ҚазҰУ-да кампусты жаңғырту жоспары құрылды

ҚазҰУ-да  кампусты жаңғырту жоспары құрылды
Cурет: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі

Университетте 650-ден астам білім беру бағдарламсы іске асырылуда.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев 2020-202 оқу жылының білім беру, әлеуметтік-тәрбиелік қызметтерінің қорытындыларын жасап онлайн және офлайн форматта есептік кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Ректордың халық алдындағы есебінде университет қызметіне толық және жан-жақты шолу жасап, есепті жылдағы негізгі нәтижелерді талдады және одан әрі даму бағдарламасын қамтыды.
Ректор «университет тарихының, оқытушылардың, ғалымдардың және студенттердің кәсіби деңгейінің жоғарылығының арқасында университет жаһандық бәсекеге қабілетті» деп атап өтті.  
Посткеңестік кеңістікте тек екі университет әлемнің топ-200 үздік университеттерінің қатарына кіреді, олар – М.В.Ломоносов атындағы ММУ (78-орын) және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (175-орын). Сондай-ақ университет QS Stars Rating System халықаралық рейтингісінде «Бес жұлдыз» артықшылығына ие болған Орталық Азия өңіріндегі алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны.
Университетте кадрлық әлеуеттің дамуына ерекше назар аударылады. Оқытушы-профессорлар құрамының штат саны шамамен 2,9 мыңды құрайды, оның ішінде 1,2 мыңнан астам докторлар мен ғылым кандидаттары және 350-ге жуық PhD докторлары бар. Университет профессорларының арасында ҚР Ұлттық ғылым академиясының 10 академигі мен 7 корреспондент-мүшесі, ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың 14 лауреаты бар. Білім  ордасындағы 400-ден аса оқытушы «ЖОО-ның Үздік оқытушысы» грантын иеленген, бұл жалпы еліміз бойынша 20% көрсеткішке сәйкес келеді.

«Оқытушыларды материалдық ынталандыру мақсатында биыл еңбек ақысы екі есе көбейді. Нәтижесінде, оқытушылардың ең төменгі жалақысы – 285 мың, аға оқытушы  – 312 мың, доцент – 389 мың, профессор  – 500 мың теңгені құрады», - деп хабарлайды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі.

Жалпы алғанда, университетке елдегі грант иегерлерінің жалпы санының шамамен 7 пайызын қабылданды. Әлемнің 50 елінен 2,4 мыңға жуық шетелдік студенттер білім алуда. Шетелдік студенттердің қатарын 2025 жылға дейін 25 пайызға дейін арттыру міндеті қойылып отыр. Бұл мақсатқа жету үшін Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения елдерінде ҚазҰУ филиалдарын ашу жүзеге асады. Өткен жылмен салыстырғанда талантты жастарды тарту 2,2 есеге артқан. Мәселен, өткен жылы «Алтын белгі» иегерлерінің саны 508 болса, осы жылы – 1058, яғни екі есеге көбейді. 
ҚазҰУ түлектері елімізде және шетелде сұранысқа ие, түлектердің жұмысқа орналасуы орта есеппен 94 пайызды құрайды. 2021 жылы университет әлемдегі ең үздік университеттердің QS рейтингісінде түлектердің жұмысқа орналасу қабілеттілігі бойынша үздік 201-250-ге кірді. «Жұмыспен қамтылған түлектердің үлесі» көрсеткіші бойынша университет әлемде 55-орында. 
Университетте 650-ден астам білім беру бағдарламалары іске асырылуда, олардың 120-сы әлемнің жетекші университеттерімен бірлесіп қос диплом бағдарламасы бойынша жүргізіледі, 92 білім бағдарламасы ағылшын тілінде жүзеге асырылады. Ағымдағы жылы 100-ден астам жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылды. 
Бүгінде ҚазҰУ ғылыми жобалар және ғылыми жарияланымдар саны бойынша елімізде көш бастап тұр. Рейтингтік басылымдардағы әрбір бесінші қазақстандық жарияланым университетке тиесілі. Университеттің бес ғылыми журналы Халықаралық деректер қорына кіреді.  Біздің ғалымдар 400-ден астам патенттер мен авторлық куәліктерге ие болды.
Білім алушыларды әлеуметтік қолдау – университет басымдықтарының бірі. Әлеуметтік осал санаттағы мыңнан астам «өте жақсы» және «жақсыға» оқитын студенттер оқу ақысына 10-нан 25 пайызға дейін жеңілдік алады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері қазақстандық және халықаралық спорт аренасына белсенді қатысуда. Токио олимпиадасы қорытындысында ел қоржынына студенттер мен түлектер төрт қола медаль алып келді.
Қазіргі уақытта жеті оқу корпусында сыртқы мердігерлерді тартпай, университет қызметкерлері тарапынан жөндеу жүргізді. Төрт оқу корпусында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. Бұған дейін жасалған техникалық қолдауларға қарамастан оқу корпустары мен жаңа құрылыс ғимараттарына түбегейлі жаңартулар қажет. 2,5 мыңнан астам оқытушы мен қызметкер тұрғын үйге мұқтаж. 
Жоғарыда аталған мәселелерді шешу мақсатында кампусты дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспары әзірленді, онда жатақханаларды және, оқу корпустарын қайта құру және салу; қызметтік тұрғын үй салу  көзделген. Университет ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ-мен бірлесіп, жатақханалар салу үшін әлеуетті инвесторларды тарту бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ қаржыландырудың түрлі тетіктері қарастырылуда және сыртқы инвестицияларды тарту жоспарлануда.

«Қазіргі уақытта университет ұжымы жоғары білім мен ғылымның сапасын арттыру бойынша стратегиялық міндеттерді шешуге ұмтылуда. ҚазҰУ-дың одан әрі дамуы еліміздің адами капиталы мен ғылыми-технологиялық әлеуетін күшейтуге ықпал ететін болады», – деді, баяндамасын қорытындылаған ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев.

Университет басшысының баяндамасынан соң, студенттер, оқытушылар мен БАҚ өкілдері өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды. Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар мәселелерді басшылық бақылауына алды және келіп түскен барлық ұсыныстар өз деңгейінде қаралатын болады. 
Есепті кездесуінде ректор оқытушылар, студенттер және қоғам мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар мәселелер басшылық бақылауына алынды және келіп түскен барлық ұсыныстар өз деңгейінде қаралатын болады.