Жолбарыс жүректi, арыстан айбынды қазақ

Жолбарыс жүректi, арыстан айбынды қазақ

Бүгін Мұстафа Өзтүріктің туған күні. Осы ретте Мұстафа Өзтүріктің  Қазақстанға  тұңғыш рет  келуі тұрғысында  1990 жылы  жазылған  төмендегі  шағын  мақаланы  ұсынып отырмыз. Себебі, Мұстафаның  елімізге  алғаш  аяқ  басқандағы, жұртшылықпен  кездесуі  кімді  болмасын  қызықтырмауы  мүмкін емес. Сол кездесулерді  сол қалпында  беруге  тырыстық. Оқып көріңіз. Ол кезде еліміз әлі де тәуелсіздік алмаған еді. Алматы қаласы еліміздің астанасы болатын.

...Болат қанаттары көк күмбезінен себелеген алтын найзалы күн сәулесіне шағылысып, зеңгір аспанды қақ айырардай әлгiндегi екпiнi бәсеңдеген «Мәскеу-Алматы» маршрутындағы алып әуе құсы бір сәт Қазақстанның әсем астанасы үстімен қалықтап, қала шетiндегi атшаптырым аэропортқа бет түзедi. Бұдан сүт пiсiрiм уақыт бұрын стюардесса қарындастың: «Бiздiң самолет он мың метр биіктікте, сағатына 950 шақырым жылдамдықпен ұшып келедi. Борт сыртында елу градус аяз. Ендi бiрнеше минуттан соң самолет қону үшiн құлдилай бастайды. Алдымызда-Алматы. Қазір Қазақстан астанасында күн ашық, ауаның температурасы 28 градус ыстық» деуi мұң екен, онсыз да қазақ топырағына табаны тигенше асығып отырған Мұстафадан маза кеткен. Бір түрлі жүрегі лүпілдеп, алқымына ауа кептеліп қалғандай беймаза бәз кешедi. Төрт-бес сағаттық маңдайдан тер сорғалатар жаттығуда да, небір жолбарыс жүректі жалаңтөс палуандармен, мысық айлалы каратэшілермен, таэквондошылармен жекпе-жекке шыққанда да жүрегі қағып, дәл осылайша күй кешпеуші еді-ау.

Қайта-қайта сағатына қарағыштайды. Әншейінде, тау бөктерiнен аққан бұлақтай сумаңдап жеткiзбейтiн сағат тiлдерi мұндайда бір орында мөлшиіп, бедірейе қалатыны несі екен? Самолеттің де ұшуы өнбейді-ау, жазған! «Ғалымдар бұдан жылдамырақ ұшатын еш нәрсе таппағаны ма сонда?» Өрекпіген көңілі, алып-ұшқан жүрегі Қазақстанға жеткенше асығады. Жан-жағына ұрлана қарайды. Өзiмен бiрге келе жатқан таэквондошы он екі шәкiртi де, екi журналист досы да, самолеттегі басқа жолаушылар да дәп қазiр қаннен-қаперсіз. Ойларында ешнәрсе жоқ ау, сірә! «Бұларда сағыныш деген бола ма өзі?» Неге болмасын? Мұстафа замат өз ойынан өзі ұялады. Әй, пендешілік-ай! Әнебiр жiгiт бұдан басқа ұйықтайтын жер таппағандай тәтті ұйқыға берілген. Қасындағысы қолындағы газетіне қомағайлана шұқшияды. Мына екі келіншектің әңгімелері екі-үш сағатқа созылса да таусылар емес. Сонда мынау аспан апшысын қуырып келе жатқан самұрық құс қанатындағы жүздеген жолаушылардың ішінде беймаза бәз кешіп, аяғы қазақ топырағын басқанша асығып, шыдамсыздана тағат таппай отырған осы Мұстафа ғана ма? Әрине ол жағын деп басып айту қиын-ақ. Бірақ адам баласын түсiне алатын, сезіне алатын кез-келген кiсi осы бiр iлкі сәт Мұстафа жүзiне зер салып, байыппен бағдарлай көз жүгіртсе, оның жанарынан сағыныштың сартап iзiн, еліне, жеріне деген кiршiксiз махаббатын, ғұмырлық ғашықтығын бiрден ұғынар еді-ау, шіркін. Сосын соншалықты жанашырлықпен оның толқынданған бұйра шашынан жеңiл сипап: «Міне, аман-есен жеттiң ғой, айналайын!» деп бірауық мұның осы сәт қуаныштан бал-бұл жанған жүзiне күлімсірей қарар еді. Сонда маналы берi iштен тынып, өзін-өзі әрең тежеп отырған Мұстафа әлгi жанды қапсыра құшақтап, ағыл-тегiл ботадай боздар еді-ау. «Жүрегім жарылып кетер ме екен, қайтер екен? Разымын жаратқанға! Ата-бабамның кiндiк қаны тамған қасиеттi атамекеніме тағы да жеттiм-ау, аңсап жүр ем! Иншалла! Иншалла!..» Бірақ Жер-анадан он мың метр биіктікте кiмнiң жанын кiм түсiнсiн, кім ұқсын, әркім өз ойымен әлек. Мынау өзiмен бiрге Қазақстанға тұңғыш рет сапар шегiп келе жаткан спортшы шәкірттерді де, журналист жолдастары да, бәлкiм, бұл сәт өздерiнiң сонау Европаның кiндiгiндегi елiн, жерiн, отбасы-ошақ қасын, ата-анасын, дос-жаранын ойлап отырған шығар. Иә, бұл жалғанда көңiлдiң көк дөненiнен жүйрік, ойдан жылдам еш нәрсе жоқ-ау, сірә!

Күмiс қанаттары алтын найзалы күн нұрына шағылысып, көк күмбезiн қақ айырардай екпінін бәсеңдеткен «Мәскеу-Алматы» маршрутындағы алып ауе құсы бір сәт әсем Алматы үстiмен қалықтап, қала шетіндегі атшаптырым аэропортқа табан тіреді. Манадан берi самұрық құс иллюминаторынан төменге көз тiгiп, қалың ой құшағына беріліп отырған Мұстафа осы сәт жанарларынан қуаныштың қос тамшысынын сынаптай сырғып түскенiн сезбей де қалды. Тек «жеттік-ау, жеттік-ау» дей берді iштей күбiрлеп. Ал бұл кезде Мұстафа Қазақстанға жетуге қалай асықса аэропорт алаңында жүздеген бауырластары оны солайша тағатсыздана күтіп тұр едi....

Мұстафа! Кәдiмгi қаһарлы шығыс жекпе-жегі таэквондодан 6 данның иегері, қара белбеулi Мұстафа Өзтүрiк! Қазақ халқының атын айдай әлемге паш етіп жүрген жолбарыс жүректi, арыстан айбынды қазақ жігіт-Мұстафаң осы!

-Мұстафа! Мұстафа!-Бауырластарының, қандастарының дауысын самолет сатысына жетер-жетпестен-ақ есіткен оның жан-жүйкесi шымырлап, қуаныштан жүрегi жарылардай алға ұмтылады. Мiне, самолет сатысының алғашқы баспалдағына аяғы тиген сәтте-ақ өзi сағынып қауышқан қасиеттi жерiнiң, қазақ аспанының самал желi де жетті-ау «Аман-есен келдiң бе, жарқыным-ау!» деп аймалайтын сияқты ол. Мұстафа осы сәт көкiрегiн кере кең тыныс алып, жанары жасаураған бойы «Қайран елім-ау, сағынып жүрiп тағы да жеттім-ау, әйтеуір» деп баспалдақпен түсiп келе жатты. Ал бұл кезде бiздiң кез алдымыздан Мұстафаның бұдан үш ай бұрынғы Қазақстанға алғашқы сапары, онымен болған қызықты кездесулер кино таспасындай етiп жаткан едi...

 

Таэквондо тәңірімен тұңғыш жүздесу

 Журналист ағайындардың жылт еткен жаңалыққа құлақ түрiп, тiптi мүмкiн болып жатса ол туралы өзге әрiптестерiнен бұрын халықты хабардар етуге құлшынып тұратын қашанғы әдеті емес пе? «Қазақстанға келген қара белбеулі, аты мұқым әлемге мәшһүр таэквондошы батысгерманиялық қазақ жiгiтi-Мұстафа Өзтүрiк Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетiнде журналистермен кездеседі екен!» деген шұғыл хабарды құлағымыз шалысымен-ақ сонда барғанбыз. Ондағы мақсатымыз- елім, жерім деп аңсап келген, сағынып келген бауырымыз жайлы басқа әрiптестерiмiздiң алдына түсiп кетiп, ол туралы өзгелерден бұрын жазу емес, шындықты мойындасақ-отандасымыздың бiздiң елiмiзге деген, халқымызға деген махаббатын, ішкі ойын, сағынышқа толы сырын, өзiндiк пiкiрiн бiлу, ал дәлірек айтсақ, мүмкiндiгiнше емін-еркін отырып, ашық-жарқын әңгіме-дүкенін құру болатын. Сондықтан да бұл әдеттегіден өзгеше, соншалықты қымбат әрi қайталанбас кездесудің оған қатысқан қай-қайсымызға да берер рухани, адами әсері мол еді. Себебі, біріншіден-бұл кездесуде бiз отандасымыз арқылы шет елдердің әсіресе, елімізбен шекаралас Европа елдерiнiн, оның тұрғындарының тұрмыс-тiршiлiгiнен, әлеуметтік, саяси рухани жағдайынан хабардар болсақ, екiншiден кезiнде бас сауғалап, пана iздеп сол мемлекеттерге қоныс аударған азды-көпті қазақ бауырларымыздың өмiрлерiнен көптеген мағлұматтар алмақпыз. Сондықтан да болар осынау кездесуге қалайда қатысуға құлағына хабар жеткен бiздiң әрбiр әрiптесiмiздiң асыққаны анық едi. Бiрақ шынын айтсақ, бүгiнгi бiз жүздескелі отырған қаһарлы шығыс жекпе-жегі - таэквондо тарланы Мұстафа Өзтүрiктi кездесуге келгендердің ешқайсысы да атын есіткенi болмаса, бұрын-соңды жүздесіп, тiлдеспеген екен. Бiздiң де бiлетiнiмiз сол - Мұстафаның спорттық атақ-даңқы, ұлтының қазақ екендiгi демекші, осы сәт бiздiң ойымызға бұдан екi жыл бұрын республикалық «Лениншіл жас» газетiнде (қазіргі «Жас алаш») болған кездесу ерiксiз орала берді. (Мен ол кезде  «Лениншіл жас» газетінде  бөлім меңгерушісі едңмү Автор).

Әлi есiмiзде кездесу кейіпкері Батыс Германияның Кельн қаласында тұратын Ляхат есiмдi қазақ жiгiтi едi. Алғашында томаға-тұйық басталған сол кездесудің соңы ашық әнгімеге ұласқан-ды. Сонда «Лениншіл жастың» бiр журналисiнiң «Қазiр Батыста қазақ халқының атын шығарып жүрген азаматтар бар ма?» деген сауалына Ляхат бірден-ақ. «Әрине, ондайлар көп емес. Бiрақ солардың iшiнен мен бөле жарып спортшы, таэквондошы отандастарыңыз, бауырларыңыз, аты әлемге әйгілі болған Мұстафа Өзтүрiктi айтар едім» деген. Бұрындары Мұстафа есімін тиіп қашып сырттай естісек, сол кездесуде Ляхат бауырымыздың қазақ халқының атын асқақтата шығарып жүрген спортшы отандасымызбен жақынырақ танысқандай болып, онымен бiр кездесуге ынтыққан едік. Ендi мiне, бүгін сол кезде армандаған жанмен жүзбе-жүз әңгімелескелі, сұхбаттасқалы отырмыз. Кездесу басталғанға дейін «Мұстафа бауырымыз бізбен қай тiлде сөйлесер екен? Қалай болғанда да туғаннан шет елде өсіп келе жатқан азамат емес пе? Қазақ тiлiн шетел түгіл өмір бойы Қазақстанда туып-өскен кей қазақтарымыз да ұмытып, мәңгүрт болып жатқан жоқ па? Сондықтан, егер Мұстафа бауырымыз түрік немесе немiс тiлiнде сөйлесiп жатса, оған кешіріммен қарау керек болар» деген ой қайта-қайта алдымыздан орағыта берген. Десе де қазақ халқының атын бүкіл әлемге, жер-жаһанға мәлім етiп жүрген қайсар қазақтың өз ана тілін білмеуі мүмкін емес деген үміт оты да өрекпіген көңілімізді басып, жылт еткен жақсылық нышанына жетелей түскен. Кездесу белгiленген зал әп-сәтте-ақ абыр-сабыр болды да қалды. Жалаңдаған журналистердiң бiрi блокнот, қаламын даярласа, енді бір пысықтаулары шетелдiк диктофондарын арлы-берлі шыртылдатып, тағы бір рет тексеруден өткізуде. Құдай-ау мұнда несiн айтасың, республикалық барлық газеттердiң екiлi-үштi өкiлдерi жүр. Қазақ тiлiнде шығатын газет-журнал қаламгерлерiн былай қойғанның өзiнде бүгiнгi кездесуге орыс тiлiндегi «Казахстанская правда", "Ленинская смена», «Спорт» газеттерiнен, корей тiлiнде басылатын «Ленин кичи», немiс тiлiндегi «Фройнд шафттан» да, ұйғырша шығатын «Коммунизм туғи» және республикалық Отан қоғамының газеті-халықаралық «Шалқар» апталығынан да өкiлдер келген. Бұлардан бөгде ара-тұра жас ғалымдар мен астаналық студент ағайындар да бой көрсетіп қалады. Зал бір сәт сілтідей тына қалған. «Келе жатыр»,-дедi отырғандардың бiрi. Ойымызға тағы да Ляхат бауырымыз оралған. Онымен кездескенде де алғаш осындай екіұдай ойда болғанымыз бар едi. Бiрақ кездесуіміз басталған заматта-ақ бізбен өз ана тiлiнде сөйлескен кельндiк бауырымыз-Ляхат әлгіндегі көңілімізді күпті етіп тұрған қою тұманды сейiлтiп жiберген.

-Ата-бабамның кiндiк қаны тамған қасиетті топыраққа келiп отырып, сiздермен түркi немесе неміс, ағылшын тiлiнде сөйлессем, өзiмнiң қаным, жаным қазақ бола тұрып, қазақ бауырыммен сөйлесу үшін, жаныма аудармашы ертiп жүрсем, менiң кiм болғаным сонда? Өздерiңiзге белгілі, Қазақстанға келгенiме біраз күн болып қалды. Осы күндер iшiнде көптеген жерлерде өзімнің бауырластарыммен жүздесiп, ата-қоныс мекенімде көптен армандаған мақсатыма жеткендей күй кешудемін. Ол қуанышымда шек жоқ, оны айтып жеткiзуiм де мүмкiн емес. Жаңа жоғарыда айтып кеттiм ғой, мұнда келгенiме де бірер күн болды деп. Алдымен менiң атамекенге келуiме Қазақстандағы «Отан» қоғамы көп қамқорлық жасады. Алғашқы алғысымды мен соларға айттым. Әлгінде бiреуiңiз бiз жақтағы қазақ бауырларыңыздың ежелгi салт-дәстүр, әдет ғұрыпқа қалай қарайтындығы, сосын ана тiлiнде сөйлей алу, алмауы туралы маған орынды сұрақ қойдыңыздар. Шүкіршілік, Батыс мемлекеттерде тұратын қазақ ағайындарыңыз әзірге ана тiлiн, ежелгi салт-дәстүрiн ұмытты деп айта алмаймын. Өйткенi үлкен кiсiлер жастарға қазақ халқының әдет-ғұрпын, әнiн, күйiн, тiлiн ылғи да үйретiп отырады. Мына менiң сiздердiң алдыларыңызда қазақша сөйлеп отырғаным сол кiсiлердiң мықтылығының арқасында. Ал енді, той-томалақ, жиын, бас қосу, қайтыс болған кiсiлердi жөнелту, сүндет, қыз ұзату, тағы басқа да толып жатқан тойлар бiзде кәдiмгi қазақ халқының ежелден мирас болып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен, жете беретiн салты бойынша өткiзiледi. Қайта менің естуімше, халқымыздың дәстүрiн, ұмытылуға шақ қалған тiлiн сiздер ендi ғана қолға алып жатқан көрiнесiздер. Соңғы жылдары жүздеген қазақ мектептері жабылып қалыпты. Германияда қазақша тәлiм-тәрбие, білім беретін мектептер жоқ болғанымен, бiздер өзара ана тiлiмiзде сөйлесемiз. Ана тiлiмiздiң бiздiң түрiкше, ағылшынша, французша сөйлесуімізге ешқандай кедергiсi жоқ. Өзге тiлдердi бiлгенге не жетсін, әрине, бiрақ, алдымен ана тiлiнде сөйлей білу-жаны, қаны қазақ әрбiрiмiздiң ең бiрiншi кезектегі адами парызымыз, қаруымыз болса керек. Батыстағы бауырластарыңыздың тiл жөнiндегi пiкiрi әзiрге осындай,-деген еді Ляхат бауырымыз сонда жиналғандардың бәрiн де риза етiп. Шынын айтсақ, сол сәт өз жерiмiзде жүрiп, өз тiлiмiзде кейбiрiмiздiң сөйлей алмайтынымыз есiмiзге түсiп, ұяттан бетiмiздiң қызарғаны да рас болатын.

