Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады
Сурет: Akorda.kz

Ұшақ бортындағы 6 экипаж мүшесі мен 22 жолаушының барлығы мерт болған.

ҚР Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті  Владимир Путинге көңіл айтып, жеделхат жолдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ресейдің Камчатка өлкесінде Ан-26 ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қаза болуына байланысты қайғылы хабарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев терең күйзеліспен қабылдады.

«Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан орны толмас қайғыға ортақтаса отырып, қаза болғандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтамын», – делінген Президенттің жеделхатында.

Ресми мәліметке сәйкес, жолаушылар ұшағы Петропавловск-Камчатский қаласынан Палана кентіне адам тасымалдаған. Осы жолы тура жерге қонардың алдында байланысқа шықпай қалды. 

Алдын ала жасалған болжам бойынша, әуе кемесі теңізге құлаған. Себебі Палана кентіне дейін 9 шақырымдай қалғанда байланыс үзіліп кетті. Бортта экипаждың 6 мүшесі және 22 жолаушы, олардың арасында 6 және 17 жастағы балалар да болған.