Жетісуда Орта Азияда теңдесі жоқ жүзу бассейні іске қосылды

Жетісуда Орта Азияда теңдесі жоқ жүзу бассейні іске қосылды
Сурет: Gov.kz

Бұл нысан өскелең ұрпақты спортқа баулуға үлкен серпін береді.

Астана күніне орай Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Талдықорған қаласында  Орта Азияда теңдесі жоқ жүзу бассейні іске қосылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«570 орындық екі қабатты бассейн ғимаратының сыртқы кейпі теңізде жүзіп жүрген алып балықты елестетеді. Мұнда жас спортшылар су добы, суға секіру, аквааэробика сияқты жүзудың барлық түрінен жаттыға алады. Болашақта ғимараттың халықаралық жарыстар өткізуге де мүмкіндігі бар»,– делінген Алматы облысы әкімінің баспасөз-қызметінің хабарламасында. 

Жалпы, осы заманауи жүзу бассейні 3,8 га жерді алып жатыр. Бұл ғимараттың жалпы ауданы 13 мың шаршы метрден асады. 570 орынға арналған жүзу бассейнінің құрылысына 11,4 млрд теңгеден астам  қаражат жұмсалған. Ғимараттың сыртқы кейпі теңізде жүзіп жүрген алып балықты елестетеді. 

Мұнда 3 бассейн бар, соның ішінде ең үлкенінің ұзындығы – 52 метр, ені 25 метр. Бұл ғимаратта ниет білдіргендер су добы, суға секіру, аквааэробика сияқты жүзудың барлық түрінен жаттыға алады. Бассейн жыл бойы түрлі деңгейдегі спорттық жарыстар өткізуге, сол сияқты азаматтарды саламатты өмір салтына бейімдеуге, балаларды жүзуге үйретуге арналған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта триатлон, байдаркада есу, каноэ және басқа да бөлімдер ашу жоспарда бар. Бассейн арқылы Талдықорғанның болашақта су спортының орталығы болуына мүмкіндігі бар. 

Жалпығ облыста 3 мыңнан аса спорт нысандары мен 43 спорт мектебі бар, онда 42 мыңға жуық бала спортпен шұғылданады. Облыс бойынша 667 мыңнан астам адам немесе жалпы халық  санының 32% дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады.