«Абайдың қара сөздері» фильмінің түсірілімі аяқталды

«Абайдың қара сөздері» фильмінің түсірілімі аяқталды
Сурет: Іnform.kz

Фильм он бес астарлы әңгіме мен философиялық трактаттардан тұрады.

15 сериялы «Абайдың қара сөздері» фильмінің түсірілімі аяқталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қазақпараттың мәліметінше, Абайдың 175 жылдығына арналған киножобаны ҚР Президентінің Телерадиокешені Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» қолдауымен әзірлеген.

Басты кейіпкерлерді Қазақстан кинематографиясының еңбек сіңірген актерлері – Тұңғышбай Жаманқұлов, Жан Байжанбаев, Ерік Жолжақсынов, Нұрлан Әлімжанов, Аружан Жазылбекова, Берік Айтжанов, Аян Өтепберген және басқалар сомдады.

«Біздің жұмысымыз қазақ әдебиетінің классигі, ақын, қоғам қайраткері және XIX ғасырдағы ұлы ағартушының жарқын мұрасы «Қара сөздерді» насихаттауға үлес қосады деп үміттенеміз», – деді Р.Қажыбаева.

Көркем киножобаның түсірілімі Алматы қаласы мен Алматы облысының түрлі аймағында өтті. Қазіргі уақытта графикалық жұмыстар мен түстерді түзетудің соңғы сәттері жүріп жатыр. Фильм қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде түсірілген. Көркем киножоба ашық түрде интернет-платформаларда жарияланып, әлемдік телеарналарда көрсетіледі.