-Келiндерiңiз де қазақ, әке-шешесі де Түркияда тұрады,-деп жалғастырған сөзін Ляхат одан әрі.-Екi кiшкентайымыз бар. Бала емес пе, далаға шықса, достарымен немісше сөйлесiп кетедi. Оған да өкпелей алмайсың, өйткенi орта солай. Бiрақ орта солай екен деп көз алдымызда тiлiмiзден ажырап қалмақпыз ба? Жоқ, олай емес. Балаларымыз үйге кiрген бойы олардың ана тiлiнде сөйлеуін талап етемiз. Мінеки, қазiр шүкiршiлiк, олар қазақ тiлiнде еркін сөйлейді...

Әне, батысгерманиялық қазақ отбасында ана тiлiн жетiлдiру осылайша ешқандай тiл туралы заңсыз-ақ жүзеге асырылуда. Ал бізде ше? Тағы да ұяттан жерге қараймыз. Ой-санамызды Ляхатпен болған сол бiр әсерлi кездесу билеп-ақ алған екен, қазiр бiр сәтке Мұстафамен жүздесетiнiмiздi де естен шығарып алғандаймыз. «Келе жатыр» дедi шеткі орындықта отырған қағілез журналист орындығына бiр отырып, бiр тұрып. Ол осылай деп ауыз жиып болғанша қасында Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің, тағы да басқа жауапты мекемелердiң жауапты қызметкерлерi, қазақстандық достары, таныстары бар Мұстафа ішке енiп те үлгерді. Оның алғашқы сөзі «Ассалаумағалейкүм, қымбатты бауырларым!» болды.

- Қош келдiк, Мұстафа бауырымыз!-деп шуластық аузын толтырып «Ассалаумағалайкум» деп сәлемдескен отандасымызға көңiлiмiз толып, риясыз ризашылығымызды бiлдiре. Әлемге әйгілі, дегенмен, бiзге тек есiмi ғана таныс таэквондо тарланы - Мұстафамен алғашқы жүздесуіміз осылайша басталып та кетті. Шымыр денелі, сұлу реңдi шетелдiк бауырымыздың сөздері де нық екен. Әңгімені әріден сабақтайды.

-Қазақ халқына қасірет бұлтын төндiрген сонау ашаршылық жылдар,одан кейiнгi зұлмат кезеңдер бiздiң ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жерін, елін тастап, пана іздеп, бас сауғалап басқа елге еріксіз үдере көшуіне мәжбүр еткенiн мына отырған сiздер менен де жақсы бiлесiздер,-деп бастаған әңгімесін Мұстафа Өзтүрiк.-Мiне, сол жанына талшық iздеген, қайтсек тiрi каламыз деп, амалсыз босқын атанып, ауыр да, азапты сапар шеккендердiң iшiнде менiн де әке-шешем бар екен. Ықылым заманнан Қазақстанның шығысын мекен еткен, сол бiрнеше рулы ел бастарына түскен қайғылы қасірет күндерi жүздеп, мыңдап қытай еліне асқан. Бiздiң әкелерiмiз тiптi, Үндістан, Пакистан жерлерiнде де аз-кем тұрақтап, одан Түркияға тартқан. Әрине, жалғыз емес қой. Мұның өзі үлкен бiр әңгiме. Елден шыққан сол бiрнеше мың адамның бiрнеше мыңдаған шақырым жол жүpin, Түркияға жеткенше өткерген азапты сапарында қаншасының көз жұмғанын мен бүгiн сiздерге дәлме-дәл айтып бере алмаймын. Бiрақ үлкен кiсiлерден естiп-бiлуiм бойынша елден шыққан сан мың адамның Түркияға аман-есен аз бөлігі ғана жеткен. Мына біз-солардың ұрпағымыз. Дүниеге 1954 жылы келген екенмін. Ал өзіміздің еліміздің, жерiмiздiң, Отанымыздың Қазақстанда екендігін кейін ес білгенде ғана ұғындым. Әкем марқұм шешеме ылғи «Осы балаларым ең болмаса өз Отандарының қайда екенiн бiлiп, барып-келiп тұрса не арманы бар?!» деп отырады екен. Міне, осы сапарымның өзі әке арманының орындалғаны, соның бастауы ғой деп қуанатыным рас. Бұрынғыдай емес, қазір шетелдермен қатынас жақсара түстi. Бұл біздер үшін, әсіресе шетелдерде жүрген бауырластарыңыз үшiн әбден-ақ тәуiр шаруа болғалы тұр.

Мұстафаның әңгiме үстiнде соншалықты толқып отырғаны бәрімізге де айқын сезiлiп тұрды. Сөйтсе-дағы бiздiң тағы бір таңқалғанымыз соншалықты толқып отырғанына қарамастан шетелдік замандасымыздың өз әңгiмесiне түрiкше немесе немісше бір ауыз сөз араластырмауы еді. «Жарық дүниеге шыр етіп келгелі бері жат елде жүрсе де ана сүтiмен дарыған ана тiлiн құрметтеу дәл осындай-ақ болар» дедік іштей.

Мұстафа бауырымызға алғашқылардың бiрi болып сұрақ қойған журналист әріптесіміз ағынан жарыла:

-Шынымызды айтсақ, өзiңдi сырттай есіткенiмiз болмаса жүздесiп отырғанымыз бүгін ғана. Өмірбаяныңды толық бiлмеймiз. Сондықтан да ендiгi әңгiменiң түп-төркiнiн солай қарата бұрсаң деймiз. Оның үстiне ұзынқұлақ ағайындардан өзiңдi өзiмiздiң әрiптесiмiз екен деп те есiтiп қалдық,-деді.

Әлгiнде ғана жүзiнде-мұң табы, жанарында-сон-о-у-у бiр қасірет жылдарындағы Қазақстан-Түркия азапты сапарында жан кешкен ағайындарына, туғандарына, қандастарына деген жанашырлық сезiмi себелеген Мұстафа өңіне осы бір сәт қан жүгiргендей күйге енiп, риясыз жымиды.

  • Отыз алты жылдық ғұмырым iшiнде сiздердi таңқалдыра қоярлықтай тау қопарып, тас бұзғаным жоқ қой деп ойлаймын. Мені шет елде-Түркия топырағында өніп-өсті демесеңіздер, жастық кезім, әсіресе, балалық шағым, ес білгенге дейiнгi күндерiм өздерiнiздiң балалық шақтарыңыз сияқты алаңсыз өтті. Әрине, ондай кездердiң, дәлірек айтқанда әке-шеше мәпелеуiндегi сол бiр тәтті, қызығы да, шыжығы да мол сәттердiң тез өтiп кететінi де, алаңсыз, уайымсыз болатыны да шындық. Мектепті түрiк тiлiнде оқыдым. Өйткені, Түркияда қазақша мектеп жоқ қой. Ал ендi есейiп, ес бiлген тұста, жоғары сыныпқа барғанда алдыма мынадай үлкен мақсат қойдым: Ол мақсатым-есейгенде журналист болу еді. Сол кезде, шынымды айтсам, журналист болу оңай, әрі қызықты көрінетін-ді. Сондықтан да алға қойған арманыма қатты талпындым. Сөйтiп 1970 жылы Тайвань мемлекеттік университетiнiң журналистика факультетіне түстім. Әріптестерiңiз екенiмдi әлгінде біреулерден естiп қалдық дедiңiздер ғой. Ол рас, есіткендерiңiз-шындық. Мамандығым-журналист. Осы ретте мен сiздерге тағы бiр шындықтың бетін ашайын. Мамандығым журналист болғанымен, мен бұл салада iстегенiм жоқ. Неге екенiн бiлмеймiн, мен өзiм жастайымнан әуестенген күрес өнері қол бұлғап шақырды да тұрды. Оның бергі жағында «Журналист болу оңай, әрi қызықты. Керегiнше ел аралап жүретiнiң және бар» деген ойым да шындыққа ұласпады. Себебі, нағыз, шын мәнiндегi журналист болу, сөйтсем, қиынның қиыны екен. Бұған қарап, сіздер менi «қиындықтан қорыққан екен» деп қалмаңыздар. Батыс елдерiндегi аты шулы журналист болмасам да, ортанқол маман болуға талабым да, мүмкiндiгiм де бар едi. Бiрақ жүрекке әмір жүрмейді дегендейiн, жаңа жоғарыда айттым ғой, жатсам да, тұрсам да табиғаты тылсым, түсiнген адамға да, түсінбеген адамға да құпиясы мол, әдiс-айласы жетерлiк таэквондо текпiшегi менi өзiне тартты да тұрды. Ақырында оның соңына бiржолата түскенiмдi өзiм байқамай қалдым. Осы жолда Жапония, Қытай, Корея елдерiнде болып, жүрегім қалаған, көңiлiм сүйген-бүгiнде спорт әлемiнiң үлкен бір саласына, көкжиегіне айналып отырған таэквондомен айналысуға шыңдап-ақ кiрiсiп кеттiм. Бұл сапарларымда «Журналист болу екiнiң бiрiнiң қолынан келе беретін шаруа емес екен,  ал спортшылыққа соншалықты  таланттың да, тер төгудің де қажеті шамалы шығар» деген ойым да теріске шықты. Бүгiнде өзiмнiң жүрiп өткен қысқа ғана спорттық соқпағыма бұрылып қарап, бағдарлай зер салсам, шыңдап кіріскен ісіңнің, алға қойған мақсатыңның үдесiне жету үшiн аз тер төкпейтiнiң, неше түрлі қиыншылықтарды басыңнан өткеретiндiгiңе тағы да бір көз жеткiзгендей боламын. Бұл қызығынан гөрi машақаты мол өнердiң менiң өз басыма тигiзген пайдасы да зор болды. Осынау спорт өнерi жолында мен алдымен ұлттық намысымды шыңдағандай болдым. Әрине, сіздер әрбiр спортшы бойында намыс жiгер-қайрат, оның iшiнде әсіресе, ұлттық намысы болмаса ол спортшының әрдайым сәтсiздiкке ұшырайтынын жақсы бiлесiздер. Сосынғы бергенi-мен алдымен суарылған болаттай шынықтым, ел аралап, жер көрдiм, мұқым әлемнің әртүрлі адамдарымен жүздестім, жақындастым, пiкiрлестiм. Спорт қашанда ел мен елдi, адам мен адамды жақындастырады, достастырады. Спорт тілі-ортақ тіл. Тағы бір айта кететінім, осы уақыт аралығында мен қазақ және түрiк тiлдерiнен басқа жапон, қытай, неміс, ағылшын тiлдерiнде еркін сөйлеуді меңгердім.

Иә, Мұстафа соңғы сөйлемдерiн мейiрлене, тебірене айтты. Шынында да оның дәп қазiр қалай айтса да, тiптi мақтана, көтеріле сөйлесе де құқы бар едi. Бiрақ көтерiлiп сөйлеу, көкiрегiн қағып, мақтангершiлiк қасиеттің құлы болу сияқты пасық сезiм, жиіркенішті әдет Мұстафа бойында жоқ екен. Бiздiң оған ә дегенде-ақ риза болғандығымыз да сондықтан. Бүткіл жер жаһанды өзiнiң спортшылық өнерiмен, таэквондо сынды табиғаты тылсым шығыстың қаһарлы жекпе-жегiнiң қырын да, сырын да асқан шеберлiкпен меңгерумен тәнті еткен шетелдiк қазақ бауырымыздың өз аузынан әлем халықтарының алты тiлiнде еркін сөйлейтiнiн есiткенiмiзде, шыны керек, бар болғаны өз ана тiлiмiзден өзге бір ғана тiл бiлетiн өзiмiздi оның  жанында тiлi шықпаған баладай сезіндік. Алты тiл! Бiр адамның осыншама тiлде еркін сөйлеуі, таңқаларлық, риза боларлық жағдай. Қазақ тілін білу –  бұл тiл оның ана тілі, түрікше білетіні ол Түркияда туып-өсті, сол тілде бiлiм алды, ал немісше бiлетiнi оның қазiргi өмiрi Мюнхеньде – кiл немiстердiң арасында өтуде. Сонда ағылшын, жапон, қытай тiлдерi оған неге керек болды екен? Мәжбүрліктен бе, жоқ әлде оның басқа себептерi бар ма? Біздің осы сауалдың түбіне жете алмай отырғанымызды ұққандай, Мұстафа бауырымыз әңгімесін одан әрi өзi жалғастырып әкетті.

-Жаңа жоғарыда өздерiңiзге айтқандай жастық шағымды бiлiм, спорт өнерін іздеумен шығыстың үлкенді-кішілі біраз елдерінде өткіздім. Ал ендi осындай iзгi мақсатпен жүргенде сол елдердiң, жергiлiктi халықтың, ұлттың тілін білмесең, жалпы жағдайынан хабардар болмасаң, онда алға қойған мұратыңның орындалуы, оған қол жеткiзудiң екіталай екенiн ұқтым. Адамдардың бiр-бiрiнiң жанын, жайын ұғыну үшiн тiлдiң кереметтей рөл атқаратыны кiмге де болса түсінікті ғой. Сондықтан, мен өзiм жүрген елдерде жергiлiктi ұлттың тілін, салт-дәстүрлерiн, мәдениетiн бiлуге, мүмкiндiгiнше соларды тездетіп үйреніп алуға көңіл аудардым. Мұның өзі ең алдымен сол елдiң жергiлiктi халқына деген үлкен құрмет болса, екiншiден, адамдармен еркін сөйлесіп, ойымды еркiн жеткiзетiнiмдi былай қойғанның өзінде рухани өремдi өсiрiп, әлем халықтарының тұрмыс-тiршiлiгiн, әдет-ғұрпын терендетiп бiлуiме көмегін тигiзедi. Ал ендi шынымды айтсам әр халықтың тiлiн бiлген адам өзін шет мемлекеттерде еркiн сезiнедi екен. Оны мен өз басымнан кешiрiп жүрген жанмын...

Мұстафа өзiнiң тiл туралы ойын, пікірін осылайша пайымдайды. Біз болсақ шетелдік бауырымыздың өресiнiң, сана-сезiмiнiң соншалықты жоғары екендiгiне, көңiлiнiң ояу, көзінің ашық, түсiнiгiнiң молдығына іштей ризашылығымызды бiлдiре отырып, өзiмiздегi республикамыздағы тіл мәселесін еріксіз ойлап, жанымыз жаси түседі. Жаси түсетіні-өмiрге қазақ болып келiп, бiрақ бiр ауыз қазақша сөйлей алмайтындардың қалалық жерді былай қойғанның өзiнде басқа ұлт өкiлдерi араласқан ауылды жерлерде де көбейіп бара жатқандығы. Әсiресе, қала жастарының бүгiнгi жайы ес бiлер, жөн ұғар қазақ ағайындарын капаландыруда. Өйтпегенде ше? Көз алдымызда қасиетті ана тiлiмiзден, Аралымыздың тартылып бара жатқан суындай ажырап қала жаздап, қалт-құлт етіп тұрған жоқпыз ба? Әйтеуір. Тіл туралы Заң шығып, құлазыған көңілімізге әзірше медет болып тұр. Соңғы жылдары жабылып қалған 800-ге тарта қазақ тiлiнде дәріс беретін мектептердiң орнын толтыру да Аралдың арнасын баяғы қалпына келтіруден оңай емес-ау, сірә! Өйткені, тiлiмiздiң соншалықты дағдарысқа ұшырап, жойылып кете жаздағанына қарамастан арамызда әлі де болса өмiрлiк, мәңгiлiк мәнi бар осы мәселеге атүстi, тiптi жүрдiм-бардым қарайтын өз қандастарымыз толып жатыр. Олар үшiн алдыңғы кезектегi iс-өз ұлтының мәңгiлiк болуы емес,қарны тоқ, көйлегі көк болса болғаны! Тiлiнен, дiнiнен, әдет-ғұрып, салт дәстүрiнен айрылған ұлттың-ұлт болудан да айрылатыны олардың каперіне де кiрiп шықпайды-ау! Осыдан кейін көңілің қалай жасымайды? Ал ендi өз қандастарымыз, бауырларымыз қазақ тiлiнiң, ана тіліміздің тағдырына осылайша шекесiнен қарап жүргенде республикамызда тұратын басқа ұлт өкiлдерiнен жанашырлық, қайырымдылық күтіп, тiлiмiздiң дамуына қол ұшын бергiн деуiмiздiң өзi де ұят-ау, ұят! Және оның үстіне ол ағайындардың өздері де пәленбай жылдардан бері Қазақстанда тұрып, жергiлiктi ұлт тілін үйренуге, құрметтеуге сыңай танытар емес. Ол түсiнiктi де. Жұрттың бәрі «барған елiмде жергiлiктi ұлттың тiлiн, салт-дастүрiн бiлудi алғашқы мiндетiм санаймын дейтiн Мұстафа бауырымыздай деймiсiң?! Иә, ондай адамдар саусақпен санарлық шығар-ау! Ойымызды Мұстафаға қойылған тағы бiр сұрақ бөлiп жiбередi. Бұл жолы бiздiң журналист ағайынымыздың сауалы былайша өрбіді:

