Қазақстандық жазушылардың шығармалары Анкарада көпшілік назарына ұсынылды

Қазақстандық жазушылардың шығармалары Анкарада көпшілік назарына ұсынылды
Сурет: 24.kz

Анкарада 16-шы кітап көрмесі өтуде

Бұл шарада қазақстандық жазушылардың шығармалары көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Шара барысында Жамбыл Жабаевтың «Көроғлы» дастанының, Нұрғали Ораздың «Қазығұрт оқиғалары» кітабының, Бауыржан Қарағызұлы туындысының түрік тіліндегі аудармалары таныстырылды.

«Жамбыл атамыздың «Көроғлы» деген дастаны – бүкіл түркі жұртына таптырмайтын құндылық. Бұл да алғаш рет түрік тіліне аударылып отыр. Сондықтан Анкара қаласында өтіп жатқан аталмыш көрмеге біздің қатысуымыз, ғалымдарымыздың кітаптарының таныстырылымы еліміздің тәуелсіздік жылдарында атқарған үлкен жетістігі деп білеміз», - дейді жазушы Мәлік Отарбаев.

«Біз үшін кітап көрмесі – рухани мереке. Түрік қаламгерлерімен біраз жылдан бері жақын араласып тұрамыз. Олардың шығармаларын біз, біздің шығармаларды олар тәржімалап оқырмандарына, еліне таныстырып жатыр. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай менің «Қазығұрт оқиғалары» деп аталатын кітабым түрікше басылып шықты», - дейді жазушы Нұрғали Ораз.

Жалпы, кітап көрмесінде 350 жазушы, 200-ге жуық баспа үйі бас қосқан жәрмеңкеде 100 мың дана кітап таныстырылмақ. Өз кезегінде Түркия парламентінің спикерінің айтуынша, мәдени шаралар екі ел ынтымақтастығына елеулі үлес қосады.

«Жәрмеңкеге бауырлас қазақ елінің жазушылары қатысып жатқаны үлкен мәртебе. Кез келген қаладағы кітап жәрмеңкесі маңызды. Дегенмен Анкара кітап көрмесінің орны бөлек. Шаһарда 22 университет пен 300 мыңнан астам студент білім алады. Демек, жас оқырмандар көп деген сөз», - деді Түркия парламентінің спикері Мұстафа Шентоп.