Жүрек қалауы

Жүрек қалауы
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Гобеленші Ботагөз Төлештің шығармашылығы туралы бірер сөз

 Ботагөз Төлеш бейнелеу өнерінің бірнеше бағытын қатар алып жүрген, дәлірек айтсақ, гобелен, графика және кескіндеме жанрларында өзіндік айшықты қолтаңбасы қалыптасқан дарынды суретші, әрі ұстаз. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. 40-тан астам гобеленнің авторы. Өз елімізден бөлек, жеке көрмесі Болгария, Түркия, Польша мемлекеттерінде өткен.

 ХАТ КЕЛДІ

Ботагөз бала күнінде қуыршақтарының үстінде киім болса да, оларға өз қиялымен көйлектер тіккенді жақсы көретін. Нәп-нәзік майысқан саусақтарынан ине-жібі түспейтін. Өнерді беріле сүйгені сөзсіз әкенің қанымен, ананың сүтімен берілгені анық. Әкесі Шоқан Төлеш – Қазақстанға белгілі атақты мүсінші. Ал анасы Таужан Есбергенова – XVIII ғасырда өмір сүрген әйгілі Райымбек батырдың алғашқы образын, портретін салған суретші, сол атағымен Қазақстан энциклопедиясының жинағына да кірген.

Ботагөз орта мектептен соң Алматыдағы республикалық көркемсурет орта мектеп-интернатына оқуға тапсырады. Қорытындысы бір айдан соң шығатын. Ол тұста бүгінгідей телефон, WhatsApp деген жоқ, хабар-ошардың бәрі хатпен келетін. Бір айдан соң үйге өзгеше хат келді. «Құрметті Төлешев Шоқан! Сіздің балаңыз біздің мектепке қабылданды» деген мәтіндегі хат жолдары арманшыл қыздың алдағы ғұмырына қос қанат байлап берген болатын сонда. Сол сәттен бері Ботагөз өнерге аппақ жүрегімен адал болып келеді. Бүгінде сарғыш тартқан сол бір тілдей хат суретшінің жүрек тебірентерлік естелігі болып әлі күнге сақтаулы.

 БІР БЕЛЕС

Өнер мектебінен кейін өнер колледжіне оқуға түсіп, оны тәмамдап, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына қабылданып, «көркем тоқыма» мамандығын алып шығады. Қадамын өнер жолының төменгі баспалдағынан бастап, қыр-сырын меңгеріп, жоғарыға көтерілген қыз бірден жеке шығармашылығына түрен салып, ал екі жылдан соң ұстаздық ете бастайды. Бүгінде бейнелеу өнерінің әртүрлі бағытында шәкірт тәрбиелеп жүргеніне де талай жылдың жүзі болыпты. Осы жылдар аралығында өзінің сабақ беру методикасы да қалыптасып үлгерген. Әрине, суретші, ұстаз болып қалыптасуына әкесінен, колледж, университеттегі ұстаздарынан алған білім-білігі көп көмегін тигізді. Шәкірттері де бүгінде өнер биігінен көрініп, үлкен белестерді бағындырып жатса, қоғамның дамуына, жастардың өрлеуіне мен де үлесімді қосып жүрмін деп мақтанса да еш айыбы жоқ. Қазірдің өзінде бірнеше дипломдық жұмыстарға жетекшілік етіп, жастарға гобелен тоқу, батик, киіз басу сынды қазақтың басқа да ұлттық дәстүрлі өнерінің біразын үйретіп, біраз шәкіртін өнер көгіне ұшырды.

 

БАЛАПАНЫМ

Ботагөз Төлешті шығармашылық ортада танымал ете түскен гобелен техникасымен жасалған «Құстар» топтамасы. Осы топтамадағы ең алғашқы жұмыстарының бірі – 2004 жылы орындаған «Балапаны». Сары балапан бейнесі гобеленнің дәл ортасында емес, шеткерірек орналасқан. Суретші бергі жағындағы кеңістік арқылы кішкентай өреннің арманын, алға қойған мақсаттарын көрсеткісі келген сыңайлы. Және де бұл тұстағы түрлі-түсті бояулар жылы, ашық, жұмсақ, көзге жайлы. Яғни бұл жылылық періште баланың әлі де пәк, тап-таза, аппақ ой-арманын сипаттап тұрғандай. Бұл жұмыстың жалпы кеңістігі ақшыл қоңырқай түстермен көмкерілген. Сол кеңістіктегі нүкте секілді өте майда бояулар да балдырғанның бұл әлемде әлі де көретін, сезінетін, білетін дүниелері көп екенін аңғартатындай. Бұл жұмыста ұштары үшкір және ирелеңдеген бейнелерді де байқаймыз. Бұл өмірдің құбылып тұратын әр сәтін, кезеңдерін білдірсе керек.

