Әлемдік биік талаптарға сай

Әлемдік биік талаптарға сай
almaty-akshamy.kz

ҚазҰАЗУ халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі өз ұстанымын нығайтып келеді

Соңғы жылдары әкімдер ғана емес, жоғары оқу орны ректорларының да халық алдына шығып, атқарылған жұмыстарының есебін беруі дәстүрге айналды. Таяуда аграрлық білімнің қарашаңырағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Тілектес Есполов онлайн түрде бір жылдық атқарылған жұмыстарының есебін берді.

Беделді оқу ордасы басшысының есеп беру кездесуін жұртшылық YouTube кана­лында және әлеуметтік желілерде (Facebook және Instagram) тікелей эфир арқылы тама­шалады. Кездесуге еліміздің көрнекті мемле­кет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының басшылығы, Ауыл шаруа­шылығы, Білім және ғылым, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Алматы облысы, Алматы қаласы және Медеу ауданы әкімдіктерінің өкілдері, АҚШ, Ресей, Белоруссия, Қырғызстан және т.б. елдердің танымал ғалымдары, жұмыс берушілер – аг­роқұрылымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институтта­рының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ҚазҰАУ-дың профессор-оқытушылары мен студенттер, БАҚ өкілдері қатысты. Оқу орда­сы басшысының есеп беру кездесуі онлайн болғандықтан, бұл жолы ата-аналардың да қатысуына мүмкіндік туды.

Алғашқы сөз кезегін алған Тілектес Ес­полов 2020-2021 оқу жылындағы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Оқу ордасы соңғы жылдары Ұлттық зерттеу университеті мәртебесін иеленгені белгілі. Жиын бары­сында оқу ордасы заман талаптарына сәйкес, өзінің одан әрі дамыту жоспарын жариялады. Сонымен қатар, ҚазҰАЗУ ректоры оқу орда­сында атқарылып жатқан жұмыстардың түрлі аспектілері, аграрлық ғылым мен білімді жетілдіру процесінде туындаған жетістіктер мен мәселелер және оны өндіріс­пен интеграциялау туралы кеңінен ортаға салып, алдағы белгіленген стратегиялық мақсаттар мен даму бағдарламасымен көпшілікті жан-жақты таныстырып өтті.

Мәселен, өткен оқу жылында универси­тет ұжымы білім беру сапасын арттыру, ғы­лым жүйесін жетілдіру, халықаралық ынты­мақтастық, тәрбие, жеке тұлғаның кәсіби қалыптасуы, инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті жақсарту және басқа да салаларда көптеген маңызды жұмыстар ат­қарды. Соның бір дәлелі – биыл университет алғаш рет QS-2021 әлемдік рейтингісінде 60 позицияға көтеріліп, 551-орынға ие болды.

Университет аграрлық салада жетекші рөл атқаратын, Қазақстандағы бірден-бір жоғары оқу орны болып табылады, ауыл шаруашылығы ғылымдары және биоресурс­тар, ветеринария, бакалавриат, магистратура, докторантура бағыттары бойынша мамандар дайындайды.

«Жаңа талапқа сай Халықаралық білім Хабы құрылды. Оқу ордасында академиялық ұтқырлық дамуда, үш тілде білім беру жүйесі енгізілген, 14 бағыт бойынша халықаралық жазғы және қысқы мектептер өткізіліп жа­тыр. АҚШ, Еуропа, Тынық мұхит аймағы елдерінің беделді университеттерімен бел­сенді ынтымақтаса отырып, ҚазҰАЗУ қос тарапта білім берудің 11 бағдарламасын қа­лыптастырды. Сондай-ақ, университет өзінің инновациялық дамуында аграрлық маман­дықтар бойынша QS әлемдік рейтингісінде №1 жоғары оқу орны болып табылатын Ваге­нинген зерттеу университетінің (WUR, Нидерланды) тәжірибесін басшылыққа ала­ды, – деді Тілектес Есполов.

Жалпы, білім жүйесінде сәт сайын жаңа­лық ашылып отырады. Оқу ордасында заман талабына сай «Вагенинген–Қазақстан» инс­титуты ашылды. Вагенинген университеті­мен «Ветеринариялық-тамақ қауіпсіздігі және технологиясы» және «Өсімдіктер және технологиялар туралы ғылым» білім беру бағдарламалары бойынша мамандарды бір­лесіп даярлау туралы келісімге қол қойылды.

Жыл артқан сайын ҚазҰАЗУ еліміздегі жаңа бағыттағы зерттеу университеті ретінде ұлттық деңгейде табыстарға жетіп, әлемдік ғылыми ортада мойындалып, халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі өз ұстаны­мын нығайтып келеді.

Оnline есеп беру кездесуінде – КАҚ «Ұлттық аграрлық ғылым-білім беру орталы­ғының» басқарма төрайымы Гүлмира Исаева, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, ҚР Жобалық менеджерлері одағының прези­денті, «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» КЕАҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Алек­сей Цеховой, Жер қатынастары жөніндегі мемлекеттік университеттің ректоры (Ресей), ТМД жетекші аграрлық ЖОО Ректорлар ке­ңесі төрағасының орынбасары, РҒА акаде­мигі Сергей Волков, Мичиган штаты универ­ситетінің профессоры (АҚШ) Джигуан Чен, Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму инсти­тутының құрметті директоры, профессор Рафис Абазов, Машеров атындағы Витебск мемлекеттік университетінің инновациялық даму орталығының директоры Александр Курдеко сияқты бірқатар ғылым және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары сөз алып, оқу ордасының атқарып отырған жұ­мыстарына жоғарғы баға берді.

«Зерттеу университеті» деген атаққа ла­йық болу үшін ең бірінші аграрлық нарықта сұранысқа ие мамандар дайындауда ерекше көңіл бөлетін нәрсе – білім сапасын жоғары­лату, болашақ мамандарды ғылым және ғы­лымға негізделген жоғары технология қолда­натын кәсіпорындардың және ғылыми-зерттеу университеттердің негізінде дайындау. Сонымен қатар, мұнда магистранттар мен докторанттарды дайындауға басымдық беріледі, ол үшін шетелдік үздік ғалымдар көптеп тартылады. Сондықтан жан-жақты оқу-ғылым инфрақұрылымын дамыту, озық технологияларға бейімдейтін орталықтардың жұмыс жасауын күшейту – негізгі мәселе. Оқу ордасының алға қойған мақсаты – халықаралық QS рейтингінің 551-орнынан 2024 жылы топ 400-ге кіру. Пандемияға байланысты университет ғалым­дары АӨК-нің барлық бағыттары бойынша ауыл кәсіпкерлері үшін 100-ге жуық онлайн- конференция өткізді. Оған Қазақстанның барлық өңірлерінен 40 мыңнан астам ауыл кәсіпкері қатысты. Есептік кезеңде барлығы 12 000 сұрақ келіп түсті. Ауыл шаруашылы­ғы тауар өндірушілерінің сұрақтарына жауап беру үшін Call-орталық табысты жұмыс жа­сауда.