-Мұстафа бауырымыз, мынау өзі таэквондо деген спорт түрi бiздiң елде кенжелеп қалған болу керек, өйткенi бұл туралы біз соңғы жылдары ғана естіп-біліп жүрміз. Онда да атақ-даңқы бүкіл әлемге мәлiм спортшы киноактер, қытайлық жігіт Брюс Ли арқылы, дәлірек айтсақ, ол жайлы түсірілген және бүгінде әлемнің жүздеген, мыңдаған кинотеатрларында, бейнесалондарында көрсетiлiп жүрген кино таспалары арқылы. Менiң ойымша, бұл жiгiттiң жасы өзіңмен шамалас, немесе өзiңнен көп болса бес-алты жас үлкендеу болар. Бiрақ менiң айтпағым бұл емес. Сол жiгiт әлем көкжиегіне жұлдыздай жарқ етті де, жас ғұмыры ерте үзiлдi. Ерте үзiлгенмен артына өшпестей із қалдырды-ау деп ойлаймын. Ал ендi бiздiң білуімізше ол жігіт те шығыстың қаһарлы жекпе-жегін шегіне жеткізе меңгерген, көзi жұмылғанша өз халқының намысын қорғап өткен үлкен жүректi азиаттардың бiрi болса керек. Осы орайда бiз де сенi шетелде тұрсаң да өз халқыңның, қазағынның атын айдай әлемге паш етiп жүрген аяулы ұлы деп бiлемiз. Қаһарлы жекпе-жекте талай рет чемпион атанып, алтыншы данның иегері болғанынды да мақтанышпен жыр етемiз. Бiлуiмше, бүгінде бүкiл Европа мемлекеттерiнде таэквондо спортынан мұндай дәрежелi екi-ақ адам бар көрінеді. Соның бiрi - өзiң екенсiң! Қандай ғанибет бұл! Осылардың бәрiн айтып отырған себебiм, сен өзің шығыс елдерiнде оқып, спорт көкжиегіне сонда жүрiп қол жеткiздiң. Жастық шағың сонда -Шығыста өтті. Осы жолдарда сенiң Брюс Лимен кездеспеуiн мүмкiн емес қой деп ойлаймын. Егер кездессең, оны білсең сол туралы да айтсаң деген тілек бар. Себебі, Брюс Лидiң өлiмi туралы әркім әрқалай айтады.

Осы сәт Мұстафа жүзі сәл күреңітіп, жанарлары мұңдана қалғандай көрiндi бiзге. Әрине, Мұстафаның дəп қазiргi жай-күйiн де түсiнуге болады. Жастайынан бiлiм қуып, Шығыс елдерінде, шет мемлекеттерде жүргенде талай-талай қиындықтарды басынан өткергенiнде дау жоқ-ау, сірә! Бәлкім, дәл қазiр Мұстафа бауырымыз сонда өткерген күндерiн есiне алып отыр ма екен, я болмаса аққан жұлдыздай жарқ етiп, мәңгiлiк көз жұмған спортшы, киноактер Брюс Лиді ойлады ма екен, ол жағы бiзге белгiсiз, бiрақ, әйтеуір оның көңiлiнiң бiр сәтке құлазығаны бiздерге айдан анық сезiлiп тұрды. «Брюс Лиде несі бар еді, қарап отырмай» деп әрiптесiмiздi де iштей кіналап алдық. Десе де, бұл сұрақты қою, шынында да, залда отырған әрбiрiмiздiң көкейімізде бар еді. Сондықтан да ешкім ешнәрсе деуге дәті бармай, Мұстафаның жауабын күткен бойы безердiк  те қалдық.

-Ия, ол кездер, 1970 жылдары Брюс Лидiң атағының жер жарып тұрған кезі еді,-деп бастады Мұстафа сөзін.  - Менің ойымша Брюс Лидін атын есіткен әрбiр жасөспiрiм дал сондай болуды армандайтын. Мұндай сезім өз басымнан да өттi. Соншалықты мұқым әлемге аты мәшһүр болғанымен-таэквондодан ол небәрi төртiншi данның иегерi едi. Бұл жерде сiздер менi дұрыс түсiнiңiздер. Өзім алтыншы данның иегері болғандықтан оны кемсiтiп отырғаным жоқ. Таэквондо сияқты қаһарлы жекпе-жекте төртiншi дан дәрежесіне көтерілу де оңай шаруа емес. Алдымен, мен Брюс Лидiң мықты спортшы екенін айтуым керек. Жаңа сұрақ берген бауырым менің Брюс Лиді тану, танымауым туралы айтуымды өтінген едi. Ендi соған тоқталайын. Жалпы бұл таэквондо дегенiңiз корей спорты. Қазақшалағанда «аяқ-жұдырық рух» деген жеке-жеке сөздерден тұрады. Яғни, аяғың да, жұдырығың да кеудеңе, сезiмiңе бағыну деген сөз ғой. Бiрдi айтып, бiрге кетiп жатқаныма кешiрiм өтiнемiн. Ал Брюс Лиге келсем, ол екеумiз бiр мектепте-бiрге жаттық. Алғашқы таныстығым да сол жаттығу үстiнде болды. Ол менен бiраз ересектеу еді. Оның күресі, жүріс-тұрысы, шымыр, сұлу денесі шынында да көздiң жауын алушы еді. Әсiрece, қым-қиғаш оқиғалы фильм түсіргелі жүрген режиссерлерге ол таптырмайтын актер еді-ау, марқұм. Брюс Лидiң мұқым әлемге ә дегеннен-ақ тарап кеткені, міне, осындай фильмдердiң арқасы. Ол көптеген фильмдерде басты рольдерде ойнады. Спорттық, актерлiк талантымен қоса оның бойында менің өз басым аса құрметтейтiн ұлттық намысы жоғары жiгiт болатын. Ол қайсыбір шетелде жүрмесiн, алдымен өзiнiң қытайлық екенін айтатын едi. Менiң қаным да, жаным да қытай. Сондықтан мен өз халқымның, ұлтымның намысы жолында жанымды да аямаймын» дейтін. Ал енді оның өлiмi туралы, әрине, алып-қашпа әңгімелер көп-ақ. Шынын айтсам, ол көз жұмарда мен оның басы-қасында болғаным жоқ. Бiрақ менiң ойымша, менiң бiлуiмше оны өлтіргендер мафия емес, Брюс Ли ез ажалынан қайтыс болды. Бiрге жүргенiмiзде ол «басым ауырады» деп жиi айтушы еді. Оның тым ерте көз жұмуына сол науқасы себеп болған шығар деймін.

Мұстафаның осы әңгiмесiнен бiз оның тағы бір азаматтық, қарапайымдылық қырын ұққандай болдық. Себебі, өзі алтыншы данның иегерi болып отырып, «мен Брюс Лиден де мықты едім» деп бірауыз сөз қоспағаны. Қайта әрiптесiнiң спорттық, актерлік, азаматтық жағына тереңдей тоқталып, жалын ғұмыр кешкен қытайлық азаматтың рухын жоғары көтеріп, қастерлеп, құрметтеп отыр. Міне, мұның өзі де екінің бiрiнiң қолынан келе бермейтiн шаруа. Әдетте, өнер адамдары, оның iшiнде спортшылар арасында бiрiн-бiрi көре алмаушылық, күндеушілік сияқты терiс қасиеттердiң аз да болса бой көрсетiп қалатын кездері болады. Мұндай оқиғаларды бірді-екілі өзiмiздiң де байқағанымыз бар еді. Әрине, жақсы емес. Ал, Мұстафа бауырымыздың бойында ондай пасық қасиет жоқ екен. Бiздiң қуанғанымыз да сондықтан. Сөз орайы келгенде Мұстафаға бiз де көкейiмiздегi сұрақты қойдық. Оған осы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, талантты суретші, кезiнде Москвада каратэден қалалық жарыста чемпион атанған спортшы, Мұстафаның қазақстандык досы, Қазақстан каратэ федерациясының президенті Бексейіт Түлкиевпен бұдан бiр-екi күн бұрынғы арада өткен әңгіме себеп болған еді. Әңгімеден әңгiме туындап кетiп, Бексейіт сонда: «Мұстафа да сонда бірнеше фильмге түсіп үлгерген» деген-ді. Ал бiз болсақ, сол сәтте Бексейітке: «Несi бар, бiздiң Мұстафа бауырымыз да шытырман оқиғалы фильмдерге іздесе таптырмайтын кейіпкер ғой. Суретіне қарағанда ренді жiгiт болу керек» дегенбiз өз ойымызды, пікірімізді бiлдiрiп. Енді сол Бексейіт айтқан сөздiң шындығын Мұстафаның өз аузынан есіткелi отырмыз.

-Бірнеше киноға түскенім де рас,-деді бiздiң сұрағымызға жымия жауап бере отырып. -Киноға түсу де оңай емес екен. Осы уақытқа дейiн алты кинода басты рольдерде ойнадым. Ал, жалпы шынымды айтсам, киноға түсемiн-ау деген бұрын-соңды ойымда жоқ еді. Ол өзi былай басталды. Бiрде, ойда жоқта Түркиядағы кинорежиссер досым үйіне қонаққа шақырып: «Мұстафа, бір шым-шытырық оқиғалы фильм түсiргелi жүр едiм, соның басты рөлінде ойнауға сені шақырсам ба деген ойым бар, бұған қалай қарайсың?» деп өз ойын айтты. Қимас досым еді, уәдемді бердiм, бiрақ мен де: «Сценарийін өзім жазайын» деп оған шарт қойдым. Ол да, мен де келістік. Сонымен өмірге «Алатай» деген фильм келдi. Оның қысқаша мазмұны мынадай:

-Бір қазақ жiгiтi бақыт іздеп, Түркияның астанасы Стамбул қаласына келеді. Арада біраз уақыт өткен соң әлгi жiгiт бiр қызды ұнатып қалады. Бiрақ осы арада ортага мафия килiгiп, жiгiттi өлтiрмек болады. Дегенмен, каратэші қазақ жігіті мафия мүшелерiнен қорықпастан жалғыз өзі олардың бiрнешеуін сұлатады. Ақырында мафияның үш-төрт жiгiтi мұны қыспаққа алады. Амалы таусылған каратэшi жiгiт шынымен-ақ сасады. Өйткенi, бiрiншiден ол жалғыз ғана, екiншiден, қалжырап, шаршаған. Ендi не iстемек? Қол ұшын берер ешкiм жоқ. Жiгерi құм болған жiгiт бiр жерге жасырынады. Сонда әлгілер: «Жігіт болсаң, шық бермен» дейді айқайлап. Бұл шықпайды. «Батыр болсаң берi шық» дейдi, тағы шықпайды. «Қазақ болсаң шық» дейдi, сонда барып каратэші жігіт өзiнiң ұлтының намысын қолынан бергісі келместен жасырынып жатқан жерiнен шығады да, мафиямен ақтық айқасқа түседi. Бiз бұл фильмде қазақтың «Қамажай» әнін, ұлттық киімдерді пайдаландық. «Алатай» кинофильмiнен басқа «Дұшман қарындастар», «Мұсылман қара тәжi», «Шаһадат», тағы басқа да Түркия фильмдерiне түстім. Бұл фильмдердiң басқа елдер фильмдерінен бір ерекшелiгi сол-мұнда эротикалық көрiнiстер мүлдем жоқтың қасы. Тiптi қыз бен жiгiттiң сүйiсуi, төсекте жатуы бiздiң ел киноөнерiне жат құбылыс. Бәлкiм, ол да дұрыс шығар деп ойлаймын өз басым.

Мұстафа пiкiрiне бiз де iштей қосылып отырдық. Шындығында бүгiндегi қазақ фильмдерiнде жалпы халқымыздың, ұлтымыздың сипатына келмейтiн осындай көрiнiстер жиi кездесiп жатады. Екі жастың, жалпы екі адамның сүйісуі дегеніміз-біздің түсінігімізше олардың бiрiн-бiрi жақсы көретіндігін бiлдiретiн болуға керек. Былайша айтқанда, екi адам арасындағы махаббат, сүйiспеншiлiк қой. Бұл арада бiз бiр-бiрiне ынтық жандар туралы айтып отырмыз. Болмаса, ана мен бала, әке мен перзент, бауыр мен туыс, дос-жаран арасындағы бiр-бiрiне деген махаббаттар жетерлiк қой. Жаңа Мұстафа айтқандай, қазақи фильмдерде эротикалық көpiнicтерге тым тереңдеп бара бергенiмiз қалай болар екен? Онсыз да жастарымызға эстетикалық, этикалық тәрбие берудi соңғы жылдарды төмендетiп алған жоқпыз ба? Бүгiндерi республикамыздың жүздеген жетiм балалар үйiндегi тастандылар жастарға өз дәрежесiнде тәлім тәрбие бере алмаушылықтың нәтижесi емес пе? Қазір республика бойынша тастанды балалардың 55 процентi жергiлiктi ұлттың, яғни қазақтың қара домалақ балалары екен! Бұл цифрдың жыл сайын өсе түспеуiне кiм кепiлдiк бере алады? Әрине, ешкім де нақты жауап бере алмас. Сондықтан, әрбiр ата-ананың бала тәрбиесiне кiшкентай кезінен бастап-ақ кiрiскені жөн-ау. Ия, бұл өз алдына бөлек әңгiме. Осы сәт ойымызды желке тұсымыздан тұрып, Мұстафаға сұрақ қойған жарықшақ үндi журналист әрiптесiмiз бөледi.

- Мұстафа бауырымыз, сен өзiңнiң мықты спортшылығыңның арқасында бүткіл қазақ халқының атын әлемге паш еттің. Сол үшін сенің қазақстандық бауырларың саған қарыздар деп ойлаймын. Осы орайда менің сұрағым мынау еді: сенiң таэквондо спортындағы ұстазың кім, ол қайда тұрады?

Мынау бiр орынды сұрақ екен-ау деп қалдық бiз де. Шынында да Мұстафаның осындай дəрежеге жетуiне алғаш және қомақты үлес қосқандар, әрине ұстаздары ғой. Жалпы ұстаз туралы ойлағанда кімнің болмасын ойына тұңғыш мұғалiмi түседi. Мiне, бiз де қазір өзіміздің әріп танытқан, бiлiм берген алғашқы ұстазымыз туралы ойлап отырмыз. Ал, Мұстафаға сұрақ қойған әріптесiмiз одан әрiп танытқан тұңғыш ұстазы емес, спортқа, таэквондоға тәрбиелеген тұңғыш жаттықтырушысы туралы сұрап отыр.

-Таэквондо-табиғаты таңғажайып, құпиясы мол, бiлген сайын бiле түссем, үйрене түссем деп өзіне тарта беретiн биік парасатты спорт өнерi. Жалпы спорттың қай түрi болмасын оңайшылықпен бас ие қоймайды. Оның себебi, бұл өнер-спортшылыққа ден қойған әрбір адамнан жалықпай жаттығу мен iркiлмей ізденуді, шаршамай маңдай тер төгуді талап етеді. Егер осы шарттардың бiрiн орындай алмасаң саған бас июі екіталай. Ал бұл жолда ұстазыңның да атқаратын зор болмақ. Мен өзім көп жылдар бойы таэквондомен жаттығып келемін. Ұстаздарым да көп болды. Бiрақ солардың iшiнде маған көңілі ауып, осы бір тылсым спорт өнерiнiң құпиясын ашуыма, оны жетік меңгеруіме бүгiнде Сеулде тұратын Пак Ир Ман атты үлкен жүректi адам көп еңбек сiңiрдi. Бұл кiсi тоғыз даны бар әлемдегi жалғыз адам. Осы кісіден мен тек таэквондо өнерін ғана бiлiп шыққан жоқпын, сонымен қатар адамгершілік қасиеттердi де үйрендім. Бұл мектеп маған өмiр жолымның үлкен мектебіндей көрінді. Одан кейiнгi ұстаздарымның бірі -Хон Сан Мэ деген кiсi. Ол да менiң осындай дәрежеге жетуiме тер төккендердің бiрi. Әрине айта берсем ондай ұстаздар көп болды менде. Мен солардың бәрінен де өзіме қажет деп тапқан қасиеттерді үйренуге тырыстым. Жалпы, шәкiрттiң қаншалықты бiлiмдiлiгi көбіне-көп ұстазына да байланысты екені белгілі. Оны өмiрдiң өзi де күнделiктi тiршiлiгiмiзде көрсетiп жүрген сияқты ғой.