Дәл осы «Балапаннан» соң суретші одан әрі шабыттанып, «Құстар» топтамасының қатарын көбейте түсті. Одан кейінгі «Мейрам» жұмысында енді балапаны мен анасы бірге ұшып келе жатыр. Күн сәулесі айналаға нұрын молынан төгіп, шуағын шашып тұр. Ананың мейірімі де күн сәулесі секілді ғой, айналасын әркез жылылыққа бөлейді. Бұл композицияда екі кейіпкердің құрылымы жағынан сол жақ тұстан оңға қарай ұмтыла, ұшып келе жатқан сәтін байқаймыз. Біздің қазақта «оңынан тусын», «оңынан болсын» деген жақсы тілек бар ғой. Сондықтан Ботагөз анасының балапанын оңға, күн жаққа қарай, көкке самғауға алып бара жатқан сәтін шебер бейнелепті. Тағы бір маңызды деталь – мұнда балапанның бейнесі анық емес, әлсіздеу сомдалған. Өйткені, ол әлі де қанаты қатаймаған, балаң балдырған іспетті балапан. Ботагөздің гобелендерінде бояулар біртұтас, толық болып келетінін байқадық. Ал осы «Мейрам» гобеленінде бір түс екінші түске жұмсақ ауысып, алмасып, бір-бірімен үндесіп, ойнап жататындай. Бұл ана мен баланың арасындағы махаббатты, жылулықты, мейірімді көрсету үшін жасалған тәсілдердің бірі деп қабылдадық.

 ҚҰСТАР САЙРАҒАНДА

Ал «Саябақтағы құстардың» идеясы Ботагөздің жолай шағын ғана саябаққа кірген сәтінде туындаған болатын.

– Мен, шынымды айтсам, саябақтан құстарды мүлдем көрмедім. Бірақ құлағыма ағаштар арасындағы құстардың түрлі дыбыстар шығарып сайраған, ән салған дауыстары келді. Сол сәт жаныма ерекше бір әуен құйылып, тыныштық құшағында тербелгендей әсерде болдым. Әсерленгенім соншалық, шеберханама келе салып, отыра қалып, сол сезімімді жоғалтып алмайыншы деп, эскизін түсіре бастадым. «Саябақтағы құстарым» да гобелен техникасымен орындалды. Оған жарты жылымды жұмсаппын. Бұл композициядан жапырағы төгілген ағаштардың арасында тұрған үлкен бір құстың бейнесін көре аласыздар. Мен бұл жұмысымда қалада өмір сүретін құстардың әлемін көрсеткім келді. Композицияда нақты бір жыл мезгілін көрсеткен жоқпын. Мәселен, жоғарғы жағынан көктеп шығып келе жатқан жас жапырақтарды, жылы жақтан ұшып келе жатқан құстарды байқайсыз. Ал композицияның төменгі жағында қызғылт, сарғыш түстер көп пайдаланылған. Ол түстер күзді еске түсіреді. Көктем мен күздің бір-бірімен осылайша байланысып тұрғаны құстар тақырыбын жақсы ашып тұр деп ойлаймын. Себебі, құстар көктемде жылы жақтан ұшып келеді, күзде жылы жаққа ұшып кетеді. Бұл композициям бүгінгідей қым-қуыт, қарбалас тіршілікте қала адамдарының да табиғатпен байланысын жоғалтпауға және қоршаған ортаны аялап, қорғап жүруге шақырып жатса, қуанамын, – дейді Ботагөз Төлеш.

