көрсеткіш бойынша пайдалану үшін Отбасы банк enpf-otbasy.kz порталында өтінім беруді 2022 жылдың 29 наурызына дейін үлгеруді ұсынды. Себебі, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және отбасын емдеуге арналған БЗТ-ін пайдалану қағидаларына сәйкес банк 2 жұмыс күні ішінде өтінімді өңдеп, БЖЗҚ-ға жібереді. БЖЗҚ қолданыстағы шекті көрсеткіш бойынша өтінімдерді 2022 жылдың 31 наурызын қоса алғанда сағат 23:59-ға дейін қабылдайды және қарастырады.

Бүгін БЖЗҚ-ға жолданатын өтінімді толық жасап аяқтамаған 35 мың өтініш берушіге СМС хабарлама жіберіледі. Оларды порталға кіріп, ЭЦҚ көмегімен екі өтінішке қол қоюды сұраймыз: жеке табыс салығын ұстап қалу туралы және біржолғы зейнетақы төлеміне арналған өтініш.

«Өтінімдердің көпшілігі қайталанады. Бірнеше рет өтініш берген рекордсмендер бар. Бірақ дәл осы наурыз айында біз қалыпты жағдайға жатпайтын процестерді байқадық: мысалы, 5 теңге алуға өтінім болды, 40 теңгеден 2000 теңгеге дейінгі сомаға 161 өтінім жолданды. Адамның компьютерлік сауаттылығының орташа деңгейінде порталда болу уақыты 15-20 минутты алатынын ескерсек, мұндай операциялардың қаржылық мәні түсініксіз. Сондай-ақ ақылға қонымсыз сұраныстары бар өтінімдер түсе бастады. Мысалы, порталда 200 млн теңгеден 6 млрд теңгеге дейін 627 өтінім келіп түсті. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің мұндай сомасы бұрын-соңды болмағаны түсінікті. Мамыр айының басында зейнетақы жинақтарын пайдалану және осы бірегей жобаның ерекшеліктері туралы халыққа толық есеп жариялауды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.