Осы орайда бiздiң ойымызға өзiмiз мектеп қабырғасында жүргенде де, одан бері де ылғи шырқайтын «Ұстазым» әнiнiң қайырмасы түседі:

Ұстазым, менiң, ұстазым,

Өзiңмен өткен қыс, жазым

Қалдырған ізің мәңгiлiк,

Жадымда тұрар жаңғырып,

Ұстазым, менiң, ұстазым!

Қандай керемет ән! Әрине, ұстазымызбен өмiр бойы, қысы-жазы бірге жүрмеймiз, жүре де алмаймыз, бiрақ оның бейнесiнiң, сiңiрген еңбегiнiң ғұмыр бойы жадымызда жаңғырып тұратыны шындық. Міне, ұстаз құдiреттiлiгi деген сол!

Бұл кездесуге жоғарыда айтып кеткендей журналистерден өзге спортшылар да, жас ғалымдар мен студенттер де қатысты деп. Шыны керек, қатысқандардың әркайсысының көкейінде бiр емес, екi емес, бірнеше сұрақтар бар-ау. Бiрақ уақыты құрғыр тар ғой, Мұстафаның осы кездесуден өзге шаруасы жоқ деймiсiң. Республика басшыларының, қала басшыларының қабылдауында да болуы керек. Сондықтан уақыттың барлығы сағат, минутқа дейiн бөлiнiп, график жасалынып қойылған. Бұл туралы кездесу алдында Қазақстан комсомолының жетекшісі Иманғали Тасмағанбетов қатты ескерткен болатын. Қатысқандардың бiрiнен соң бiрiнiң сұрақ қойып жанталасып жатқаны да сондықтан болса керек. Өзін республика таэквондо федерациясынанмын деп таныстырған корей жігіті:

-Мұстафа, біздің федерацияның құрылғанына да көп бола қойған жоқ. Дегенмен, осы спорт түрiмен жаттығып жатқан шәкiрттерiмiз баршылық. Егер мүмкiн болса жаттығу залымызға бір сәтке ғана бас сұқсаңыз. Шәкiрттерiмiз өзiңiздi бiр көруге ынтық,-дедi жалынғандай болып.                          - Түсiнемiн, бәрiн де түсiнемін,-дейді Мұстафа сабырлы үнмен. - Сiздерге жолығуды өзiм де жоспарлап келгенмiн. Қазақстанда таэквондо федерациясының құрылғаны туралы Бексейіт Түлкиев досымнан өткен жылы есіткен едiм. Келмек болып, даярланған да едiм. Бiрақ аяқ астынан Тайваньға жарысқа жүрiп кеттiм де келе алмай қалдым. Ал осылай қарай жүргелі тұрғанымда Кореядағы таэквондо федерациясының президентiмен сөйлескенімде, ол кiсi: «Қазақстанда бiздiң корей бауырларымыз баршылық. Таэквондодан федерация құрғанын да есіткемiз. Егер сіз Қазақстанға бара қалсаңыз бүткіл отандастарыңызға, бiздiң корей бауырларымызға үлкен сәлемімізді жеткiзiңiз. Ал таэквондо федерациясы үшiн қаражат керек болса, біз ол өтiнiштерiн орындауға әзірміз. Тіпті талантты шәкiрттерiн бiздiң елге әкеліп жаттықтырамыз десе де құшақ жайып қарсы аламыз» деген еді. Мiне, ол кiсiнiң сәлемiн жеткiздiм, ендi қайтқанша жаттығу залдарыңызға, болашақ спортшыларға бiр кiрiп кетуге уәде беремін.

Корей жiгiтi мынадай әлем таныған спортшының шәкірттеріне қалай да уақыт тауып барамын деп уәде еткенiне сенер-сенбесiн бiлместен, қуанғанынан рақметін жаудырып жатыр. Залдың бiр секундқа ғана сілтідей тына қалғанын пайдаланып, бiз де көкейiмiздегi тағы бiр сұрақты қойдық.

- Мұстафа, бұдан екi жыл бұрын Батыс Германияның тұрғыны, отандасымыз Ляхат есімді азаматпен де дәл бүгінгідей кездесу өткiзген едік. Сонда өзiңдi бiзге жақынырақ таныстырған сол жiгiт болатын. Шыны керек, сол кездесуде Ляхат арқылы біз шетелдік отандастарымыз туралы, олардың тұрмыс-тiршiлiгi, әлеуметтік, саяси жағдайларынан бiраз хабардар болғанымыз бар еді. Ендi бiздiң бiлгiмiз келетiні-ол жақтағы отандастарымыздың ана тiлiн бiлуге, халқымыздың əн-жырын, әдет-ғұрпын үйренуге деген ықыласы еді.

- Бұл мәселеге, әсіресе тiл мәселесiне әлгінде сөзiмнiң басында тоқталған едім. Оған қайыра соқпай-ақ қояйын. Бір сөзбен айтқанда, мен ана тiлiн бiлмеген адамның ұлтын сыйламағаны деп түсiнемiн. Ал, ән-жырға келетін болсақ, бiз өзiмiз де той-томалақты әнсiз, күйсіз өткізе алмаймыз. Ата-бабамыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрiн сақтауда сiздерден қалыспаймыз. Жаңағы Ляхат деген жiгiттi мен әбден жақсы танимын. Үйiнде домбыра, түскиiз ілулі тұрады. Арбасына, сiздер арбаны машина дейдi екенсiздер ғой, мiне қалсаң қазақша ән-күй жазылған магнитті таспасын iске қосып, тыңдап отырғанын көресің. Міне, халықтың ән-күйi бiзде осылайша насихатталады, одан қала берсе үлкен кісілер үйретеді. Әрине, ондайда елiмiздi,Отанымызды, мына отырған сiздердi сағынамыз. Сондайда көкiрегiмiзге сол сағыныш ән боп төгiлiп, жыр боп жазылып қалатын кездерi де болады. Мына бір шумақтар сондай кездерде туған болса керек:

Бұлбұл құстар сайраған,

Гүл шешектi бақшадан

Бір уыс гүл берейін бе,

Қабыл алсаң мен саған.

Жұлдыздарды тілейсің бе

Күндi алып бер дейсiң бе?

Сағынғаннан ғой деп ойлаймын. Болмаса, менен ақын шыға ма?

Осылайша деп Мұстафа жылы жымияды. Ал біз болсақ, оның өлең шығаратыны былай тұрсын, өмiр бойы шетелдерде жүрiп, өзiнiң ана тiлiн таза сөйлеп отырғанына риза болдық. Мұстафа сөзiн аяқтай бере семьясы туралы айтып беруін сұрайық деп отырғанымызда бiздiң бұл ойымызды басқа бiр ағайын қағып алып кеттi.

- Қазақ болғандығым үшiн мен алдымен халқыма, сосын ата-анама, туған-туысыма, семьяма қарыздармын,-деп бастады әлгі сұраққа жауабын Мұстафа бауырымыз. Біздің Түркия елінен қалай шыққанымыз туралы сөзімнің басында айтқанмын. Әкем жоқ, қайтыс болған. Менің дәл осылай өскенімді, елiмдi, жерімді, Отанымды, ата-бабамның кіндік қаны тамған қасиетті топырағын көргенiмдi, әттең, ол кiсi көре алмады. Шешем, туған-туыстарым, бауырларым Түркияның Қазкент деген жерiнде тұрады. Ал өзім семьяммен бірер жылдан бері Батыс Германияның Мюнхен қаласында тұрамын. Әйелім, үш балам бар. Кіл немiстердiң, түрiктердiң арасында өскенiмiзге, өмiр сүрiп жатқанымызға карай әйелi түрiк немесе немiс екен деп қалмаңыздар. Әйелім-таза қазақ қызы. Әке-шешесі Түркияда тұрады. Нәзірбек, Нәсiлхан, Асылхан атты балаларым, әйелім қазақша, немісше, түрікше таза сөйлейді. Басқа тiлдердi де үйренiп жүр. Бiз жақтағы отандастарыңыз өз дiнiн, өз дiлiн қатты ұстайды. Сондықтан да біз басқа ұлттан қыз алмаймыз және қыздарымызды басқа ұлттарға бермейміз.

Шіркін-ай, деп таңдай қағамыз, дәп осы мәселе туралы ойымызға әр түрлi жағдай түсiп, «Дiлiмiздi де, дiнiмiздi де ұмытып кете жаздаған жоқпыз ба, біз?!»

Мұстафаға қойылар сұрақтар таусылар емес. Байқаймыз, оның жанындағылар, онымен iлесiп жүргендер асыға бастады. Өйткенi бiрiнен соң бірі сағатына қарағыштап кетті. Ал, залдағылар болса, әлемге әйгiлi қазақ жайлы аз да болса осындай мүмкіндікті пайдаланып, өздерiне керекті мағлұматтарды алып қалу үшiн әлек. Уақыт болса сынапша сырғып, су жыландай сумаңдайды. «Қазақ ағайындар-ау, бағаналы бері сөйлесіп жатқандарың аз ба, ендiгi кезектi бiзге бермейсіңдер ме?» дегендей «Фройндшафт» пен корей тiлiнде шығатын «Ленин кичи» газеттерінің өкілдері, ғалымдар, студенттер, жан-жақтарына өтініш айтқандай жалтақ-жалтақ қарайды. Акырында шыдамады бiлем, «Фройндшафттың» бір журналисi манадан берi жұптап отырған сұрағын қойды-ау, әйтеуір. Зал бір сәтке тына қалды. Тына қалған себебі, бұл жiгiттiң не сұрақ қойып, қандай жауап алғалы жатқанын түсінбей де қалдық. Өйткенi сұрақ немiс тiлiнде қойылған еді. Жасыратын не бар, жүрегiмiз зу ете қалып, маңдайымыздан суық тер шыққандай болды. Маналы берi «Мұстафа, Мұстафа» деп шетелдiк қазақ бауырымыздың атын шын мәнiнде құрметтеп отырғанымызда Мұстафамыз немiс жiгiтiне немісше жауап бере алмаса не істемекпіз? Мұстафадан бұрын осылайша алдымен бiз састық. Сосын, Мұстафаға көңіл аударып, зер сала қарасақ бауырымыз сасатын, тіпті асығатын емес. Сұрағына аспай-саспай, емін еркін немісше жауап қайтарып отыр. «Уһ» дедiк-ау iштей. Екi немiс сөйлесіп отырған сияқты. Бiр сыннан өттiк-ау дей бергенiмiз сол-ақ екен, арамызда Асқар Жұмаділдаев деген жас талантты ғалым бар еді, сол сұрағын ағылшынша қоймасы бар ма! «Ойпырым-ау, бұл неғылған адам, қазақша таза-ақ сөйлеуші еді ғой, мұнысы несі?» деп қалдық бәрiмiз iштей, оған жалт-жалт қарап. Қояр сұрағын қойып алып бұл да сасар емес, миығынан күлiп отыр. Сосын, Мұстафаға назар аударсақ, ол да миығынан күлiп отыр екен. Ішiмiз жылып сала бердi. Бұ жолы да Мұстафа бауырымыз бiздi тығырықтан оңай алып шықты. «Таза сөйлейді екен» деп бас шайқады Асқар Жұмаділдаев.

- Қаншама ортада, ғалымдар арасында болып жүрмiн, әзірге мұндай жанды кездестiргенiм жоқ,-деді ол тағы да дауыстап. Бұдан кейiн немісше де, ағылшынша да емін-еркін жауап берген өзiмiздей, бiздiң де кеудеміз көтеріліп, жан-жағымызға мерейлене қарадық. Әне, тiл бiлгеннің пайдасы деген осы! Бiздiң кейбiр қандастарымыз басқа ұлт тілі түгiлi Қазақстанда туып-өсiп-ақ өзiнiң ана тiлiн де меңгере алмастан жүр.

Сағатына қарағыштай берген соң бұл кiсiлердiң асығып отырғанын iштей ұққанбыз. Сөйтiп, ендi ешкiм де сұрақ бермейтiн болар деп отырғанымызда шет жақтағы орындықтан студент болу керек, бір жас жiгiт орнынан көтерiлiп:

- Мұстафа аға, таэквондо өнерiн көрiп отырып, кинодағы төбелестер көз алдымызға елестейді. Сонда бұл өнердiң мәнi неде деп ойлайсыз? Екiншi сұрағым-бос уақытыңызда немен айналысасыз?

- Алдымен екінші сұрағыңа жауап берейiн, менде бос уақыт дегенiң бола бермейді. Ал тiптi бола қалған жағдайда қазақша ән-күй тыңдаймын, сосын, туыстар, бауырлар бас қосып әңгiмелесеміз, доп тебеміз. Сіздердің көбіңіз біле бермейтiн мына бiр жайды айта кетейін. Бізде, Түркияда футболдан таза қазақ командасы бар. Бұл команда бүгiнде Түркияның кiшi тобында жап-жақсы ойын өрнегiн көрсетiп жүр. Мұның өзі жастарымыздың арасында футбол өнерiнiң дамығанын көрсетедi. Ал ендi екiншi сұрағыңа жауап берсем-спорттың бұл түрі, таэквондоны айтамын, адамды жауапкершiлiкке, қысылғанда жол тауып кететiн ептілікке, керек десең байсалдылыққа тәрбиелейді дер едiм. Жұрттың көбiсi таэквондоны, жалпы осындай спорт түрiн жақсы төбелесу үшін үйретедi деп ойлайды. Тiптi де олай емес. Спорттың қай түрi болмасын, әлгінде айтып өткенімдей, адамды шыңдайды, денсаулығының мықты болып, денесінің бірқалыпты қалыптасуына жағдай жасайды. Таэквондо, әрине, өте қаһарлы күрес. Мұны үйренiп алып, басқаларды зәбiрлеуге, ұрып-соғуға әсте болмайды. Мұстафаның осы сөзін күтіп отырғандай тағы бір жас жігіт орнынан көтерiлiп:

- Таэквондомен айналысқаныңызға, онымен айнымас, өмiрлiк дос болғаныңызға, жиырма жылдың жүзі болып қалыпты. Осы жылдар iшiнде таэквондо әдісін бiреулерге, айтайық, бұзақыларға қолдандыңыз ба? Қолдансаңыз не себепті? Екiншi сұрағым-қазақта «Шәкіртсіз - ұстаз тұл» деген аталы мақал бар. Оның мән-мағынасын сіз жақсы білесіз. Осы жағынан алғанда, менiң ойымша, сіз сияқты әлем таныған, мойындаған спортшының өз ізбасарларын дайындайтын арнайы спорт мектебінің болмауы мүмкін емес. Болса-ол қай елдерде? Осы уақытқа дейін баулыған шәкiрттерiңiздiң арасында таэквондодан үлкен дәрежелi дан иегерлері бар ма? Соңғы сұрағым-Қазақстандағы таэквондо болашағына көзқарасыңыз қандай?

Жас жігіт қойған үш сұрақтың алғашқысына Мұстафадан бұрын оның қазақстандық досы, талантты кинорежиссер, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Талғат Теменов жауап берді.

- Бірде Мұстафа Қытайда оқып жүргенде мынадай жағдай болады. Күн ыстықта барға бас сұғып, бір стақан сусын алып, үстелге жайғасқаны сол-ақ екен, төрде отырған тоғыз қытай жiгiтiнiң бiрi мұның алдындағы сусынды рұқсатсыз алып кетеді. Қашаннан қонақжай халық емеспіз бе, Мұстафа даяшыны шақырып алып, тағы бір стакан сусын әкелуiн өтінеді. Әлгi жiгiт оны да алып кетедi және бұл жолы тiптi балағат сөздер де айтып, Мұстафаның азаматтық, жігіттік намысына тиеді. Бұған шыдамаған Мұстафа оларға: «Жігіттер, өз жайларыңа жүріңдер, маған сендермен төбелесуге болмайды» дейдi шын ниетімен-ақ өтініп. Бұл сөз қытайлық жігіттердің де намысын тырнап алғандай болады да, олар Мұстафаның жанына жетiп келiп, күш көрсете бастайды. «Мұндайда қорғанбасаң, мынау бұзақы жiгiттердiң өлтiрiп кетуi әбден мүмкiн» деген оймен Мұстафа қорғанысқа көшеді. Арада небәрі 6 секунд өткенде қытайлық тоғыз жiгiт тоғыз жерде ес-түссіз сұлап жатады. Ал Мұстафа олардың бәрінің де маман каратэшiлер екенiн сотқа шақырғанда бір-ақ біледі. «Сіз мұндай әдістерді неге қолдандыңыз?» дейді соттағылар бұған дүрсе қоя беріп. Сонда Мұстафа: «Егер мен бұл каратэшілерге әлгіндей әдісті қолданбасам, бүгін сіздің алдыңызда осылайша отырмас едiм, сол күнi-ақ көз жұмар едiм ғой» деп болған істі байыппен түсiндiрiп, жазадан құтылған.