 СЕЗІМ мен ТӨЗІМ

Гобелен өнері өте көп уақытты, өнерге деген адал махаббаты, темірдей төзім мен сарқылмас сабырды талап ететін, көз майын сарқып алатын күрделі өнер. Ботагөз барлық гобеленін көмекшісіз, бастан-аяқ өзі тоқып шығады. Оның өзі ұзақ процестен тұрады. Ең алдымен, иедясының эскизін сызып алады. Сосын бояуын іздейді. Одан соң керекті құрал-жабдықтарын, түрлі жіптерін дайындайды. Гобеленнің станогын, картон дайындау, жіптерін керу сынды жұмыстарының өзі көп уақытты алады. Бір сантиметрінің өзін тоқуға бір-екі сағат кетеді. Ал тұтас бір композицияны жарты жыл, тіпті 9 ай, бір жыл тоқыған кездері бар. Кей адамдар жұмысын қымбатсынып жатады. Ал оның арғы жағында қаншама жанкешті еңбектің жатқаны қолөнершіге ғана аян.

«Метаморфоза» деген композициясында әлемнің шексіздігін, оның үнемі жаңарып отыратынын жеткізгі келеді. Ал «Айқайы» қоғамдағы түрлі әлеуметтік мәселелерге, әділетсіздіктерге ашынған жанның жанайқайын көрсетеді. «Алтын бағыт», «Әлем», «Жаңару» гобелендері де жаһанның, қоғамның бір-бір жүгін көтеріп тұр.

 ЕРКІН ОЙЛЫ ҚЫЗ

Бір қызығы, ата-анасы оған ешқашан «адал, еңбекқор, жақсы адам болғын» деп сөзбен айтқан емес, олар ол құндылықтың бәрін өздерінің іс-әрекеттерімен, бір-біріне, ұл-қызына деген сүйіспеншілігі арқылы дарыта білді. Өнер адамы еркіндіктің адамы ғой. Сондықтан әке-шешесі Ботагөздің еркіндігін ешқашан шектемепті. «Жүрегің нені қалап тұр, соны істегін» дейтін әкесі ылғи. Қазір өз ұлына да сол әдісті қолданып жүр. Және одан ұтылған жері жоқ.

– Болдым, толдым деп айтпаймын өзімді. Шығармашылық адамы үнемі ізденісте жүретін жан ғой. Ізденуден жалпықпаймын. Колледжде, университетте сабақ беремін, балаларды бейнелеу өнеріне баулитын студиям бар. Бұлайша тізіп айтып жатқаным, сол қарбаласқа толы жұмыстардың арасында жүрегімнің түкпіріне ой-пікірлерімді құндақтап, шабытымды шыңдап жүремін. Былай қарағанда, сырт адамға күнделікті жұмыста жүрген адам сияқты көрінетін болармын дегенім ғой. Ал шын мәнінде, мәселен, ана баласын құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп жүреді емес пе. Біздің шығармашылық процесс те дәл сондай. Туындымыздың негізгі өзегі әуелі миымызда жылт еткен ой болып, одан кеңейіп, бүтін идеяға айналып, сосын қағазға эскиз болып түсе бастайды. Ол сосын кейін гобелен, әлде графика бола ма, әйтеуір толассыз іште қайнап, пісіп жатады, – дейді кейіпкеріміз.

 СЫЙЛАСТЫҚ

Ботагөз бала күнінде рояльда ойнауды қатты армандайтын. Бірақ музыкалық әуенді қабылдау қабілеті төмендеу болғандықтан, музыка мектебіне түсе алмаған-ды. Бірақ аяулы арманына жете алмаса да, музыкалық аспаптарды өз жұмыстарында молынан бейнелеп жүргеніне, сөйтіп бала арманының ішінде тұншығып қалып қоймағанына қуанады бүгінде.

Адамдармен қарым-қатынаста сыйластықты жоғары бағалайды. Адамдардың бәрін сыйлауға, құрметтеуге тырысады. Бәріне адал болуға ұмтылып жүреді.

Иә, Ботагөздің өмірлік ұстанымы – шыншыл болу. «Шындықтың тілі қарапайым келеді. «Ақиқаттың кемесі сынбас» деуші ме еді, шындық ащы болса да, ол бізді әркез адалдыққа бастап отырады. Шәкірттеріме де, жас буынға жиі айтып отыратын сөзім осы. «Мамандықтарыңды сүйіңдер, жетік меңгеріңдер, көп еңбектеніңдер, ізденіңдер, сонда ғана әр саланың шыңына сөзсіз жетесіңдер» деймін», – деді ол сөз соңында.

Біз осы қасиетті шыншыл қыздың шығармаларынан да көргендей болдық. Армандарға жетелейтін құстарыңызбен бірге биікке самғай беріңіз, Ботагөз!