Әлемдегі ең қымбат қала белгілі болды

Әлемдегі ең қымбат қала белгілі болды
Сурет: Grozny-inform.ru

Ең қымбат қалалар рейтінгі жарияланды

Economist Group "2021 жылда әлемдегі өмірдің бағасы" атты зерттеудің нәтижесін жариялады. Биыл 173 қаланың ішінен Израильдің Тель-Авив қаласы өмір сүру үшін ең қымбат қала болып танылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Мегаполис осы рейтингте алғаш рет бірінші орынға шықты. Былтыр Тель-Авив бесінші орында болған. Ал оның алдында Париж, Гонконг, Осака мен Женева тұрды. Осылайша, бір жылдың ішінде Тель-Авив қымбатшылық жағынан бес бірдей қаланы артта қалдырды.

Жаңа рейтингте Париж бен Сингапур екінші орынды бөлісіп отыр. Үшінші орында – Цюрих, ал Гонконг төртінші орынға түсті. Одан кейін Нью-Йорк, Женева, Копенгаген, Лос-Анджелес пен Осака тұр.

Сарапшылардың айтуынша, биыл израильдік шекельдің долларға шаққандағы бағамы күшейді. Ал азық-түлік қымбаттады, қоғамдық көлікте жол жүру ақысы да көтеріліп кетті.

Тель-Авивте тауар мен қызметтердің бағасы орташа есеппен 3,5 процентке өскен. Сол себепті биыл осы мегаполис ең қымбат қалалардың көшін бастады.