- Әбден орынды сұрақ екен,-деді Мұстафа Талғат досы сөзiн аяқтап болған соң -Спорт болмасын, мейлі, қайсыбiр өнер болмасын, әдет-ғұрып, салт-дәстүр болмасын, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалмаса оның өміршеңдiгi де бiр-ақ тұтам емес пе? Сондықтан да адамзат баласы сонау ықылым заманнан берi өз бiлгенiн, бiлiмiн, өмірлік тәжiрибесi мен тәлімін өсер ұрпаққа үйретiп отырған. Мұны біз тарихтан да, күнделiктi өмiр тiршiлiгiмiзден де көрiп-бiлiп жүрмiз. Осы орайда халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүр, өнерiн былай қойғанның өзiнде, бертін заманда пайда болған спорт өнерiнiң де, оның ұрпақ мәртебесi үшiн қызмет ауқымын кеңейту, насихаттау, жастарға мүмкiндiгiнше оны үйрету мәселесі де аға буынның басты мiндеттерiнiң бiрiне айналып келедi. Ал ендi өздерiңiз көрiп отырғандай атадан балаға, ұстаздан шәкіртке ауысар мұндай жақсы салтты өз ырғағынан жаңылыстыруға кiмнiң қандай құқы бар? Мiне, бұл ретте мен де осы мәселеге азды-көптi үлес қосып жүргендердiң бiрiмiн. Шынында да менiң таэквондомен айналысқаныма бiрнеше жылдың жүзi болды. Тәжiрибелерiм де баршылық. Ал енді осы бүгiнгi өзiм игерген таэквондо жекпе-жегінiң қырын-сырын, әдіс-айласын болашақ жастарға үйретпесем менiң сонда кiм болғаным?! Бұл ой мені Шығыс елдерiнен Европаға келгенiмде-ақ мазалаған еді. Сондықтан бұл мәселенi мен келiсiмен қолға алып, Түркиядан, Батыс Германиядан таэквондо бойынша өзiмнiң арнайы бiрнеше мектебiмдi аштым. Қазiр ол мектептерде жүздеген жасөспiрiмдер дәріс алуда. Ал шәкірттеріме тоқталсам, олардың саны бүгiнде Европада жүздеп саналады. Олардың iшiнен қаншама мықты спортшылар шықты. Солардың бiразы 3-4 дан иегерi де атанып үлгердi. Мiне, бұл менiң жұмысымның нәтижесi. Ал ендi Қазақстандағы таэквондо спорты туралы айтар болсам-болашағынан көп үміт күтетінім даусыз. Сіздердегі республикалық таэквондо федерациясын талантты спортшы, менiң досым Бексейіт Түлкиев деген каратэші бауырларыңыз басқарады. Тегінде Бексейіттің қолынан көп iс келедi. Менiң ендiгi арманым-Қазақстанның ірі-ірі бірнеше қаласынан өзiмнiң таэквондо мектебiмдi ашу. Егер мүмкiншiлiк болып жатса, мұндай мектептiң Алматыдағы саны екеу болмақ. Онда болашақ менiң ізбасарларым табиғаты тылсым, тәкаппар таэквондо жекпе-жегінің қыр сырын меңгеретін болады. Бұйырса, ендi үш айдан соң Қазақстанға қайта соқпақпын. Сонда Германиядан, Түркиядан өзімнің баулып жүрген шәкірттерімді де ала келемiн, олар сiздерде ашылатын арнайы таэквондо мектептерiнiң жай-күйiмен, болашағымен танысып, солардың ашылу салтанатының куәсi болмақ.

Кездесудiң тiптi кешке дейiн созылатын түрi бар екен, осы арада И.Тасмағанбетов Мұстафаның Қазақстанда әлі екі апта болатындығын, ертең-бүрсігүні Қазақ циркінде таэквондо өнерін көрсететiнiн айта келіп, қонақ атынан жиналғандардан рұқсат сұрады. «Қап!» деп көкейіндегі сұрағын қоя алмағандар да болды арамызда. Оларға «циркте кездеседі екенбіз ғой, сонда қоярсың сұрағыңды» деп басу айтқандар да табылмай қалған жоқ. Сонымен әлемге әйгiлi таэквондо тарланымен, қаһарлы шығыс жекпе-жегінің алтыншы дан иегері, қара белбеулi батысгерманиялық қазақ жігіті Мұстафа Өзтүрiкпен бірнеше сағатқа созылған алғашқы кездесу осылайша аяқталды. «Циркте кездескенше!» дедік біз де, басқалар да.

 

«Ризамыз саған, Мұстафа!»

 «Қаһарлы шығыс жекпе-жегі-таэквондоның теңдессiз шебері, мюнхеньдiк қазақ жiгiтi Мұстафа Өзтүрiк бiрнеше күн бойы циркте өнер көрсетеді екен» деген хабар бір миллионнан астам халық тұратын Алматы жұртшылығына әп-сәтте-ақ тараған. Мұстафаны сырттай бiлетiн азаматтар алақандарын ысқылап: «Айналайын-ай, қазағымыздың абырой-атағын жалпақ әлемге жарқыратып паш етiп жүрген палуан бауырымыз-ай, Отаныңа да жеткен екенсiң-ау, ақырында сенi де көретін болдық» деп қуанса, бiлмейтiндерi: «Ол кім, қайда тұрушы едi, таэквондо дегенiңiз спорттың қай түрi?» деп те ағынан жарылды. Оларға да өкпелей алмайсың. Себебі, Мұстафа туралы шетел газеттері шулап жазғанымен бiздiң ел газеттерiнде бұрын-соңды ол жайында жазылған мақалалар болмады. Шыны керек, журналистпіз деп жүрген өзiмiз де оны сырттай есiтiп, атақ-даңқына сырттай қызығып жүргенiмiз болмаса, Мұстафа бауырымыздың толық өмiрбаянымен, оның спорттық соқпағымен жақында өзiмен болған кездесуде ғана қанықтық. Сондықтан да қалың қауымның iшiнде мюнхеньдiк арыстан айбарлы бауырымызды бiреу бiлiп, біреу білмей жатса, оларға кешіріммен қараудың артықшылығы болмас деп түйдік ойымызды. Осындай күндердiң бiрiнде көшеде бiр танысымызды кездестiрiп қалғанымызда ол: «Әрине, сонау шетелден елім, жұртым, атамекенім деп келiп жатқан отандасымызды, халқымыздың абырой-атағын шығарып жүрген бауырымызды көрсек, өнерін тамашаласақ, мүмкін болса тiлдесiп, есендессек, тiптi керемет-ақ болар едi. Бiрақ қысқа жiп күрмеуге келмейдi қашанда. Міне, көрмейсіңдер ме, бірнеше күннен берi билет таба алмай сорымыз қайнап, салымыз суға кеткендей күй кешiп жүрген жоқпыз ба?» деген әбден-ақ таусылып. Сонда Мұстафа бауырымызды көре алмай қалса, өмір бойы өкiнiп қалуға бар танысымызға шын жанымыз ашып, бір билет ұсынғанымызда, ол бiзге сенер-сенбесiн бiлместен бетiмiзден сүйіп: «Тіршілік болса – бір кәделеріңе мен де жарармын» деген қуанышы қойнына  сыймастан. Ал бiз болсақ осы сәт дәл осынау танысымыз сияқты жүздеген адамның бiрнеше күннен берi билет iздеп сабылып жүргенiн iштей сезiнiп тұрғанбыз. Бiрақ оған жасар айламыз қайсы?

Сол күні, Мұстафа циркте өнер көрсететiн алғашкы күні астанамыздағы көрікті жерлердiң бiрiнен саналатын цирк маңына қарақұрым халық жиналды. Әуелі түсінбеген былайғы жұрт: «Мұнда не болып жатыр еді, бұлар ненiң кезегiнде тұр?» деп таңдай қағысты. Шай қайнатым уақыт ерте барған бiз де: «Апырм-ау, бұлардың барлығы мынау аядай циркке қалай сыяды!» деп бас шайқадық. Цирк есiгiне жақындағанша «артық билетiңiз бар ма»?- деген оншақты адамның өтiнiшiне болмай тұр» деп бірнеше рет қайталап жауап беруге тура келді. Бақсақ, билет сұрағандарда есеп жоқ. Милиционер ағайындар да осында екен. Онысы түсінікті де. Тәртіп сақшылары болмаса мынау билет сұрап жүргендердiң ішінен кейбiр қызба жiгiттердiң есік алдындағы билет тексеруші апайды тыңдамай, ішке енiп кетуi әбден-ақ ықтимал. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендейiн, қалалық iшкi iстер басқармасының мұнда арнайы бiрнеше бөлiмшенi жiбергенi көрiнiп-ақ тұр. Әдетте, мұндай көрiнiстердi «Қайраттың» ойыны күндерi ертеректе Орталық стадионнан, «Тамаша» деп шыға бастаған жылдары В.И.Ленин атындағы Мәдениет сарайы алдынан көруші едік. «Бұлар тегiн кiредi» дедi билет iздеп жүргендердің бірі жанындағысына. «Тегін кірсе маған неғыл дейсің? Билет алып қой алдын ала деп құдайдың зарын қылмадым ба саған?» дедi екiншiсi оған дүрсе қоя беріп. Бiз цирк есiгi ашылып, iшке енгенше осы тақылеттес көптеген әңгiменiң куәсі болдық. Ішке еніп, орын-орнымызға жайғасқан соң да жұрттың мазасы кетті. Себебі, күткен кезде уақыт шіркіннің шімірікпестен табандап тұрып алатын қашанғы әдетi емес пе? Бүгін де сол әдетiне басып, нәйеті 10-15 минуттың ащы ішектей созылмасы бар ма? Әлгi iшке енiп, орын-орнына жайғасқандардың мазасының кеткенi де сондықтан. Екiнiң бiрi: «Қашан басталады, сонша созғаны қалай?» деумен болды. Ақырында жұртшылықтың тағатсыздана күткен сәті де жетті-ау. Цирк оттары бiр сәтке сөне қалды да, iзiнше аренада қызылды-жасылды жарықтар ойқастап жүре берді. Жұрт назары ортада. Осы кезде микрофонның кештi жүргiзушi, республикамызға танымал актер, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлыгының лауреаты Досқан Жолжақсыновтың даусы естілді.

- Құрметті халайық! Сіздер бүгін цирк аренасында сонау Батыс Германияның Мюнхен қаласынан келген аты әлемге әйгілі қазақ жігіті Мұстафа Өзтүріктің өнерін тамашалайсыздар. Қара белбеулі Мұстафа қаһарлы шығыс жекпе-жегі-таэквондодан 6-шы данның иегері. Мұндай қазақ әзірге әлемде жалғыз-ақ. Ол бiздiң отандасымыз, бауырымыз, қандасымыз қара белбеулi Мұстафа Өзтүрiк!

Досханның сөзiнiң аяғын тоспастан жиналған қауым сатырлата шапалаққа көштi. Базбір жастар құлақты жарып жіберердей ысқырып та, айғайлап та жатыр. Бiр жағынан қарап тұрсаң шапалақ ұрғаннан басқасы сәл мәдениетсiздiкке жатады, екiншi жағынан қарасаң оның өзі Мұстафа бауырымызға деген құрмет сияқты. Қызылды-жасылды ойқастаған айқыш-ұйқыш жарық сахнаны кезіп әлек.

Жұрт назары тағы да ортада. Дегбірсіздене Мұстафаны күтеді. Осы сәт жиналған қауымды таңқалдыра ортаға шынашақтай ғана 5-6 жасар қазақтың қара домалақ қызы жүгiрiп шықты. Үстіне кимоно киген. Ортаға шыға салып ол әп-сәтте каратэ спортының бірнеше әдiсiн көрсетіп үлгерді. Қимылына көз ілеспейді. Тұп-тура кинодағыдай. Сенерімізді де, сенбесімізді де білмей қалдық. Әбден жаттыққаны көрініп-ақ тұр. Әдепкіде мұндай көріністі күтпеген көрермендер бiр сәтке манадан бері өздерiнiң тағатсыздана күтiп отырған Мұстафасын да ұмытқандай. Риза көңiлмен сатырлата шапалақ ұрады. Кейiнiрек бiлсек, бұл кiшкентай ғана алматылық алты жасар каратэші қыздың аты-жөні М.Шакиева екен. Риза болмаған жан жоқ. «Әне, спорт құдiретi деген осы» деймiз бiз де іштей. Кiшкентай спортшының өнерiн тамашалап, оның қимылына тәнті болып отырғанымызда ортаға талантты жас әнші Б. Тілеуханов шығып, Мұстафа ағасына арнау-ән орындады. Жұртшылық шебер орындалған әнге құрмет көрсетіп, шапалақ соғып жатқанда ортаға «Салтанат» би ансамблiнiң қыздары мен жiгiттерi шықты. Ендiгi бiр сәт жиналғандар назарын өзіне мың бұралған би аударды. Кейiнгi кездерi тәп-тәуір өнер көрсетiп жүрген осы коллективтiң аты енді-енді көрермендер назарына iлiге бастаған еді. Өнер өрендерiне бүгiн де шын ниетiмiзбен сәттiлiк тiледiк. Байқаймыз, жұртшылық ортаға шығып өнер көрсетiп жатқандарға соншалықты риза болып отырғанмен де, дегбірсіздене Мұстафаны күтуде. Ол сәт те туды-ау, әйтеуір. Досхан Жолжақсыновтың даусы тағы да саңқ ете қалды:

- Қарсы алыңыздар, ортаға өз бауырларыңыз Мұстафа Өзтүрiк шығады! Замат маналы бері цирк iшiн ойқастап, арлы-берлi тiлгiлген алабажақ, жарықтар сөнiп, оның орнын күн сәулесіндей самала жарық басты. Жұрт назары тағы да ортада. Осы сәт цирк төрiнен үстiне ақ кимоно киiп, қара белбеу тағынған таэквондо тарланы - Мұстафа Өзтүрiк нық басып шығып келе жатты. Сұлу реңі мен шымыр денесі сонадайдан көз тартады. Цирк iшi әп-сәтте-ақ абыр-сабыр болды да қалды. Соғылған шапалақтан құлақ тұнады. Миынды шағар ысқырық, айғайлаған дауыстарда есеп жоқ.

Мұстафа адымдаған бойы Досханның қолындағы микрофонды алып:

- Ассалаумағалейкүм, елiм-жұртым!-деп басын иді. Осы сәт дуылдата шапалақ ұрып отырған жұрт бiр кiсiдей орындарынан тұрып:

 - Уағалейкумассалам, Мұстафа!- деп аты әлемге әйгiлi қандастарына, отандастарына үлкен ізет көрсеттi. Мұндай iзеттiң кiм болса соған көрсетіле бермейтiнiн Мұстафа да жақсы түсінеді ғой, қайта-қайта басын иiп, қолын кеудесiне басып, жиналғандарға ризашылығын бiлдiрдi де, сөзiн бастап кеттi.

- Аса қадірлі халқым, елім, бауырларым, арманым болған атамекен топырағын басқаныма өзiмдi шын бақытты санаймын. Елден жырақ кетіп пана iздеген әке-шешемнің, Түркиядағы және Батыстағы басқа елдерде тұратын қазақ бауырларыңыздың, ағайындарыңыздың ыстық сәлемін жеткiзуге рұқсат етiңiздер. Ол отандастарыңыздың атамекенiн лажсыз тастап, жылап-еңіреп үдере көшуiне не себеп болғанын сiздер жақсы бiлесiздер. Бірақ олардың қай-қайсысы болмасын, қай елде, қай мемлекетте тұрса да жүректерi атамекен деп соғады. Солардың қатарына мынау алдыларыңызға шығып, бас иіп тұрған «жаман» балаларыңызды да қосыңыздар. Дәл қазір сіздердің барлықтарыңызды құшып сүйер едім, әттең, құшағыма сыймайсыздар. Бiрақ мен көңіліммен, жүрегiммен сiздердi бүгiн де, ертең де сүйемін, сүйе беремін өмiр бойы...

Жанымызда отырған қарт кiсi қозғалақтап, жанқалтасынан орамалын алып едi, байқасақ жылап отыр екен.

- Көңіліңізді босатпаңыз,-деп басу айтқандай болдық.

- Қалайша босатпайын көңiлiмдi, шырағым, мына баланың сөзі жүрегімді ауыртып отыр. «Ат айналып қазығын табар» деген, көрмейсің бе, сонау түрік елінде туып, өсіп, ержетіп, ер-азамат болса да жүрегі атамекен деп соғып тұрғанын. Осындай перзенттерi бар қазағым қашан да бақытты ғой...

Осы сәт қарт кісіге Мұстафаның оқу, білім, өнер iздеп бүткіл шығыс елдері-Жапонияда, Қытайда, Кореяда, Тайваньда болғанын, онда жастығына қарамастан қаншама қиындықтарды басынан өткергенiн айтуға оқталдык та, онсыз да көңілі босап отырған кейуананың жанын жабырқатуды артық санадық.

