Жоғары білім саласындағы мемлекеттік стандарттар өзгереді

Жоғары білім саласындағы мемлекеттік стандарттар өзгереді
baq.kz

Жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық еркіндігі одан әрі кеңейтіледі. Саладағы өзгерістер туралы ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев Facebook-тегі парашасында мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

Оның айтуынша, департамент жұмыс тобымен бірлесіп, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына өзгерістер енгізу туралы жоба әзірледі.

Жоғары оқу орындарына қорытынды аттестаттау нысанын анықтауда толық дербестік беріледі. Бұл қорытынды жұмысты тапсырудан бас тартпайды, білім беру бағдарламасының ерекшелігі мен жоғары оқу орнының академиялық саясатын ескере отырып, қорытынды аттестаттау нысанын/форматын таңдау мүмкіндігін береді. Мысалы, университеттер нәтижеге бағытталған жобаларда студенттердің командалық жұмысын, сондай-ақ стартап-жобалар, конкурстық жұмыстарды және т.б. қолдана алады, - деп жазады ол.

Сондай-ақ департамент директорының мәліметінше, қолданыстағы стандарт бойынша базалық пәндер кемінде 112 кредитті, бейіндеуші пәндер – 60 кредитті құрайды. Бірақ, әр университеттің бағдарламалары әртүрлі, сондай-ақ кадрларды даярлау бағыттарының ерекшелігі бар, мұндай қатаң реттеу жоғары оқу орындарына кейбір білім беру бағдарламаларының ерекшелігін ескеруге мүмкіндік бермейді. Сондықтан жаңа Стандарт жобасында базалық және бейіндеуші цикл пәндерінің кредиттер санын қатаң реттеу болмайды. Осылайша, жоғары оқу орындары кредиттердің жалпы санын ескере отырып, базалық және бейіндеуші цикл пәндерінің кредиттер санын өздері анықтайтын болады.

Әділет Жүнісұлының айтуынша, үздіксіз білім беру тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде келесі ұғымдар енгізілуде: «микроквалификациялар», «нано-деңгейлер», «кеңейтілетін дәрежелер (Stackable degree)».

Бұл әрбір адамға кәсіби қызметі үшін қажетті құзыреттерді жинауға мүмкіндік береді. Барлық азаматтар қысқа мерзімде қажетті кәсіби дағдыларды меңгеріп, қосымша білім ала алады. Жоғары оқу орындарына магистранттар мен докторанттардың жеке оқу жоспарының құрылымын өз еркімен бекіту құқығы беріледі. Аталған өзгеріс негізінен Министрліктің университеттердің ішкі құжат нысандарын реттеу және есептілікті қысқарту бойынша жұмысының жалғасы болып табылады. Егер қолданыстағы стандартта жеке оқу жоспарының құрылымына талаптар көзделсе, жаңа жобада олар жоқ, - деді ол.

Сонымен қатар ол ғылыми басшылықты тағайындау және диссертация тақырыбын бекіту мерзімдерін реттеу нормалары қайта қаралатынын жазды. Департамент директоры педагогтер  жоғарыда аталған өзгерістермен танысып, пікірлерін білдіре алатынын атап өтті.

Стандарт жобасы ашық нормативтік құқықтық актілер порталында орналастырылған. Педагогикалық қауымдастықты осы жобаны кеңінен талқылауға шақырамын. Сіздердің ұсыныстарыңызды қарастыруға дайынбыз, - деп қорытындылады министрлік өкілі.