А. Байтұрсыновтың мұражай-үйі Алматының меншігіне қайтарылды

А. Байтұрсыновтың мұражай-үйі Алматының меншігіне қайтарылды
Almaty-akshamy.kz

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев көрнекті ағартушының тарихи-мәдени мұрасын сақтау мақсатында тиісті шешім қабылдады

Жұмыс сапары барысында Б. Сағынтаев А. Байтұрсыновтың мұражай-үйіне барды. Қала әкімі мұражай-үйді қоғамдық қордан коммуналдық меншікке беру туралы шешім қабылданғанын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.

«Келер жылы көрнекті ағартушы А. Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толады. Мерейтойға дайындық барысында қоғам қайраткері тұрған мұражай-үйді қала меншігіне қайтардық. Оның мұрасы мәңгілік сақталады», - деп жазды Б. Сағынтаев өзінің Twitter-дегі аккаунтында.

ХХ ғасырдың басында салынған мұражай ғимараты республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ғимараттың жалпы ауданы – 160 ш. м.

Мұражай 1993 жылы құрылды және 1998 жылы ресми түрде ашылды. Мұражайда А. Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық материалдар сақталған.