Кеш тiзгiнiн қайтадан Досхан алған. Ол сөз арасында Мұстафаның өмірбаянымен, спорттық соқпағымен жиналғандарды таныстырды да, ортаға қазақстандық палуандардың шығатынын хабарлады. Бұл сәт Мұстафа ортадағы күрес кiлемiнiң шетінде малдас құрып отыр еді. Кілемге қазақша күрес шеберлері шығып, спорттың бұл түрiнiң түрлі-түрлi әдiстерiн көрсетті. Олар бiтiсiмен кiлемге енді «Азия» у-шу тобының мүшелері-халықаралық дәрежедегі спорт шебері Б.Бөлебеков, КСРО спорт шеберлері Ф.Аманқұлов пен В.Ким, тағы басқа да спортшылар шықты. Олар бұл жолы шығыс жекпе-жегінің сахналандырылған нұсқасын орындады. Міне, осындай спорттық шоу-программа кешi барысында жиналған жұртшылық талантты жас әншiлерiмiз Жанар Айжанова мен Нұрлан Өнербаевтың Мұстафаға арнап айтқан әндерiн тамашалап отырды.

Енді бірде сөзді Мұстафаның өзі алды. Манағыдай даусында бұл жолы діріл жоқ. Өрекпіген көңiл, лүпілдеген жүрегі басылған сияқты. Әрине, бұл ретте оның жанын да әбден-ақ сезiнуге болады. Сырттай ата-ана, бауыр-туыстарынан Қазақстан туралы, өзінің ата-бабасының кiндiк кескен жерi жайлы есіткені болмаса, табан тіреп, қуанышпен қауышып отырғаны биыл ғана емес пе? Мiне, Алматыда жүргеніне де бiр жетіге жақындап қалыпты. Осы уакыт аралығында қаншама бауырларымен, отандастарымен әңгiмелесті, пікірлестi, жүздесті?! Бiрақ, әңгiме таусылар емес. Сағынып келiп, сағына қауышқан Отан-ана, мұны бауырына қысып, қимасындай аймалайтын сияқты. Мiне, қазiр де ине шаншар орын жоқ цирк сахнасында тұрып Мұстафа осыны тағы да ойлап, жүзi жанып, жанарынан нұр шашты.

- Құрметтi бауырларым, қимастарым, өздерiңiзбен, жерiммен, елiммен дидарласқалы берi мен өзiмдi өмiрге қайта келгендей сезiнiп жүрмiн. Бұл менiң атамекенге деген мәңгiлiк таусылмас махаббатымнан туындаса керек-ті. Әрине, осынау қайталанбас сәттерімнің, қуанышқа толы күндерімнің мен үшін үлкен тарихи маңызы бар екенiн де iштей сезiнемiн. Бұл күндерi мен көптеген адамдармен кездестім. Және алтынға айырбастамас сол кездесулердiң есiмде, көз алдымда мәңгiлiк қалатыны да шындық. Өйткені, әрбiр адаммен кездесуім мен үшiн әртүрлi ерекшелiктерiмен қымбат. Десе де, осы күнге дейiн тек сырттай ғана бiлетiн Дінмұхаммед Қонаев атамызбен, қазiргi ел ағасы болып отырған республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сияқты ағамызбен кездесуім, әңгiмелесуім маған ерекше әсер етті. Мен ол кiсiлердiң парасатқа толы әңгiмелерiн, Батыс елдеріндегі отандастарына, бауырларына деген ыстық ықыластары мен сағынышты сәлемдерiн жеткiзiп барамын. Түркия қазақтары, жалпы Батыста тұратын қазақтар бұл ағаларымыздың халық үшiн сiңiрiп жатқан еңбектерiн, төккен терлерiн жақсы бiледi. Ал, ендi мен ел азаматы, халық қамқоршысы атанып жүрген осындай ағаларымызбен кездескенімді айтқанымда, жалпы Қазақстанға келуiм туралы сөз қозғағанымда Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы Заманбек Нұрқаділов пен оның орынбасары Серік Әбдрахманов сияқты ағаларыма да тоқталмай кете алмаймын. Себебі, ол кiсiлер менiң ниет еткен адамдарыма жүздесуіме көп көмегін тигізді. Әрине, бұл орайда мен өзімнің басқа да қазақстандық достарыма, таныс-бауырларыма сiздермен осылайша кездесуіме жағдай жасағандары үшiн үлкен алғыс айтамын. Мен өзiм Қазақстанға келген бұл тұңғыш сапарымды жол басы дегiм келедi. Аманшылық болса, тiршiлiк жазса мүмкiн болған жағдайда мен бұдан былай еліме, жерiме жиi-жиi келуге тырысамын.

- Лайым соған жазсын, ниетiңе жет, бауырым,-деп айқайласты жиналғандар. Біз де шын ниетiмiзбен соны тiледiк.

Мұстафа әңгiмесiне көпшiлiк қауым ыждаһатпен құлақ түрдi. Жас та болса өмiрден көрген-білген мол шетелдiк бауырымыз тек өзiнiң қарақан басы жайлы айта берместен, бір сәт әңгімесін бүгінгі әлемдiк проблемаға, жастардың қазiргi бет-бейнесіне, жалпы адамзат баласы басындағы жағдаяттарға аударды. Көзі ашық, көңілі ояу Мұстафаның cөзi осы сәт кiмдi болмасын ойландырмай қойған жоқ.

Әңгiме сәл-пәл саябыр тапқанда ортаға Қазақстан таэквондо федерациясының президенті, республика, қала берді Одақ спорт жанкүйерлерiне танымал каратэші, талантты суретші, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Бексейіт Түлкиев бастаған жас каратэшілер шықты. Олар жиналған қауымға, Мұстафа сынды тылсым күрес өнерiнiң жампозына, майталман маманына өз өнерлерін көрсеттi. Олардың тиiстi программалары бiткен соң Мұстафа қалың қауым алдында Бексейіт бастаған жас каратэшілерге «қара белбеу» тағып, өз мектебiнiң арнайы дипломын табыс етті. Жиналған жұрт диплом алған спортшыларды шын жүректен құттықтап, сартылдата шапалақ ұрып жатты. Біз осы сәт-аты әлемге әйгiлi таэквондошы Мұстафа Өзтүріктің өз қолынан диплом алған жiгiттердiң қуаныштарына сырттай куә болып отырдық. Бұл күннiң ол жiгiттер үшін өте қуанышты, бақытты екенiне де, өмiрлiк есте қалатын бiрден-бiр оқиға болатынына да шүбә келтірмедік.

Ендiгi кезек Мұстафаның өзіне тиген екен, әлгiнде бiр қарағанда байсалдылау көрiнген бауырымыз күрес кiлемiне табаны тиiсiмен атырынып шыға келдi. Бiрде жолбарысша атылса, ендi бiрде қуатты қол аяғымен ауаны тілгiлейдi кеп! «Адам мүмкіндігі дегенiңiз керемет екен ғой» деп ойладық іштей. Не деген қимыл, не деген күш бұл! Көз iлеспес жылдамдық ойыңды сүрiндiредi. Бiр әдiстi көңiлiңде қорытып болғанша екінші, үшінші әдістер туындап жатты. Сұлу қимылдар көздiң жауын алады-ау, шіркін! Мұстафа таэквондо әдiстерiн емес, бейнебір спорт биін билеп жүрген сияқты. Жұртшылық болса демдерiн iштерiне тартқан бойы «биші» жiгiттен көз жазар емес. Осы бір тылсым тыныштықты, «биші» жігітке берген ой-санаңды титтей бұзсаң болғаны - әлгiндегi барлық қызықтан, тәтті сезiмнен бiржолата ажырап қалатындайсың. Шымыр дене, шалт қимыл әбден-ақ үйлесім тауыпты. Бұл кез бiздiң көз алдымызға табаны қызған тұлпар елестейдi. «Жiгiт-ақ екен» деймiз дауыстап, жан-жағымызға қарап. Сөзімізді іліп әкетіп жатқандарда сан жоқ. Басын шайқап, таңдай қаққандар да жетерлік. Ендi бiрде Мұстафа тiзгiнiн тарта саябырсыды. Халық та орындықтарынан көтерiлуге шақ қалған екен, ептеп жайғаса бастады. Осы кезде Мұстафа ортаға екi қызды шақырып, қолдарына ортасынан тесілген екi парақ ұстатты да, сол тесiктерге шамамен құрылысшылардың сызғыштарындай таяқшаны iлдi. Екi қыз екi жақтан тек қағаздардан қана ұстап тұрды. Бiздiң байқауымызша, Мұстафа әлгі таяқшаны ұрып сындырмақ. Бірақ қағаз жыртылмау керек. Ал ол үшiн қаншама күш, қаншама жылдамдық, қаншама дәлдiк керек. Сәл ғана қателессек болғаны, қағаз парақшаларға ілінген ортадағы таяқша сынбастан, қыздар ұстап тұрған қағаздардың жыртылып кетуі даусыз-ақ. Қарап та үлгермедік, Мұстафа көз ілеспес жылдамдықпен әлгi таяқшаны ортасынан ұрып, сындырып түсірді. Ал, қағаз сол қалпы қалды. Таңырқаған жұртқа бұл көрініс алғашқыда бiр түрлi көзбояушылық сияқты көрiндi. Бiрақ ол шын мәнiнде спортшының асқан шеберлiгiнiң жемiсi едi...

Бұл күнгi кездесу кеші, өнер кеші ұзаққа созылды. Жиналған жұртшылық соншалықты риза көңілмен Мұстафаны ортаға қайта-қайта шақырады. Тiптi, түннiң бiр уағына дейiн отыра бермек. Бірақ, оған уақыт, жағдай көтере бере ме? Мұстафа тап осы жерде ертең де, бүрсүгүні де өнер көрсетпек. Одан кейiнгi күндерi Алматы мақта-мата комбинатындағы отандастармен жүздеспек. Сондықтан да, Мұстафа атқарар iстер көп алда. Олай болса оны да түсiнуiмiз керек қой... Кеш аяқталар тұста Мұстафа екi қолын бiрдей көтерiп:

-Сүйдiм барлықтарыңызды,-дедi бар даусымен. Цирк iшi шапалақтан құлақ тұндырады. Осы сәт: - Ризамыз саған, Мұстафа біз де сенi сүйемiз!-десiп айқайласты жұртшылық қимай қоштасып жатып...

 

Атамекенге екінші сапар

Мұстафа Өзтүрiк бiрiншi келген сапарындағы әрбiр кездесуінде:

-Аманшылық болса енді үш айдан кейiн келемiн. Онда өзiммен бiрге Германиядағы шәкiрттерiмдi де ала келсем бе деймін. Өйткені, Қазақстанның бiрнеше жерiнен таэквондо мектебін ашсам ба деген арманым бар. Оның қалай жүзеге асатындығы менен бұрын өздеріңізге де көбiрек байланысты. Сіздерде Бексейіт Түлкиев, Асқар Әбдірахманов, Қайрат Молдажанов сияқты мықты спортшылар бар. Осылар тұрғанда қазақ топырағында таэквондо спортының дамымауы мүмкiн емес. Егер өзім ойлағандай болып жатса кейiнiрек мен Германияға бірнеше маман спортшыларды шақыртамын. Олар сонда менiң арнайы мектебімнен өтiп, осындағы алдағы уақытта ашылар таэквондо мектебiнде болашақ чемпиондарды баулитын болады,-деп жиi-жиi қайталаған еді. Ер-азамат сөзiнде тұрды. Қыркүйектің 20-шы жұлдызынан ары қарай астана көшелерінде «Октябрьдің елу жылдығы» атындагы спорт сарайында 30-шы қыркүйек пен 2-шi қазан аралығында аты әлемге әйгiлi мюнхеньдік қазақ жiгiтi, таэквондодан 6-шы дан иегері Мұстафа Өзтүрiк өз шәкірттерімен өнер көрсетеді» деген жарнама-құлақтандырулар пайда болды. Шынымызды айтсақ, шетелдiк бауырымыздың келетiнiне қаланың халық көп тоғысатын жерлерiне iлiнген жарнама-құлақтандырулардан кейiн көзiмiз жетiп, уәдесiнен шыққан отандасымызға риза болысқанбыз. Осы хабардан соң оның қай күнi, қандай рейстегi самолетпен келетiнiн де бiлiп, сол уақытта Алматы аэропортына тартқанбыз. Бұл 1990 жылғы қыркүйектің 27-шi жұлдызы едi.

Аэропорт қашанда ығы-жығы. Бiреу келіп, біреу кетіп жатады. Бұлардың сыртында жолаушыларды шығарып сап, күтiп алушылар қаншама! Мұстафалар келетiн күнi де дәл осылай екен. Қалың адам. Кiмнiң кетейін деп, кiмнiң шығарып сап немесе күтiп алып тұрғанын айыру қиын. Солардың бiрi болып бiз де Мұстафалар келетiн самолеттi күткенбiз. Сөйтсек, оны күтушiлер көп екен. Олардың арасынан өзімізге жете таныс республикалық газет-журналдардың «сен тұр, мен атайын» деген жалаңдаған журналистердi, фототілшiлердi, спорт жанкүйерлеріне тек жеңiс пен бақыт сыйлап жүрген айтулы спортшыларды, кино мамандарын, тағы басқа да өнер адамдарын, жастарды көрiп қалдық. Алып «құс» жүздеген армандарды аэропорт алаңына түсiргенде күтушiлер жапа-тармағай есiкке ұмтылған. Ал ендi кiмнiң кiмдi күтіп алатынын айырып көр! Сонадайдан Мұстафаны таныдық, жүзi бал-бұл жанған оның жанарларында нұр ойнайды. Дәп осы сәт отандасымыздың қуаныштан жүрегiнiң лүпiлдеп, жарылардай болып тұрғаны даусыз. Ал қасындағы шәкiрттерiнiң барлығын емес, тіпті бiрiн де тани алмадық. Өйткені, бұрын-соңды көрмеген адамыңды тану мүмкiн емес қой. Бірақ оның жанына жақындап, сөйлесіп келе жатқандарды дәу де болса шәкiрттерi шығар деп түйдік....

Мұстафаны шәкiрттерiмен сол күні көп адам күтіп алған. Бұл оған деген құрмет екені даусыз. Өйтпегенде ше! Халқымыздың атын, абыройын өзiнiң жүрген жерiнде, елiнде аспандатып айдай әлемге паш еткен мұндай перзентiн кiм сыйламасын?! Бәрі де түсінікті. Және ол бұл жолы өз атамекенiн, қандастарын тек көрiп қайту емес, қазақ топырағында шығыстың қаһарлы жекпе-жегі-таэквондо спортының қанат жаюына қамқоршы, тілеулес адам ретінде, өзiнiң мектебін ашуға келе жатқан азамат! Мiне, оның Қазақстанға екiншi рет сапарының мақсаты да осы. «Ниетiңе жетші, бауырым!» деймiз бiз де шет елде, жырақта жүріп-ақ өз халқының қамын, жастарының болашағын ойлап, жанашыр болып жүрген отандасымызға шын риза көңілмен.

