Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемсыйлықты беру жөнінде комиссия отырысы өтті

Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемсыйлықты беру жөнінде комиссия отырысы өтті
Сурет: Forbes.kz

Ғылым мен техника саласына қолдау артуда

Ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы өтті.

Аталмыш мемлекеттік сыйлық ғылыми жаңалықтар ашқан, жаңа технологиялар ойлап тапқан ғалымдарға, сондай-ақ ғылыми-техника және инновация бағытында нәтижелі жұмыс атқарып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосқан мамандарға беріледі. 2021 жылы әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлыққа үміткер 16 жұмыс келіп түскен.

Алдын ала іріктеуден кейін оның 10-ы екінші кезеңге өткен. Отырыс қорытындысы бойынша комиссия аталмыш мемлекеттік сыйлықты беру үшін жұмыстар тізбесін бекітті. Енді әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлығын беру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті Жарлық жобасы әзірленетін болады.

Атап өту керек, әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлық ғылым мен техника саласындағы ғалымдар үшін ең жоғары марапат.