Алматыда сайлау бюллетенінде партиялар қандай тәртіппен орналасатыны айтылды

Алматыда сайлау бюллетенінде партиялар қандай тәртіппен орналасатыны айтылды
Cурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Өңірлік коммуникациялар алаңында Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Айгүл Қалықованың қатысумен брифинг өтті. 

Спикер журналистерге ОСК отырысында дауыс беруге арналған бюллетеньге саяси партиялардың атауларын енгізу тәртібі туралы мәселенің қаралғанын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жеребе тарту қорытындылары бойынша партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда саяси партиялардың атауларын сайлау бюллетеніне енгізу тәртібі:
1. AMANAT партиясы;
2. «Ауыл» партиясы;
3. «Respublica» партиясы;
4. Қазақстан Халық партиясы;
5. Қазақстанның «Байтақ» Жасылдар партиясы;
6. «Ақ Жол» партиясы;
7. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия.

Бұл тәртіп пропорционалды жүйе бойынша сайланатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының депутаттарын сайлауда пайдаланылатын болады.

«Бюллетеньге Алматы қаласы бойынша тіркеуден өткен  6 партия енгізілген. Алматы қаласы мәслихатының депутаттарын партиялық тізімдермен сайлау бойынша 6 саяси партияның 153 кандидаттан тұратын партиялық тізімдері ұсынылды. Олардың 149-ы тіркелді», - деп хабарлады А.Қалықова. 

Оның айтуынша, саяси партиялар құжаттарды сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес ұсынады. Әрбір партиялық тізімде әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдардың саны кемінде 30 пайызды құрайды.

Алматы қаласы мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 210 кандидатура ұсынылды. 18.02.2023 жылғы сағат 18.00-дегі жағдай бойынша тіркелгендер: 21 бірмандаттық округ бойынша 170 үміткер.

Белгілі болғандай, үміткерлердің 3-еуі ұсынылғаннан кейін өз кандидатураларын кері қайтарып алған, 34-і тіркеу үшін қажетті барлық құжаттарды ұсынбаған, тағы бір адам канидат  ретінде тіркелуден бас тартқан,  тағы екі кандидат талаптарға сай емес деп танылды.

Орта есеппен бір мандатқа 8 адамнан келеді.  Ең жоғары бәсекелестік - 12 округте 12 адам. Тіркелген үміткерлердің 134-і ер, 36-сы әйел адам.

Бір мандатты округтер бойынша Алматы қаласының мәслихатына 125 өзін - өзі ұсынушы тіркелген, «AMANAT» партиясынан 20 кандидат, ҚХП-3, «Ақ жол» ҚДП-8, «RESPUBLICA» партиясы-2, «Ауыл» ХДПП-3, "Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы ҚБ – 6 және қоғамдық ұйымдардан 3 кандидат тіркелді. 

Ең жас үміткер 2002 жылғы (20 жаста), ең жасы үлкені 1948 жылы туған (74 жаста).
2023 жылдың 22 ақпаны сағат 18.00-дегі жағдай бойынша,  Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес кандидат немесе оның жұбайы (зайыбы) декларациялаған активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтердің дұрыс еместігі декларация тапсыру кезінде анықталғандықтан ("Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы 89-бабының 4-3-тармағының 4-тармақшасы) бірмандаттық округ бойынша ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына 3  кандидатты тіркеу туралы шешім күшін жойды:
- № 3 округ бойынша 1 кандидат. Осылайша онда 36 кандидат қалды. 
-  2 кандидат № 5 округтікі. Ол жерде 32 кандидат қалды.
Жалпы есепке келер болсақ, 104 кандидаттың 101-і қалды.
Алматы қаласы мәслихатының депутаттарын бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайлауға қатысты да ұқсас жағдай болып, (Конституциялық заңның 104 б. 6-1 т. 4 т.). бірнеше кандидаттарды тіркеу туралы шешім күшін жойды: 

- 1 кандидат № 7 округтен. Осылайша 11 кандидаттан 10-ы қалды.
- 1 кандидат болса, № 17 округтен. Оларда 9 болса, қазір 8-і қалды.
Барлығы 170 кандидаттан 168-і қалды.