Мұстафаның ата қонысқа екiншi сапарындағы алғашкы спорттық шоу программасы қыркүйектің 30-шы жұлдызында (1990 ж.) Алматыдағы «Октябрьдің 50 жылдығы» (қазіргі Балуан Шолақ атындағы) атындағы спорт сарайында өтпек. Сондықтан бұл күндi астана жұртшылығымен қоса біз де асыға күткенбіз. Осы күндерi көршi облыста тұратын бір танысымыз Мұстафаның Алматыға өз шәкiрттерiмен келгенi, ендi оның Қазақстанның бiрнеше қаласынан таэквондо мектебін ашатынын және осы жолы тек Алматыда ғана емес, басқа бір-екі облыста болып, шәкiрттерiмен өнер көрсететiнiн республикалық баспасөзден оқып, «билет алып қоярсыңдар, біз 30-ы күні жетеміз» деп, әрі бұйрық, әр өтiніш айтқан және дәп осындай өтініш айтушылар Алматыдан да табылған. Өйткені алдын-ала сатыла бастаған билеттер ә дегенде-ақ өтiп кетiп, қала жұртшылығының көбінің санын соқтырған. Сонымен, Мұстафаның шоу-программасының басталуына бірнеше күн бар екендiгiне қарамастан билет iздеушiлер саны күн сайын молая түскен еді. Солардың бiрiнiң «шоу-программаны неге бiр-екi апта бойы жүргізбеске, немесе күнiне екi рет өткiзбеске» деп қынжыла айтып тұрғанын өз құлағымызбен естігенбіз. Ол бауырымыз Мұстафаның одан басқа да қыруар жұмыстарының, кездесулерінің бар екенiн қайдан бiлсiн. Әйтеуiр, оның ойы – арман болған Мұстафаны бiр көрiп қалу ғой, түсінікті әрине. Бұл ешнәрсе емес екен. Билет iздегеннің көкесін «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» дегендей 30-шы қыркүйек күнi «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы спорт сарайы алдында, шоу-программаның басталуына бір сағат бұрын қалғанда көрдік-ау. Билет іздеушiлер бiр қадам бастырмайды. Тiптi, билетiңнiң шетiн көрiп қалса суырып алатын сияқты. Ығы-жығы халық. Милиционерлер де мол екен. Билеті жоқтардың бiраз бөлiгi спорт сарайының өз кызметкерлерiне арналған есiгiнiң аузын күзетуде. Кiм бiлсiн, иi жiбiген бiрi өзiмен бiрге ала кірер деп ойлайтын болуы керек. Және бұл жерде Алматыдағы каратэ спортымен шұғылданатын таңдаулы шәкiрттерiмен бiрге маман жаттықтырушылар, спортшылар да тұр екен. Олар өздерінің айтуы бойынша, Мұстафа Өзтүрiк келген соң соның жанында жүрген республикалық таэквондо федерациясының қызметкерлерiне өтініш жасамақшы. Несi бар, ол да дұрыс-ақ. Мынау жас спортшылар әйгілі қазақ жiгiтiнiң, оның сонау Германиядан ертiп келген шәкiрттерiнiң өнерiн көрсiн, тамашаласын, үйренсін. Бұлардың арасынан болашақ чемпиондар шықпасына кім кепіл. Өзiмiздiң атақты спортшы бауырларымыз кезiнде әлемнiң спорт жанкүйерлерiн аузына қаратқан Әбілсейіт, Әбдісалан, Жақсылық, Серік, тағы басқалар әуелгі жолын мынау бүгiнгi Мұстафа және оның шәкірттерінің өнерін көргелі келген сарыауыз жас спортшылар сияқты кішігірім жаттығу залдарынан, мектептерден бастаған. Сондықтан қазіргі Мұстафа бауырымыздың қатысуымен өткелі отырған спорттық шоу-программа көрермендердi тек адам мүмкіндігінің соншалықты мықты екендiгiн дәлелдеп қана қоймастан, сонымен қатар болашак жас ұрпақтың спортпен айналысуына баршамыздың көңiл бөлуiмiзге насихаттайды. Әрине, спортпен айналысқан жанның денсаулығы, оқуға, жұмысқа қабілеті артады. Бірақ осыны бәрiмiз бiрдей ұғына береміз бе? Жоқ. Ол өз алдына бөлек әңгіме.

Бүгінгі әйгілі қазақ Мұстафаның басқарумен өтпек спорттық шоу- программаға ересектермен қатар балалар да мол жиналыпты. Оның себебі де өзінен-өзi түсiнiктi. Және бұл балалардың көбi, бiздiң байқауымызша спорт мектептерінде каратэ, самбо, дзюдо, қазақша күрес, у-шу, тағы да басқа спорт түрлерiмен жаттығып жүргендерге ұқсайды. Оны біз әлгінде сыртта тұрғанда бірнеше баланың әңгімесінен ұққанбыз. Мiне, сондықтан бұл балалардың атақты Мұстафаның, оның шәкірттерінің өнерін тамашалауға,үйренуге келуi заңды. Оның үстiне балалардың құлағына Мұстафа ағаларының атақ-даңқы жалпақ әлемді жайлап алған Брюс Лимен бiр мектепте жаттыққаны жайлы әңгіме де жетiп үлгерген. Ал Брюс Лидi бiлмейтiн бала бар ма бүгiнде?

Осы орайда ойымызға бiр әңгiме оралады. Бiрде жақсы танысымыздың үйiнде болғанымыз бар еді. Әңгімеден әңгiме шығып, сөз төркіні Мұстафа, Брюс Ли туралы өрбіген. Сонда танысымыздың каратэ мектебіне барып жүрген он жасар баласы бiздiң алдымызға Брюс Лидің жиырма шақты суретін жайып салған.

-Бiр жыл бойы «балмұздақ алып жегiн» деп берген тиындарды бiзге көрсетпестен жинап, осы суреттерді сатып алыпты,-деген әкесі мен шешесі. Баланың бұл iсiне iштей қатты риза болдық сонда.

-Мұстафа ағайдың да суретiн жинар едiм. Бiрақ таба алмай жүрмiн. Ол кiсi Брюс Лимен бiрге жаттыққан дейді ғой. Сол рас па? Мұстафа ағамыз Алматыға келгенде ол кiсiнiң өнерін тамашалауға мен де барамын. Сол күндерi бұл ағамызды бiр кiсiлер суретке түcipce, маған соның бірнешеуін алып беруге көмектесiңiзшi,-деген біз кетуге ыңғайланып жатқанда танысымыздың ұлы.

- Мұстафаның Брюс Лимен бiр мектепте жаттыққанын, оны әбден жақсы бiлетiнiн, онымен бiрге жүргенiн Мұстафа ағаңның өз аузынан есіттік. Ал оның суретi керек болса, мүмкiндiгiнше бірнешеуін саған әкеліп берерміз, айналайын,- дегенбiз сонда жас спортшыға уәде берiп...

Октябрьдің елу жылдығы атындағы спорт сарайы кездесу басталарға 10-15 минут қалғанда жиналған қауымға лық толды. Ине шаншар жер жоқ. Бірақ соған қарамастан ішке енiп жатқандар көп-ақ. Сарай ішін Түркештің атақты «Көңілашар» күйі баурап алған. Маңдайшада «Шетелден келген бауырларымыз бен қадірлі қонақтарымызға жалынды сәлем!» деген жазу сонадайдан кез тартады. Жиналған қауым кездесу басталған сәтті тағатсыздана күтуде. Ортадағы алаңға молынан күрес кілемдері төселініпті. Микрофон да сонда қойылған. Кинооператорлар, телерадио журналистер, фотожурналистер, спорт журналистерi де осында. Олардың бiразы құрал-саймандарын даярлап, түсіруге ыңғайлы орын iздеп, бәйек болуда. Араларынан өзiмiзге таныс журналистерді, фототілшілерді көрiп, өткенде танысымыздың ұлымен болған әнгіме есiмiзге түседі. Және сол болашақ каратэші балаға берген уәдемiздiң орындалып қалуының мүмкін екенiн де iштей сезінгендей боламыз. Өйткені осылардың iшiнде жүрген иығына асынған қос фотоаппараты бар фотожурналист Нұрғожа аға Жұбановпен азын-аулық жақындығымыз, сыйластығымыз бұрыннан-ақ бар болатын. Күні ертең-ақ сол кiсiден Мұстафаның бiрнеше суретін алып, балмұздақ орнына спортшылардың бейнесін жинап жүрген балаға тарту етерміз деп түйдік ойымызды.

Ақырында халық тағатсыздана күткен уақыт та жетті-ау. Ортаға өзiмiзге бұрыннан-ақ таныс, талантты актер, әнші Досхан Жолжақсынов шықты. Осы сәтті күтіп отырған қауым сатырлата шапалақ ұрды. Сарай iшi бiр сәт толқып тұрды.

-Құрметті халайық!-деп бастады сөзiн Досхан. -Өздерiңiзге белгілі мюнхеньдiк отандасымыз, аты әлемге әйгілі Мұстафа Өзтүрiк бауырымыздың бұл атамекенге екiншi сапары. Мұстафа бұдан үш ай бұрынғы сапарында да бiрнеше күн бойы қазақ циркiнде, басқа да мекемелерде, кәсiпорындарда, қысқасы мүмкiн болған жерлердiң бәрінде де қазақ бауырларымен кездесуге, әңгiмелесуге тырысты. Бiрақ кең байтақ республика жұртшылығымен кездесуді былай қойғанның өзінде  Алматыдағы ағайындармен толықтай жүздесе алған жоқ. Оған ешкандай мүмкiншiлiгi болмады. Ал бұл жолғы сапарында ол бiрнеше күн тек осында ғана болып қоймайды, сондай-ақ Жамбыл, Шымкент облыстарына да барып қайтпақ. Әрине, Мұстафаның өмiрбаяны өзiндiк ерекшелiктерiмен қызықты-ақ. Ол жайында Мұстафаның алғашқы сапары кезiнде республикалық газет-журналдар үлкенді-кішілі мақалалар жазды. Радио, теледидарда да бірнеше хабар ұйымдастырылды. Дегенмен, Мұстафаның бүгiнде шетелдiк атанып, ата қонысына сағынып-сарғайып сапар шегiп жүргенi халқымыздың басына қайғы бұлты төнiп, атамекеннен лажсыз кетуге мәжбүр еткен сонау бір аласапыран жылдардың тауқыметi екенiн баршамыздың дұрыс түсiнгенiмiз абзал-ақ. Осы орайда мына бiр мәселеге де тоқталып өткім келеді. Бұдан бiрнеше жыл бұрын шетелдiк қандастарымыз, отандастарымыз келгенде осылайша дүркірете қарсы алу былай тұрсын, есітпей де қалатынбыз. Ал қазіргі елімізде жүрiп жатқан қайта құру мен демократия біздің шетелдік бауырластармен араласуымызға жол ашып берiп отыр. Оған да шүкіршілік. Бұл ретте шетелдердегi қазақтармен мәдени байланыс жасайтын республикалық «Қазақстан» қоғамының жақсы жұмысын айта кету керек сияқты. Соңғы бiрнеше жыл көлемінде қоғамның арнайы шақыруымен ежелгі қазақ жеріне, ата-бабаларының мекенiне келіп қайтушы қазақ туғандар саны едәуiр артты. Осының нәтижесiнде өзара түсiнiстiк, сыйластық, туыстық сезiмдерi де аса бір ыстық бауырмалдықпен кең арна тарта бастады...

...Иә, Досхан әңгiмесiнiң жаны бар. Соңғы кездері шетелдермен байланыс бұрынғыдан едәуір жақсарды. Мұның өзі елін, Отанын, атамекенін бір көруді армандаған, аңсаған бауырларымыздың айын – оңынан, жұлдызын солынан туғызды. Осы орайда ойымызға тамыз айында Алматыда Германияның Мюнхен қаласынан семьясымен келген Қаби Сүмер деген қазақ бауырымыздың әңгiмесi оралады.

- Арғы ата-бабамыздың өсiп-өнген жерi қазiргi Қарағанды облысы екен,-деп бастаған Қабекең әңгімесін. - Шамамен бұдан екi жарым ғасырдай бұрын Алтай жаққа өтiппiз. Ал 1935 жылдар шамасында Совет Одағы, Қытай, Монғолия сияқты үш мемлекеттің шекарасында бөлiнген осы таулы өңірде кезектi бiр қақтығыстан кейiн ата-бабаларымыз жылжып кешiп, 1938 жылы Тибетке табан тipeп, одан Гималай арқылы Үндiстанға қоныстаныпты. Ол кезде мен небәрі екі жаста екенмiн. Кейінірек, ес білгенде естуім бойынша сонда Үндістанға үш мыңдай түтiн барған деседi. Бiрақ, өкінішке орай, оның тең жартысы алғашкы жылдары-ақ қырылып қалған. Оған себеп-салқын жақтан барғандардың бiрден ыстық климатқа үйрене алмауы, екiншiден, мұнда улы бақа-шаяндардың мол болуы, үшiншiден, аяқ асты оба ауруына шалдығуы. Міне, осының бәрі онсыз да көшiп-қонып, азап шегіп келе жатқан қазақтарға өте ауыр соққан. Бұл кезде Үндістан Англияның отарлауында едi. Ағылшындар ауып барған қазақтарға алғашқы 5-6 ай шамасында тегін тамақ беріпті. Жасыратын не бар, одан кейiн де қазақтар өз күндерiн өздері көрiп кете алмаған. Соның салдарынан кейбiрi көше кезіп, қайыр сұрауға дейiн барған. Ақырында тiрi қалғандары 1947 жылы мұсылман eлi ғой деп Пәкістанға көшiптi. Бiрақ мұнда да көп тұра алмаппыз. Осы тұста ақсақалдар алдында екi тандау болыпты. Бiрi-мұхиттың арғы бетiндегi-Америка да, екiншiсi-Түркия едi. Содан арада біраз келiсiмдер болып, ақырында Түркияға сапар шегiппiз. Бұл 1953 жылдар екен. Обалы қайсы, түрiк ағайындар бiздi құшақ жая қарсы алып, бiр жылдай қонақүйде тұрғызып, «қай жерден жер аласындар, ерік өздеріңде» дедi. Осылайша әрқайсымыз әр жаққа бөлiндiк. Десе де алғашқы жылдар жерсiнiп, етiмiз үйренгенше қиындау болды. Әсiресе, әке-шешем Пәкістанда қаза болған маған ауырлау тиді. Бірақ соншама жылғы ауырлық, азапты сапар менi шыңдады. Жастығыма қарамастан, Европа елдерiнiң бiразында болып, бiлiм iздедiм, тiл үйрендім, өмiр көрдiм. Ақырында 1964 жылы Мюнхенде тұрақтап қалдым. Міне, содан бергі өмiрiм Германия жерінде өтуде. Механика саласын меңгергем. 1970 жылы семья құрдым. Мынау қасыма ертіп жүрген жұбайым Нұрнисаның әке- шешесі Түркияда тұрады. Ақмарал, Аман атты ұл-қыздарымыз бар. Ақмарал 15 жаста. Қазірдің өзінде бес тiлде-қазақша, түрікше, немісше, ағылшынша, французша таза сөйлейді. Ал екінші класта оқитын ұлым Аман қазақ, түрiк, немiс тiлдерiн жетік меңгерген. Қазір басқа тiлдердi үйрену үстінде. Мен де, зайыбым Нұрниса да бiрнеше тілде сөйлей береміз. Тіл білгеннің артықтығы жоқ. Қайта қай жерде де пайдасын көрiп жүрміз.

-Қаби аға, сiзден бұрын да біз Европадан келген бірнеше қазақпен кездескен едік. Сонда бір риза болатынымыз шет мемлекеттерде жүргендігіне қарамастан олардың өз ана тiлiн жетiк бiлуi. Осының сыр не?-дегенбiз көкейдегi сұрағымызды жасырмастан.

-Мұнда ешқандай құпия жоқ. Бiздi жастайымыздан ата-анамыз, үлкен кісілер ана тілін бiлуiмiзге үйретеді. Және бұл дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді. Міне, бар сыры осы. Ал ендi түрiкше, немісше тағы басқа тілдерде сөйлессек-ол өзiмiз араласатын, өзiмiз еңбек етiп, өмiр сүріп жүрген ортамыздағы сол халыққа, ұлтқа деген құрметiмiз. Бiздiң ана тілімізді, ата-баба дастүрiн, әдет-ғұрып, ән-жырын бiлуiмiзге жастарымызға соны үйретуiмiзге Мюнхен, Кельн, Париж, Түркиядағы құрылған қазақ қоғамдарының үлесі де зор. Алғашында бiр-бiрiм жәрдем көрсету мақсатымен құрылған бұл ұйымдардың қазiргi атқарып жатқан iстерi өте ауқымды. Жаңағы айтқаным солардың бір саласы ғана. Енді біздің алдымызда тағы да бiр iс күтiп тұр-ол Германияда қазақ орталығын ашу. Сол үшін Қазақстаннан киіз үй, түрлі жабдықтар апарсақ тиісті ұйымдармен келісім жасасақ деймін. Жалпы менің ойым-ел ме елдi жақындастыра отырып, өзара қатынаста болсақ деймiн. Оған қазіргі кезде мүмкіншіліктер бар. Бұрынғыдай емес, бүгінде өз атамекенімізге келiп-кету бiзге де оңайырақ болып тұр...

Мюнхендiк Қаби ағамыз өз әңгiмесiнде осылай деген. Ойымызды Досханның:

- Қазiр сiздер Шөмішбай Сариевтің сөзiне жазылған Төлеген Мұхамеджановтың «Сағыныш» әнін тыңдайсыздар. Бұл ән Мұстафа үшін арнайы жазылған,-деген сөзi бөлiп жiбердi. Әуезді ән әп-сәтте-ақ сарай iшiн баурап алған. Досханды бүгiнгi жиналған қауым, жалпы республика жұртшылығы бұрыннан-ақ талантты актер ретiнде де, әнші ретінде де жақсы таниды. Мынау жаңа әндi де ол нақышына келтіре орындап шықты. Сатырлаған шапалақ сарайды жарып жіберердей. Және мұндай шапалақтар спорттық шоу-программасына арнайы енгiзген номерлерді орындаған республика өнер сүйер қауымының сүйіктілеріне айналған Тұңғышбай Жаманқұлов пен Құдайберген Сұлтанбаев сынды санлақтар ортаға шыққанда да бірнеше рет қайталанды. Жұртшылық бұларға дән риза. Бiрақ Мұстафаның өз шәкірттерімен ортаға шығуына асығулы. Ендiгi кезек Мұстафаларда шығар деп отырғанбыз. Сөйтсек қателескен екенбiз. Ортаға астанамыздағы «Мақпал» сән үлгілер бiрлестiгiнiң қыз-жігіттері шығып келеді. Кигендері әртүрлі үлгідегі киімдер. Осыларды көрсету арқылы жиналған жұртшылықтың қай үлгідегі тiгiлген киiмге көңiлi толғанын анықтап алмақшы. Онысы да дұрыс-ау.Әйтпесе қалай болса солай тiгiлген, көпшiлiк көңiлiнен шықпаған қаншама киiм-кешек дүкен сөрелерiнде шаң басып жатыр. Матаның соры ғой ол.

