Жылқы қазысына еуропалықтардың қызуғушылығы артты

Жылқы қазысына еуропалықтардың қызуғушылығы артты
Сурет: ашық дереккөз

Қазақтың киіз үйін ұнатқан еуропалықтар енді ұлттық дәм қазыға ерекше құмар. Тіпті, жылқының етін өмірі жеп көрмеген қарт құрлық тұрғындары қазір қазы десе елең ететін болған.

Шетелдіктердің және Еуропадағы қандастарымыздың сұранысын өтеп жүрген жерлесіміз Бельгияда қазы жасап, саудаға шығарады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz qazaqstan.tv-ге сілтеме жасап.

Алматылық Сағынғалидің Бельгияда тұрып жатқанына биыл бес жыл. Брюссельдегі жоғарғы технология мектебінде білім алған жерлесіміз, оқудан соң, осында жұмысқа қабылданыпты. Тоқыма өнеркәсібі саласында білікті маман. Екі жылдан бері қазы жасаудың хас шебері атанған. Жалғыз өзі қарт құрлықтағы ағайынды қазақтың ұлттық тағамымен қамтамасыз етіп отыр.

Шетелге келгенде ұлттық тағамдарды аңсап, етті, қазыны сағына бастайсың. Сосын, елден алып келетін адам іздеп, оны зарыға күтесің. Осылай, бірнеше жыл қиналып жүріп, бір күні қазыны өзім жасап көруге бел будым. Бұл жерде жылқының еті тапшы. Сол етті, ішектерді, барлық ингредиенттерін табу үшін жарты жыл уақыт кетті. Өзіме істеп көріп едім, онан соң, достарым, достарымның достары, әрі қарай, адамдар бір-бірінен естіп, қазыға тапсырыс көбейді.Сағынғали Мамай, кәсіпкер
Әшейінде жылқының етін жемейтін бельгиялықтар тарапынан қазақтың қазысына қазір сұраныс артып келеді. Осы жолы Сағынғалиға 30 қазы жасауға тапсырыс берілген екен. Бір қазыны айналдыруға 5-10 минут уақыт кетеді дейді. Біз кішкене көмектесіп жатырмыз. Бір жағынан бұл біз үшін шеберлік сабағы.

Қаланың баласы қазы айналдыруды ғаламтордан үйреніпті. Жіңішке ішекке етті тез тығу үшін пластиктен мына құралды жасап алған. Тұтынушының талғамына сай, өзбектерге әніс өсімдігін қосып, еуропалықтарға қазының майын аздау қылып айналдырады. Бәрінен де Сағынғалиға жат жердегі өз қандастарымыз риза.

Қонақ шақыратын болсақ, ет асатын болсақ, ең бірінші хабарласатын кісіміз осы Сағынғали. Бірден әкеліп береді. Өте дәмді қазысы, шыны керек. Анда-санда сағынышты басамыз деп алып тұрамыз. Барлық құрамы, дәмі Қазақстанда жасалынатын қазы сияқты.Айнұр Оңталапқызы, Бельгиядағы қазақ диаспорасының өкілі

Жекелеген адамдардан бөлек Сағынғали қазір Еуропа қазақтарының той-думандарына ірі көлемде тапсырыс алып жүр. Қазының бағасы салмағына байланысты, 15 еуромен 25 еуро аралығында. Қазақтарды қуантып, шетелдіктерге ұлттық тағамды дәріптеп жүрген Сағынғалидің ендігі көздегені-Бельгияда қазы жасайтын цех ашып, дайын өнімді жергілікті дүкендерге сатылымға шығару.