Осы сәт ойымызды бiр көрерменнің:

-Мынау сәншiлдер қайдан шығып кеттi өзi!? Бұларға басқа уақыт жетпей ме?-деген ренішті сөзі бөлді. Оның сөзiн қарсы беттегі даусы жуан жiгiт те қағып алып, гүр ете қалды. Бiрақ iстейтiн амалы қайсы, «Макпалдың» кыздары мен жiгiттерiнiң барлық киiмдерiн көрiп шыққанша отырдық-ау шыдап, әйтеуір. Ендi бiрде Досхан:

 -Мұстафа шығады ортаға! Қасында он екi шәкiртi бар,-дедi саңқ етiп. Сол-ақ екен, сарай iшi гулеп жүре берді.

-Мұстафа! Мұстафа! Мұстафа!

-Ассалаумағалейкүм, бауырларым менің! Қуанғаннан жүрегiм жарылардай болып тұрмын. Жаратқан маған бiр жан берген, егер қазiр менің жаным сiздерге керек болса, беруге әзірмін!..

Мұстафа даусынан бiртүрлi дiрiлдi сезгендей боламыз. Оның әрине қуаныш дiрiлi екені даусыз. Жүрегі лүпілдеп тұр-ау, бауырымыздың. Қайтсін енді, шетелде жүру оңай ма! Сағынады-ау жұртын, аңсайды-ау елін!

Мұстафа сөзін ары қарай жалғастырды.

-Атамекенім, өздерiңiзге келіп-кеткеніме үш айдай-ақ уақыт болды. Бiрақ осы үш ай маған үш жылдан да көп көрiндi. Мен ауырып қалдым.

Залда осы сәт қозғалыс пайда болды.

-Неге ауырдың, сен ауырма, Мұстафа!

-Не дейді, ауырғаны қалай?

-Ойпырым-ай!

Мұстафа сөзін жалғады.

-Сiздерге ғашық болып, сiздерге асық болып, сiздердi ойлап ауырдым...

-Е, бәсе...

Отырғандар күлiсiп алған. Осы арада Мұстафа өзiмен бiрге iлесiп келген он екi шәкiртiн таныстырды. Бұлардың барлығы да Германияда Мұстафа мектебiнде жаттығып жүргендер болып шықты. Арасында дүние жүзiнiң екi дүркін чемпионы атанған, таэквондодан 4-дан иегерi түрiк жігіт, сондай-ақ екiншi, үшiншi дан иегерлері Бабыр, Ибрагим сияқты талантты қазақ жiгiттерi де бар екен. «Жалпы бұлардың бәрi де тылсым табиғатты таэквондо өнерiн шебер меңгерген спортшы жастар»,-деді шәкiрттерiн таныстырып болған соң Мұстафа. Бұдан кейiн бауырымыз ортаға және екi жiгiттi шақырды. «Бұлар кім екен»?- деп отырдық іштей. «Спортшылар ма»?- десек, асынған фотоаппараттары бар. Манадан бері осында өтiп жатқан кездесудi суретке түсiрiп жүрген дер еді.

-Бұлар менiң өзiммен бiрге Германиядан iлесiп келген журналист достарым. Жалпы Европада Қазақстан туралы аса көп біле бермейді. Аманшылық болса, осы екi журналист досым осы сапардан оралған соң Батыс елдері басылымдарына Қазақстан жайлы, қазақтар жайлы жазатын болады. Бұл мен үшiн бақыт қой. Бiлсiн батыстықтар қазақтардың кім екенiн!

Жиналған қауым тағы да сатырлата шапалақ ұрған.

- Дұрыс, дұрыс, айналайын! Бiздiң халқымыздың кiм екенiн басқа да бiлсiн! Рахмет, Мұстафа!

-Бұл сапарымызда бiз Қазақстанның бiрнеше қаласынан, аудан орталықтарынан таэквондо мектебін ашпақпыз,-деген Мұстафа сөзін жалғастырып. Алдағы жылдары, менiң ойымша, қазақ топырағынан әлем чемпиондары шығуы тиіс. Менiң ендiгi арманым - осы. Мен осы мақсатта жұмыс iстейтiн боламын.

 -Ниетіңе жет, - дедiк қайта-қайта қайталап.

...Шоу-программа басталған. Жұрт жанары ортада. Көрермен бір сәтке табиғаты тым қатал, шығыстың каһарлы жекпе-жегі таэквондомен кездескен. Алғашында он екі жігіт Мұстафаның басшылығымен таэквондо әдiсiнiң бiрнешеуін көрсеткен. Одан соңғы кезек жекелей, соңы екі-екіден әдіс көрсетуге ұласқан. Осы кезде бiздiң спортшы жігіттеріміз төр жақтағы есіктен төртбұрышты тақтай тасып жатқанда «Мұны не істемек?»-деп отырғанбыз. Сөйтiп отырғанымызда ендiгi кез осы төртбұрышты қалың тақтайларға да келдi. Сөйтсек, бұларды таэквондошылар ұрып, теуіп сындырады екен. Қалың тақтайлар көз алдымызда быт-шыт болып жатты. Тіпті Мұстафаның шәкiрттерi 2,5 метр биiктiктегi әлгi тақтайларды да секiрiп теуiп, қақ бөлгенде жағасын ұстамаған жан қалмады. Адам мүмкiндiгiнiң шексiз екендiгiне сонда тағы бiр рет бас игенбiз және Мұстафа бауырымыздың осындай спорт түрiнің қазақ топырағында да өркендеуi үшiн сыртта жүрiп-ақ қамқорлық жасап, қол ұшын беруге келгенiне iштей риза болып отырғанбыз. Әлгiндегi бір сөзiнде Мұстафа отандасымыз спорттың бұл түрiнiң келешегiнiң зор екендiгiн, оның енді олимпиада программасына да енгiзiлетiнiн жиналған жұртшылыққа түсiндiрiп бердi. Бұл сөзді кеше Қазақстан Орталық Комитетінде өткен кездесуде де Мұстафа тебірене мәлімдеп еді. Сонда біздің одан ұққанымыз-таэквондоның өміршеңдігі. Мұстафаның бұл өнерді насихаттап жүргендiгi сол ғой деп түйгенбіз, ойымызды сонда.

Кейде бiз астанаға басқа жақтан келiп жатқан әйгілі адамдармен кездесе алмай, кетiп қалған соң бiр-ақ естіп жатамыз. Өйткенi, мұндай кездесулердi ұйымдастыру үшiн әйтеуiр бiреулердiң жүгiруi керек қой. Ал ондайлардың бiздiң арамызда сирек екені шындық. Сондықтан да орайы келiп тұрған жүздесулердің кейде сан соқтырып кететіні бар. Осы орайда сол кездегі Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетiне айтар алғысымыз мол-ақ. Себебі, комитеттегiлер Мұстафа алғаш Алматыға ат басын тiрегенде де астанадан шығатын газет-журналдар өкiлдерiнің басын қосып, Мұстафамен үлкен әңгiме өткiзуiмiзге жағдай жасап еді. Енді  мiне, шетелдiк бауырымыз екiншi рет келгенде де кұлағы түрік журналист ағайындардың басын қосып бердi. Кеше де жан-жақты әңгіме болды. Тiптi бұл кездесуге Мұстафаның осы күндері Қазақстанға келетінін бүгінде оқырмандардың сүйiктi газетіне айналған республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетiнен бiлiп, Норильск қаласынан Шадияр Қондыбаев деген азамат та келіпті. Қасында таэквондомен айналысатын екі орыс жiгiтi бар. Шадияр өзі Норильск қаласында таэквондо федерациясының төрағасы екен. Осы кездесуде сөз алған ресейлiк бауырымыз:

-Мұстафа, бiз өзiңе арнайы келiп отырмыз. Уақытыңның тығыз екенiн де білеміз. Бірақ мүмкін болса біздің Краснояр өлкесіне бір күнге болса да соғып кетсең деген тiлегiмiз бар. Бiз өзiңдi Краснояр өлкесiндегi федерацияға құрметті президент етiп қабылдауды және егер ұлықсат етсең Мұстафа мектебiн ашуды ұйғарып едік,-дедi. Шадияр сезiн аяқтар-аяқтамастан қасында отырған жерлесі:

-Біз көптен берi таэквондомен шұғылданамыз. Бірақ әлі күнге дейін ең болмаса бiрiншi данымыз да жоқ. Өйткенi бiздiң шеберлiгiмiздi сараптап, дәл анықтап, атақ беретiн өзiңiз сияқты таэквондо маманы жоқ бiзде. Сондықтан осы Алматыда болған күндерiңiзде қолыңыз босай қалса, бiздiң шеберлiгiмiздi анықтап, тиесiлi дәрежемізді беруіңізді өтiнемiз. Өйткенi сiздiң спортшы шеберлігіне байланысты дәреже, дан бере алатын құқыңыз бар деп есіттік.

-Ол рас,-деді Мұстафа. -Уақытым болса, мен сіздердің бұл өтiнiштерiңiздi орындауға тырысамын. Ал енді сонау қиырдан келгендерiңiзге көп-көп рақмет. Бiрақ, өкінішке орай, мен ол жаққа бара алмаймын, себебі уақытым жетіңкіремейді. Десе де, сiздерге келесі жылы соғып кетемiн деп уәде бере аламын.

Мұстафаның бұл сөзіне ресейлік спортшылар риза болған. Жалпы бұл күнгi кездесу Мұстафамен бұдан үш ай бұрынғы дәп осы залдағы кездесуден де қызықты әрі тартымды етті. Себебі бұл кездесуге Мұстафаның екi журналист досы да қатысты. Сонымен қазақстандық журналистер мен батыстық журналистер арасында мамандыққа байланысты, жалпы баспасөз төңiрегiне қатысты үлкен әңгіме болған. Біз осы кездесуде Германиядан шығатын түрiк тiлiндегi «Дүния» газетімен де алғаш жүздестік. Бұл газет кезектi бiр номерiнде Мұстафаның өткенде келгенде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен түскен суретiн жариялаған. Суреттің астында мынадай деп жазылыпты: «Түріктерге қандастарының сәлемiн әкелдi». Шетелдік әріптестерiмiздiң айтуына қарағанда, бұл газет әлемнiң бар түкпiрiне тарайды екен...

Ойымызды осы жерден бөле қойып, тағы да жанарымызды ортаға тiккенбіз. Бұл кезде Мұстафаның да, оның шәкіртерінің де әбден қызып алған сәтi екен. Бiрiнiң дәл төбесіне қойылған алманы көзiн таңып, аяғымен лып еткiзiп теуiп түсiрiп жатыр. Не деген дәлдiк бұл! Ал егер сәл қалт кетсе, адуынды күштiң бас сүйекті жарып кетпесiне кім кепіл?

Немесе ауызда тұрған темекi күлiн аяқтың ұшымен тeyiп түсiрудi қалай деуге болады? Аяғыңды сал ұзатыңқырап тепсең, жағынды опырып кетпей ме? Нағыз шеберлiк қой бұл! Әне, Мұстафа мектебінің спортшылары осындай! Аманшылық болса, мұндай мектептер бізді республикамызда да ашылып отыр. Бұл дегенiмiз-қаһарлы таэквондо қазақ жерiне де келдi деген сөз.

Мiне, өздерiңiз тамашалап отырған жiгiттердiң спорттық өнері енді бірер жылда қазақ топырағында да қанат жаятын болады. Менiң оған күмәнім жоқ. Түркияда да, Германияда да алғашқы таэквондо сіздердегі бүгінгі ашылып отырған мектептегiдей басталған. Бұл 1982 жыл болатын. Сонда Германиядағы өзiм жаттықтырған, дәріс берген қазақ, түрік балаларын Түркияға жарысқа апардым. Ол кездері Түркияда таэквондо сияқты шығыс күресіне онша мән бермейтін еді. Және бiздiң спортшыларымыз әбден меңгерген секіріп барып ауада аяқпен ұратын әдіс мұнда мүлдем жоқ та екен. Біз оларға осыны және басқа да күрдел әдістерді үйреттік. Содан кейiн барып түркиялык таэквондошылар шығыс жекпе-жегіне мән бере бастады. Тiптi бiз сол жарыста командамыздағы екі түрік жігітін түркиялық әріптестерімізге бердiк те. Оның екеуi де мықты спортшы еді. Келесі жылы соның бірі-әлем чемпионы, екіншісі күміс жүлдеге ие болды. Ал ендi бiр түрiк бойжеткенi бүткіл спорт сүйер қауымды таң қалдырып, Европа чемпионы атанды. Қазір Түркия таэквондодан әлемдегi екiншi, Европадағы бірінші орында тұр. Сондықтан да бұл спорттың сiздерде де тез дамитынында дау жоқ деп ойлаймын,-деді Мұстафа жұртшылыққа таң көрiнiп отырған спорт жайлы аз-кем өз ойын айтып.

Бұл күнгi спорттық мереке ұзаққа созылған. Жиналған қауым шетелдік бауырларына деген құрметiн сартылдата шапалақ соғумен, оған құшақ-құшақ гүл сыйлаумен бiлдiрген. Тiптi осы кездесуге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың келуi де Мұстафаға деген құрмет болса керек.

-Ризамын,-деген Мұстафа кездесу соңында. -Ендігі менің өмірім де, бақытым да, қуанышым да сiздермен бiрге! Егер менiң спорттық өмiрбаянымның сiздердiң үйлерiңiздегi немесе бүгiнгi кездесуге қатысып отырған балаларыңызға кiшкентай да болса пайдасы тиiп, спортпен шұғылданып, өз халқының абырой-атағын шығару жолында қызмет етсе, онда мен өзiмдi бақыттымын деп санаймын!

-Рақмет, айналайын, рақмет!

-Рақмет, Мұстафа! Көріскенше күн жақсы!

-Жаратқаның жар болғай, әманда!

- Ел тілеуі – ақ тілеу. Сол тілек қашанда орындалғай, - дедік біз де  Мұстафа бауырымызға шын риза көңілмен…

Сөз түйіні

…Болат қанаттары көк күмбезiнен себелеген алтын найзалы күн сәулесiне шағылысып, әп-сәтте-ақ аспан төрiне қайқан етiп көтерілген алып әуе құсы бағытын Мәскеуге туралаған. Самолет иллюминаторынан төменге көз тігіп отырған Мұстафаның осы сәт жүрегiне бiр қимастык сезім пайда болды. Көз алдына атамекенге екiншi сапарындағы қазақстандық бауырларымен, қандастарымен өткiзген кездесулерi, жүздесулер, сағынышқа толы әңгiмелерi, қимас сәттер келедi. Не бітірді, не тыңдырды, сонау Германиядан шығарда алдына қойған мақсаты орындалды ма? «Шүкіршілік, -дейді ол іштей,-бiраз жұмыстар атқарған сияқтымын».

Иә, шынында да Мұстафа атамекенге осы екiншi сапарында өзінің көкейінде жүрген біршама iстiң бетiн берi қаратты. Ең бастысы – Қазақстанның бiрнеше қаласынан, аудан орталықтарынан өз мектебін, табиғаты тылсым таэквондо мектебін аштырды. Ендi бұдан былай қазақ топырағынан да мұның жолын қуған бауырлары әлемдiк спорт сахналарында өнер көрсететін болады. «Қазақстанның барлық облыстарында болып, бауырларыммен жүздессем, әңгiмелессем деп еді, оған зымыран уақыт жете бере ме? Жамбыл, Алматы, Талдықорған облыстарында ғана тілеулес қауыммен жүздесудің сәті түсті. «Аманшылық болса, қалған кездесулер келесі, 1991 жылдың еншісінде» дейдi Мұстафаның тағы бір ойы оған басу айтқандай.

Алып құс он мың метр биіктікте тынбай зулайды. Алда ұзақ жол. Мұстафа жүрегiнiң жартысын атамекенге тастап кеткендей, сағынышты күй кешедi. Мұның әрине, елге, Отанға, қандас бауырларға деген Мұстафаның шынайы махаббаты, қимас сезiмi екенiнде дау жоқ. Бiздiң де онымен болған қызықты сәттердi көпке дейiн ұмытпайтынымыз анық, Мұстафамен өткiзген аз ғана уақытымыз iшiнде бiз оның тек әйгiлi спортшы ғана емес, сонымен қатар үлкен жүректі азамат екендiгiн де мойындадық...

1990 жыл.